Асуларды бағындырған атақты геолог!

Асуларды бағындырған атақты геолог!
16.06.2016
402
Жаңалықтар

Асуларды бағындырған атақты геолог!

Орал Ақшолақұлы Ақшолақов 80 жасқа толды

Ғасырдан астам уақыт мұнай өндіріп келе жатқан елімізде көмірсутегі саласының алар орны ерекше. Нарыққа пұл болып келетін мұнайды жеті қат жерастынан іздеу, табу, барлау, игеру – бұл зор еңбек, табандылық, үлкен қайрат-жігер, ащы маңдай тердің арқасында іске асырылатын жүгі ауыр жұмыс. Қазақстанның мұнайшылары осы даңқты мамандықты 100 жылдан астам уақыттан бері абыройлы атқарып, еліміздің өсіп-өркендеуіне зор үлестерін қосып келеді. 

Мұнай – бұл сан түрлі мамандықтың басын біріктірген алып сала! Оның ішінде геология саласын айрықша атауға болады. Жер нәрін іздеп, жаңа кен көздерін ашып, мұнай қорын ұлғайтуда геологтардың еңбегі ерен. Міне, осы маңызды салада ұзақ жылдар еңбек етіп, саналы ғұмырын арнаған елімізге белгілі геолог, Қазақстан Республикасы әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы Мемлекеттік сыйлығының иегері, геология-минералогия ғылымдарының кандидаты, Минералдық ресурстар академиясының академигі, Қазақстан Республикасы жер қойнауын барлау ісінің үздігі, Қазақстан Республикасы жер қойнауының құрметті барлаушысы Орал Ақшолақұлы Ақшолақов мерейлі 80 жасқа толды. Қазақ мұнай-газ саласының дамуында айрықша қолтаңбасы бар ардақты азаматты отандық мұнай өндіру компаниясы – «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ үлкен еңбек ұжымы шын жүректен құттықтап, абзал азаматқа зор денсаулық, баянды ғұмыр, өмірдің барлық жақсылығын тілейді. Белгілі геологтың еңбек жолын жас, кейін буынға үлгі-өнеге етеді.

Атырау – қазақ мұнайының қара шаңырағы, алтын бесігі. Елімізге белгілі мұнайшылардың да осы өңірден көптеп шығуы заңдылық  дерсің... Орал Ақшолақұлы Ақшолақов та осы өңірдің төл перзенті. Ол 1936 жылы 16 маусымда Гурьев қаласында (қазіргі Атырау қаласы) дүниеге келді. Әкесі Ақшолақ Есхожин Ұлы Отан соғысының ардагері, бірнеше мәрте мемлекеттік марапаттарға ие болып, құрметке бөленген азамат. Сонау 1941 жылы Гурьев-Орск мұнай құбырының құрылысына қатысып жүрген кезінде майданға шақырылған.1945 жылы соғыстан аман-есен оралған соң елдегі қызметке араласты. Анасы Нахан Есхожиева еңбек майданының ауыртпалығын тартып, ерен еңбек еткен  жан. 
Орал Ақшолақұлының балалық, жастық шағы аштық, соғыс, елдің еңсесі енді түзеле бастаған қиын кезеңдермен тұспа тұс келді. Десе де мақсаты айқын, жігері жалынды жасты ол қиын кезеңнің мұқалтпағанын, қайта шыңдағанын байқайсың. Орал Ақшолақұлы 1958 жылы академик И.М.Губкин атындағы Мәскеу мұнай институтын «тау-кен инженері мұнайшы-геолог» мамандығы бойынша тәмәмдап, туған жері Гурьев қаласына оралады. 
1958 жылдың жазынан еңбек жолын мұнай және геология мекемелерінде бастайды. Батыс Қазақстан мұнай-газ барлау басқармасының экспедициясында коллектор, қатардағы техник-геолог, инженер-геолог, орталық лабораторияның бас инженері, басқарманың геология бөлімінің бастығы лауазымдарын атқарды. 1972 жылы КазНИГРИ институтына қызметке ауысып ғылыми-зерттеу жұмысымен айналысып, 1976 жылы ВНИГНИ-дің ғылыми кеңесінде диссертация қорғап геология-минералогия ғылымдарының кандидаты дәрежесін алды.
1983 жылы қайтадан өндіріске ауысып «Гурьевмұнайгазгеология» бірлестігінің Балықшы мұнай-газ барлау, ұңғыларды сынау экспедициясының, Батыс Қазақстан мұнай-газ барлау және ұңғыларды геофизикалық зерттеу экспедициясының бастығы болып еңбек етті.
Бұл жылдары О.Ақшолақов Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстарында жүргізіліп жатқан мұнайгаз барлау жұмыстарына  белсене қатысып, зор еңбек сіңірді. 1988-1991 жж. Алматы геофизикалық экспедициясының партиясында бас геолог, бастығы, «Қазгеофизика» өндірістік-геологиялық бірлестігінің бөлім бастығы болып еңбек етті. 
Ал 1991-1998 жж. Қазақстан Республикасы геология және жер қойнауын қорғау министрлігінде мұнай-газ барлау бөлімі бастығының орынбасары, мұнай-газ басқармасының, бас басқармасының бастығы болып еңбек етіп, Қазақстан Республикасының әлі зерттелмеген немесе нашар зерттелген өңірлеріне көңіл аударып, Павлодарлық Ертіс жағалауы, Зайсан, Теңіз, Шығыс Арал және т.б келелі шөгінді алаптарына геофизикалық зерттеулер мен ұңғылар бұрғылау керектігін дәлелдеп, ол жұмыстарды жер қойнауын зерттеуші компаниялардың инвестициясы арқылы іске асыра бастайды.
Қазақстан Республикасының егемендік алған алғашқы жылдары, еліміздің табиғи байлықтарын игеруге бір жағынан қаражат жетпесе, екінші жағынан кен байлықтарды барлау, игеру жұмыстарын жүргізудің заңдары мен нормативтік актілерін өз жағдайымызға сәйкес жүйелеу керек болды. Орал Ақшолақов шет елдердің мұнай газ компанияларының тәжірибелерімен танысуға белсене кіріседі. Қазақстан Республикасы үкіметінің жұмысшы тобының құрамында Америка, Канада, Германия, Испания, Голландия, Швеция, Түркия, Жапония және тағы да басқа елдердің үлкен мұнай компанияларымен кездесіп және келіссөздер жүргізіп, олардың жетістіктерімен кемшіліктерін сараптап, елімізге инвестиция жасалуына атсалысты.
1998-2000 жылдары зейнеткерлік демалысқа шыққаннан кейін Қазақстан-Канада бірлескен «Дала Қабыланы» (Степной Леопард) компаниясының бас директоры, ал 2001 жылдан осы күнге дейін жер қойнауын зерттеушілерге консалтингтік көмек көрсетумен және Қазақстанның мұнай газ болжамды қорларының көлемін анықтау және ғылыми дәлелдеу жұмыстарымен айналысуда.
Қазақ мұнайының қара шаңырағы алып Атыраудан түлеп ұшқан азаматтың туған жерінің ғана емес, жалпы қазақ елі мұнай-газ саласының дамуына қосқан еңбегі орасан зор. Ол геология саласындағы ғылымның дамуына да тер төкті. Өткен жылдың желтоқсан айында Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың қолынан Қазақстан Республикасының ғылым және техника саласындағы әл-Фараби атындағы мемлекеттік сыйлықтың лауреаты жоғары марапатын алуы да осының жарқын дәлелі. Бұл өз кәсібін шынайы сүйген, оны халқының игілігіне арнаған үлкен қажыр-қайрат пен зор ізденіс, қайтпас табандылықтың үлгісі. Мемлекеттік сыйлыққа лайық деп танылған «Қазақстан Республикасындағы көмірсутегі қорын ғылыми тұрғыда саралау» атты ғылыми еңбекте ел қорындағы геологиялық-геофизикалық материалдар толығымен сараланып, осы бағыттағы мәселелерді шешудің негізгі жолдары ұсынылды. Сондай-ақ көмірсутегі қорының әлеуеті нақты анықталды. Бұл жұмыста еліміздегі қордаланған геологиялық мәселелерді шешудің тиімді жолдары да ұсынылды. Еліміздің бір топ ғалымдарының ұзақ жылғы ізденіс, табанды қызметімен атқарылған еңбек және оған берілген жоғары марапат – Қазақстан мұнайшыларына ортақ мерей, зор абырой болды. Мұнайшы геолог, геология-минералогия ғылымдарының кандидаты Базар Есқожа ғылыми еңбекке қатысты  білдірген пікірінде «Орал Ақшолақұлы араласқан бұл тұжырымдама үлкен ғалымдардың қажырлы еңбегінің нәтижесі. Еліміздің жарқын болашағы мен мол мүмкіндігін көрсететін бірден бір ғылыми еңбек» деп айрықша атап көрсетті. 
Орал Ақшолақұлының 160-тан астам зерттеулері мен ғылыми мақалалары, Қазақстан мұнай экспедициясының авторы, Қазақстанның 15 шөгінді алаптарын кешенді зерттеу және мұнайгаз болжамды карталарының ғылыми басқарушысы және басқа да толып жатқан еңбегі – әлі талай буынның игілігіне жарайтынына күмән жоқ. 
Орал Ақшолақұлы Ембі кеніштерінің ашылуына зор еңбек сіңірді. Маңғыстау кен орындары қорын есептеуге атсалысты. Саналы ғұмыры мұнай саласының дамуына арналды.Орасан зор еңбегінің нәрлі нәтижесі ардақты азаматтың абыройын асқақтатты, мерейін үстем етті. «Құрмет» ордені және көптеген медальдармен марапатталды. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, мұның барлығы да – елге қызмет етудің ерен үлгісі!
Ол жан жары Қабиба Керейқызы екеуі Бибігүл, Майра, Марат, Болат есімді қыздары мен ұлдары, жеті немере және бір шөбере тәрбиелеп отырған ұлағатты отбасы. Перзенттері де егемен еліміздің дамуы жолында еңбек етуде. 
Мұнай-газ саласының мақтанышы болған абзал аға, ғалым, геолог, майталман маманның еңбек жолы – дара, даңқты жол! Бұл биіктен көріну, асқар асуларды бағындыру терең білім, зор ізденіс, қайтпас қайсарлық, зор маңдай тердің арқасында келеді. Атыраудың құрметті азаматы, төл перзенті, ел мұнай-газ саласының ардақты ардагері Орал Ақшолақұлы Ақшолақовтың   бағындырар белестері әлі аз емес екеніне шүбә жоқ. Ол осыны дәлелдеген тұлға, қайраткер!

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх