Жас мамандар күні Қызылорда өңірінде өтті

Жас мамандар күні Қызылорда өңірінде өтті
16.06.2016
504
Жастар

Жас мамандар күні Қызылорда өңірінде өтті

8-10 маусым аралығында «Қазгермұнай» БК» ЖШС базасында «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ компаниялар тобындағы жас мамандардың IV форумы өтті. Аталмыш шара аясында инновациялық жобалар сайысы ұйымдастырылды. 

Сайысқа 35 жас маман өндірісті дамытуға, Компания қызметінің экономикалық тиімділігін арттыруға бағытталған өз жобаларын ұсынды. Шараға қатысқандар арасында ҚМГ БӨ еншілес компаниялар: «Қазгермұнай» БК» ЖШС, «Өзенмұнайгаз» АҚ, «Ембімұнайгаз» АҚ, «Қаражанбасмұнай» АҚ, «ТұлпарМұнайСервис» ЖШС, «КРУЗ» ЖШС, «Жөндеу» ЖШС және ҚМГ БӨ-нің жұмыскерлері бар. Ұйымдастырушылар биылғы жобаларға қойылған талаптардың өте жоғары екендігін жеткізді. Жобаларды іріктегенде көтерілген мәселелердің маңыздылығы, ұсынылып отырған шешімдердің өндірістік және әкімшілік үрдістерде қолданылу мүмкіндігі ескерілді.

Жобалар сайыстың алты секциясы бойынша ұсынылды:
• Геология, геофизика және игеру
• Мұнай мен газ өндірудің техникасы мен технологиясы
• Ұңғымаларды кезекті жөндеуден өткізу, ұңғымаларды күрделі жөндеуден өткізу және бұрғылау кезінде қолданылатын технологиялар
• Мұнай өндіру және қабатты қысымды бір қалыпта сақтау кезіндегі технологиялық процесстердегі химиялау және энергетика
• Өндірістік қауіпсіздік, еңбек және қоршаған ортаны қорғау
• Экономика және қаржы

– Біз бұл сайысты Компаниямыздағы ең белсенді және дарынды жұмысшыларды анықтау үшін өткіземіз. Жұмысшылардың ұсынған жаңа технологиялары мен жаңаша көзқарастарын пайдаланып өндірістің әлдебір процесстерін оңтайландырып, жұмыс тиімділігін арттыруды мақсат етеміз, – дейді ҚМГ БӨ аппарат басшысы Бауыржан Асқаров – Өткен жылдарда сайыста жеңіске жеткендердің жобалары өндіріске енгізіліп, жұмысының оң нәтижесін беріп жатыр.

Сайыстың ресми ашылу салтанатында компания басшылығы тарапынан  «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ еңбек, қоршаған ортаны қорғау және бұрғылау жөніндегі басқарушы директоры Мәлік Сәлімгереев пен «Қаражанбасмұнай» АҚ президенті Есен Қайыржан да сөз сөйледі. Шараға келген жастарға олар ақ жол тілеп, жылы лебіздерін білдірді.
Жеңімпаздар
Сайыс қорытындысы бойынша жеті жас маманның жобасы үздік атанып, олардың авторлары арнайы дипломмен марапатталды. Жеңімпаздар қатарында: Нариман Әбжанов («Қазгермұнай» БК» ЖШС), Самат Беков («Ембімұнайгаз» АҚ), Дамир Шырақбаев («ҚазМұнайГаз» БӨ» АҚ), Ақжігіт Түйешиев («Өзенмұнайгаз» АҚ), Жарылғап Өтешов («Өзенмұнайгаз» АҚ), Арман Батаев («ҚазМұнайГаз» БӨ» АҚ) және Болатбек Оралов («ҚазМұнайГаз» БӨ» АҚ) бар. ҚМГ БӨ бас директордың «Өзенмұнайгаз» АҚ жобалары жөніндегі орынбасары Қайырбек Елеусіновтың айтуынша, форум өткен алғашқы жылмен салыстырғанда жастардың кәсіби деңгейі өскен және жылдан жылға жас мамандардың сайысқа қатысуға деген белсенділігі артып келеді. 
– 2013 жылдан бері жастардың 23 жобасы өндіріске енгізілді. Жобалар саланың бірнеше бағытын қамтиды. Мәселен, геология саласында мамандар ақпараттық технологияларды пайдаланып, ізденіп, талпынып, өндіріс мүмкіндіктерін арттыруда. Соның нәтижесінде жерасты қойнауындағы көмірсутектің көбеюіне де жол ашты, – дейді Қайырбек Елеусінов.

Данияр Оралов, «Қаражанбасмұнай» АҚ Жас мамандар кеңесінің төрағасы:
– Форумда жастар өздерінің тың ойларымен, жаңа бағыттарымен бөлісті. Біздің ортақ мақсатымыз – өндіріске ғылыми-теxникалық жаңалықтарды енгізу. Компания тарапынан оған мүмкіндіктер жасалып отыр. 

Анар Құрманова, «Ембімұнайгаз» АҚ өндірісті автоматтандыру қызметінің инженері:
– Сайысқа екінші рет қатысып отырмын. Биыл өндірісті автоматтандыру, ондағы процесстерді оңтайландыруға бағытталған жобамбы ұсынып отырмын. Ол уақыт үнемдеумен қатар, өндірістің экономикалық тиімділігін арттыруға үлес қосады. Жоба жылдың басында «Қайнармұнайгаз» өндірістік басқармасына қарасты ең жас «Уаз» кен орнында енгізілген болатын. Алғашқы төрт айдың ішінде жоба өзінің өміршеңдігін, пайдасын көрсетті. 
«Қазгермұнай» БК» ЖШС болса, шараның тиісті дәрежеде өтуіне барынша күш салды. Оған жастар форумына қатысушы мамандардың беріп жатқан бағасы да жоғары. 

Ботагөз Әшірбекова, «Қазгермұнай» БК» ЖШС бас директорының адам ресурстарын басқару жөніндегі орынбасары: 
– Тәуелсіздік алған уақыттан кейін, еліміздің мұнай-газ саласында сапалы кадрлар тапшы болды. Себебі, Кеңес Одағы кезінде Қазақстанға арнайы шақырумен келіп, жұмыс істеген мамандар, егемендік алған аумалы-төкпелі заманда жан-жаққа ыдырап, тарап кетті. Сол олқылықтың орнын толтыру үшін бұл салада ауқымды жұмыстар атқарылды және әлі де атқарылып жатыр. Өйткені бұл бір-екі жылда шешіле қоятын мәселе емес. Дегенмен де, соңғы уақытта еліміздің мұнай-газ саласы айтарлықтай деңгейге көтерілді, кәсіби білікті мамандар саны артты. Осы бағытта атқарылып жатқан игі шараның бірі бүгінгі Инновациялық жобалар сайысы.

Жарылғап Өтешов, «Өзенмұнайгаз» АҚ автоматтандыру және телекоммуникация басқармасының слесарі, инновациялық жобалар сайысының жеңімпазы:
– Сайысқа бірінші рет қатысып отырмын. Уақыт үнемдеу арқылы  сапалы қызмет етуге бағытталған жобамды ұсынып, үздік атандым. Жобам жұмысты қашықтықтан басқару арқылы еңбек етуге арналған.Келесі жылдары ұйымдастырылатын сайысқа қатысуға жас мамандарды шақырамын. Өндірісті дамытуға өз септіктеріңізді тигізіңіздер деп айтқым келеді. Сайысқа қатысып, сіздер өз деңгейлеріңізді көтересіз, тәжірибе алмасасыз. 

Мұрат Ақын, «Өзенмұнайгаз» АҚ корпоративті оқыту орталығының оқыту жөніндегі инженері:
– Сайысқа еншілес компаниялардың жастары Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналып жатыр. Барлығымыз осы жерде жұмысымызды көрсетіп қана қоймай, бір-бірімізбен танысып, тәжірибе алмасып жатырмыз. Осы шараны ұйымдастырушы «ҚазМұнайГаз» БӨ» АҚ, «Қазгермұнай» БК» ЖШС жас мамандар кеңесіне алғысымызды білдіреміз. 

«РД-студия»
Сайыстан өзге форум аясында ҚМГ БӨ бас директоры, Әл-Фараби атындағы Мемлекеттік сыйлықтың иегері Құрманғазы Есқазиевтың жас мамандармен бейресми кездесуі өтті. «РД-студия» – деген атаумен өткен жиын  барысында компания басшысы жас мамандарға балалық шағы жайлы әңгімелеп, өмірлік ұстанымдары және қызметтік жетістікке жетудің қыр-сырымен бөлісті. Топ-менеджерлердің қатысуымен өтетін мұндай кездесулер форум үшін дәстүрге айналып үлгерді. Мұндай шаралар жастарға еркін түрде басшылық өкілдерімен тікелей сұхбаттасып, көкейінде жүрген сұрақтарға жауап алуға мүмкіндік береді. 
– ҚМГ БӨ-нің әртүрлі еншілес компанияларының жас мамандары бүгін бірге бас қосып, Компания жұмысының тиімділігін арттыруды көздеген жобаларын қорғап жатқанына қуаныштымын, – деді Құрманғазы Есқазиев. Біздің Компания үшін инновациялық жобаларды енгізу ең өзекті мәселелердің бірі болып табылады. Себебі, кен орындарының көпшілігі бүгінде өндірістің шарықтау кезеңінен өткен орындар. Мұнай және газ нарығында қалыптасқан қиын кезеңге қарамастан, аталмыш саланың және онда істейтін білікті мамандардың келешегі зор болатынына күмәнім жоқ. Болашақ көшбасшылар өз жолын осы форумнан бастайды. Мен Компаниямыздың барлық жұмысшыларына ҚМГ БӨ ұсынып отырған барлық мүмкіндікті пайдалану керектігін айтқым келеді. Ол біліктілікті үнемі арттыру, тың дүниелерді игеріп, кәсіби деңгейді шыңдау дегенді білдіреді.
Жиынға қатысушылар Құрманғазы Есқазиевке өздерін қызықтырған сұрақтарды қойды. Сұрақтар кәсіби біліктілікті шыңдау, мұнай-газ саласының болашағы және басқа да тақырыптарды қозғады. Кездесу ашық жарқын пікіралмасу жағдайында өтті. Сұхбат соңында «РД-студия» қонағы ең қызық деген бес сұрақтың авторына жеке қолы қойылған естелік кітап сыйлады. 

Ақшабұлақ, Нұралы
Жас мамандар күніне жиналған мамандарды ұйымдастырушылар «Қазгермұнай» БК» ЖШС-на қарасты Ақшабұлақ, Нұралы кен орнына апарып, Оңтүстік Торғай бассейніндегі өндірістің ерекшеліктерімен таныстырды. Онда мамандар өндірістік нысандарды аралап, сол жерде еңбек ететін әріптестерімен тәжірибе алмасты. 

Ақжігіт Түйешиев, «Өзенмұнайгаз» АҚ жобаны басқару департаментінің аға инженері, инновациялық жобалар сайысы жеңімпазы:
– Сонау Өзеннен келіп, Қызылорда облысындағы өндірістік нысандарды аралап, әріптестеріміздің жұмысын өз көзімізбен көріп, тәжірибемізбен бөлісіп, танысып жатырмыз. Жалпы мұндай шараның «ҚазМұнайГаз» БӨ» АҚ еншілес компанияларында еліміздің түкпір-түкпірінде еңбек ететін жастардың ұйымшыл болуына, тату болуына үлкен әсерін тигізеді. 2013 жылы Бурабайда өткен форум кезінде танысқан әріптестеріммен әлі күнге дейін жақсы араласамыз. Мереке болсын, туған күн болсын құттықтап жатамыз.  

Нұржан Әбдірахманов, «Қазгермұнай» БК» ЖШС бас директорының өндіріс жөніндегі орынбасары:
– Бүгін жастарды Ақшабұлақ, Нұралы кен орындарындағы нысандарға әкеліп, мұнай тасымалдау цехы, газ дайындау-тасымалдау цехы және қабат қысым айдау цехын көрсетіп жатырмыз. Өндірісте қолданылатын жаңа технологиялармен таныстырдық. Бұл еңбек ететін нысандарында өздерінде жоқ әдіс-тәсілдерді енгізуге талпынсын деген мақсатпен жасалып отыр. Ең бастысы – тәжірибе алмасу. 
Жас мамандар күніне арналған шаралардан жастар ерекше әсер алып, Сыр елі Қызылордада көрген-түйгенін саралап, жаңаша ойлармен, жоспарлармен жолға аттанды. Мамандардың алдында әлі талай асқарлы асулар мен белесті биіктер тұр. Мұнай-газ саласын дамыту тізгінін өз қолына алатын келер ұрпаққа артылып отырған үміт те зор.

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх