Дуалдық оқыту мақсаты – дайын жұмысшы қалыптастыру

Дуалдық оқыту мақсаты –  дайын жұмысшы қалыптастыру
30.05.2016
451
Жастар

Дуалдық оқыту мақсаты – дайын жұмысшы қалыптастыру

Елдің тұрақты экономикалық дамуына негіз болатын орта буынды кәсіби мамандар даярлау бүгінгі таңдағы өзекті мәселенің бірі. Еліміздің индустриялық-инновациялық даму міндеттері ауқымының жедел қарқынмен өсуіне байланысты техникалық және қызмет көрсету қызметінің кадрларын даярлауда сапалы ұмтылыстың қажеттілігі туындап отыр. Осыған байланысты елімізде заман талабына сай білімді, озық технологияларды жетік меңгерген, кәсіби білікті жұмысшы мамандар даярлауда техникалық және кәсіптік білім беретін оқу орындарына үлкен міндеттер мен талаптар жүктеліп отырғаны белгілі.

Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары индустриялық-инновациялық дамытудың мемлекеттік бағдарламасын іске асыруда ерекше рөл атқарады. Қазіргі таңда кәсіптік салада жан-жақты білімді, білікті, бәсекеге қабілетті маман даярлау олардың әлеуметтік, кәсіптік, өзіндік жұмыс жасай алу қабілеттерін дамытумен белгіленеді. Ол үшін дуалдық оқыту жүйесінің қолданысқа енгізілуі маңызды. Дуалдық оқыту жүйесі дегеніміз – теорияны өндіріспен ұштастырып оқыту технологиясы. Ол алғаш Германияда пайда болып, негізі қаланды. Дуалдық оқыту жүйесінің кәсіби мамандар даярлауда тиімділігі мен нәтижелілігі зор екендігі тәжірибеде дәлелденген, ол қазіргі дүниежүзілік тәжірибеде бар дүние. Оның жарқын мысалдарының бірі – Германиядағы кәсіптік-техникалық білім берудегі даярлаудың дуалдық жүйесі. Онда оқушылар уақытының үштен екі бөлігінде еңбек ете жүріп өндірістен қол үзбей оқиды, тек уақытының үшінші бөлігін теориялық оқуға, білімді ұйымдастыруға арнайды. Дуалдық оқыту жүйесінің негізгі мақсаты – техникалық-кәсіптік оқу орындарының жұмыс беруші жеке сектордағы өндіріс, шаруашылық мекемелерімен серіктестік ретінде бірлесе отырып, нарық заманында бәсекелестікке төтеп бере алатын, жаңа инновациялық-технологиялық бағдарламаларды меңгеруге дайын жұмысшы мамандар даярлау. Нақты өндіріс жағдайларына бейімделген, жұмыс орнында дағды мен білімді тікелей игеруге бағытталған, практикалық сағаттардың оқыту бағдарламасына барынша үйлесіммен біріктірілетін білікті мамандарды дайындау қазіргі кезде білім берудің дуалдық жүйесі деген атпен белгілі. Бұл жүйе отандық компанияларда да қолданысқа енгізілуде. Солардың ішінде «Ембімұнайгаз» АҚ бастамашы болып отыр. 

Гүлбану Шарафетдинова, «Ембімұнайгаз» АҚ персоналды басқару және дамыту департаментінің директоры: 
– Бүгінгі таңда еңбек нарығында жоғары білікті мамандар тапшылығы ерекше орын алуда. Қалыптасқан жағдайдың негізгі себепшісі білім беру үрдісін ұйымдастыру және жүйедегі мәселелер, яғни жас маманның бойынан табылуға тиісті тәжірибелік дағды, білім мен тәжірибені талап ететін нақты өндірістік жағдайлардан теориялық білім берудің алшақтап кетуі болып табылады. Қалыптасқан жағдайда теория мен практиканың арасындағы алшақтықты жою мәселесімен жұмыс берушіге күресуге тура келеді, себебі білікті мамандармен қамтамасыз ету – бұл жетістікке қол жеткізудің кепілі. Мұндай жағдайда жас мамандардың оқу үрдісінде алған білімдерін жүзеге асыру жоспарланатын кәсіпорын қызметінің ерекшелігін ескере отырып, қосымша оқу, тәжірибеден өту, қайта даярлау қажеттілігі туындайды. Міне, нақты осы аталған жайттарды орындау үшін, былтырғы жылдың күзіне қарай «Ембімұнайгаз» АҚ Атырау мұнай және газ институты және «АРЕС Petrotechnic» Жоғарғы техникалық мектебімен бірігіп, студенттерді дуалдық оқыту бойынша пилоттық жобаны іске қосқан болатын. Бұл – «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ тобы компанияларына мамандар даярлау талабынан туындап отыр. Пилотты жобаға 3-4 курсының 34 студенті қатысты. Оқыту және өз білімін қолдану сызбасы қарапайым: жарты айда студенттер оқу орындарында білім алып, ал келесі жарты айда студенттер вахталық әдіспен «Ембімұнайгаз» АҚ өндірістік бөлімшелерінің – «Жылыоймұнайгаз», «Жайықмұнайгаз» және «Қайнармұнайгаз» МГӨБ кеніштерінде практикалық тәжірибе алуда. Тәжірибеден бөлек студенттер табыс табу мүмкіндігіне ие болады. 60 мың теңге көлеміндегі жалақы мен жаңа оқыту әдісін ұйымдастыру жөніндегі бүкіл қалған шығындарды «Ембімұнайгаз» АҚ өз мойнына алды. Оқу аяқталған соң студенттер «ұңғыманы зерттеу жөніндегі оператор» мамандығы бойынша біліктілік емтиханын тапсыруы тиіс. Соның қорытындысы бойынша оларға біліктілік санаты берілгені туралы «Ембімұнайгаз» АҚ тарапынан еңбек кітапшасы тапсырылады. Біліктіліктің болуы алға қарай түлектерге жұмысқа орналасу кезінде көмектеседі.

Жұмабай Аманов, ұңғымаларды зерттеу операторы:
– Аталған оқыту жүйесі енгізілгеннен бері мені студент жастарға тәлімгер етіп тағайындаған болатын. Бүгінде аманатталған балалар Шығыс Молдабек кенішінде еңбек етуде. Яғни, 14 күн жұмыс жасап, қалған уақытында институттағы оқуын жалғастырады. Талаптары жаман емес. Біз мұнда ең әуелі еңбек қорғау, қауіпсіздік техникасынан бастап, мұнай өндіру саласына қатысты барлық қажетті мағлұматты беріп отырамыз. Тіпті, алғашқы медициналық жәрдем көрсетуді де үйретеміз. Сонымен қатар, өздерінің негізгі – ұңғымаларды зерттеу жұмысының қыр-сырын меңгеруіне баулудамыз. Олар әр кез 14 күнде үйренгендерінен сынақ тапсырып отырады. Студенттер 8 вахтаның бүгінде 6-ын өткерді, енді 2 вахта қалды. Содан кейін олар емтихан тапсырып, еңбек кітапшасын алады. Барлығы да жергілікті балалар. Мен өзім де Қызылқоға ауданының Мұқыр селосында туып өстім. Мұнай саласында 1996 жылдан жасап келемін, 2006 жылдан бері міне, аттай он жыл болды. Былтырғы ЕМГ бойынша «Үздік маман» сайысында 1-ші орын алсам, ҚМГ БӨ бойынша Ақтауда 2-ші орынды иелендім. Үздік мамандар қатарында Астанаға барып, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Сауат Мыңбаевтың қабылдауында болдық. Жұмысымыз жақсы. Айтпақшы, бізді неміс мамандары осы тәлімгерлікке оқытып жатыр. Соған орай, Шымкент қаласына екі мәрте барып, дәріс алып келдік. Жуырда тағы жүргелі отырмыз... 

Жомарт Жантурин, дуалдық оқыту бағдарламасының жетекшісі, Атырау мұнай-газ институтының оқытушысы:
– Дуалдық оқыту бүгінгі заман талабынан туындап отырған бағдарлама. Қазіргі уақытта қолында дипломы бар бірқатар мамандар бос жүр, оларды тәжірибесі жоқ деп жұмысқа да алмайды. Ал, дуалдық оқыту жүйесі дәл осы олқылықтың орнын толтырады. Әрине, оған студенттердің бәрі бірдей қол жеткізе алмайтыны да ақиқат. Бұған да конкурстық негізде қабылданды. Алдымен студенттің сабақ үлгерімі, сосын әлеуметтік жағдайы, яғни аз қамтылған отбасынан, т.б. болуы, олимпиада жеңімпазы атануы, денсаулығының жарамдылығы, т.т. талаптар ескеріліп барып, соның ішінен жергілікті 34 бала іріктелді. Бүгінде олардың ішінде 4 курстағы 15 бала бағдарламаны аяқтады, енді оларға мамандығы бойынша еңбек кітапшасын «Ембімұнайгаз» АҚ тапсырады. Біздіңше, ол жастарға алға қарай «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ тобы компанияларына жұмысқа орналасуына ықпалы болады деп есептейміз. Бұл ретте осы бастаманың қолдаушысы болған «Ембімұнайгаз» АҚ басшылығына көптен-көп рахмет айтамыз.

Саламат Сансызбаев, АМГИ мұнай факультетінің 3 курс студенті:
– Осы бағдарламаға іліккеніме қуаныштымын. Өндірісті өз көзімізбен көріп, қолмен ұстап дегендей бәрін үйреніп жатырмыз. Бізге ешкім жас бала деп қарап жатқан жоқ, кәдімгі жұмысшылармен бірдей талап қойылып, қатаң жауапкершілік сұралады. Ол бізді шыңдай түсті. Бүгінде ұңғымаларды зерттеу операторы нені білуі тиіс болса, соның бәрін меңгердік деп ойлаймын. Әрине, үйренеріміз алда да көп қой, дегенмен тәлімгер ағалардың айтқаны мен көрсеткенін бұлжытпай сапалы орындап келеміз. 

Жұмабек Геннадиев, АМГИ мұнай факультетінің 3 курс студенті:
– Біз Прорва тобы кен орындарында алма-кезек жұмыс жасап жатырмыз. Шыны керек, алғашқы күннен-ақ қызыға түстік. Теорияны білгенмен, іс жүзінде жасаған бөлек екен. Ең бастысы қауіпсіздік екенін түсіндік, соған күш саламыз. Өз жұмысымызды да терең меңгерудеміз. Оған қоса алғашқы жәрдем көрсету, өрт, өнеркәсіптік қауіпсіздік, басқа да өндірістегі маңызды бағыттарды үйреніп қалдық. Ал институтқа келгенде білімімізді толықтырамыз. «Ембімұнайгаз» АҚ мамандарына бізге өндірістің қыр-сырын үйреткендері үшін ризашылығымызды білдіреміз.

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх