Ембімұнайгаз қаражатына бірқатар жаңа нысандар салынды

Ембімұнайгаз қаражатына бірқатар жаңа нысандар салынды
16.06.2016
482
Әлеумет

Ембімұнайгаз қаражатына бірқатар жаңа нысандар салынды

«Ембімұнайгаз» АҚ бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін дәйекті іске асыруға өз үлесін лайықты қосып келе жатқан компания. Өз қызметкерлерінің және облыстың әлеуметтік дамуына көп жылдардан бері нақты қолдау көрсетіп келеді. «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамы мен Атырау облысы әкімдігінің арасында жыл сайын жер қойнауын пайдалану келісім-шарттары негізінде жасалатын Атырау облысының әлеуметтік инфрақұрылымдарын дамыту бағдарламасы – осының бір парасы. Бағдарлама бойынша қоғам бюджетінен қаржы бөлініп, облыстық бюджетке аударылады. Соған сәйкес, өткен 2015 жылы қабылданған әлеуметтік бағдарлама бойынша жүзеге асуы тиіс 6 жобаның 5-і толық орындалып, 1 жоба бойынша жұмыстар әлі жалғасуда. Осылайша компания облыс өңірінде бірқатар іргелі әлеуметтік нысандардың бой көтеруіне зор септігін тигізіп отыр. 

Х.Ерғалиев ауылында 100 орынды балабақша бой көтеруде

Алдымен айтарымыз, Исатай ауданы, Қамысқала ауылдық округінің орталығы Х.Ерғалиев ауылында құрылысы жүріп жатқан 100 орындық «Ай-жұлдыз» балабақшасы. Құрылыс мердігері «ГТЭС-строй» ЖШС. Аудандық білім бөлімінің басшысы Б.Мырзағалиевтің атап өткеніндей, бұл балабақша округтегі сұранысты азайтуға зор септігін тигізбек. Бүгінгі таңда округ бойынша 128 бала балабақша кезегінде тұр. Жаңа нысанда 25 баладан 4 топ тәрбиеленетін болады. Сонда сұраныстың 80 пайызы қанағаттандырылады деген сөз.  
– Бүгінгі таңда жастардың бәрі, яғни жас аналар жұмыс жасағысы келеді, ол үшін балаларды тастайтын жер керек. Сол бағытта жаңа балабақша 100 орынға шақталып салынуда. Балабақша құрылысы былтыр тамыз айында басталған болатын. Мердігерлер жаңа оқу жылы қарсаңында, яғни биыл қыркүйек айына дейін бітіруді жоспарлап отыр. Өздеріңізге мәлім, биылғы көп жауын құрылысты кідіртуге мәжбүрледі. Айнала су, батпақ, көлік бара алмайтын еді. Қазір кеуіп жатыр. Жұмысшылар жөндеуге қайта кіріскен жайы бар. Балабақшамен қатар 40 жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Ол аудандағы жас педагогтардың, басқа да мамандардың жұмыспен қамтылуына себепші болмақ, – дейді округ әкімі Сансызбай Сәменов. 

Тұщықұдық ауылында «Құлыншақ» балабақшасы кеңейтілді  

«Ембімұнайгаз» АҚ қаражатына салынған тағы бір нысан ол – аталған ауданның Тұщықұдық селосындағы «Құлыншақ» балабақшасының негізгі ғимаратына жалғап салынған 50 орындық жапсаржай.

– 1988 жылы 140 орындық болып салынған балабақша таршылық еткені рас. Өйткені, кезекте тұрған бала саны көп. Соған орай былтыр осы 50 орындық жапсаржай салынып, 28 тамызда пайдалануға берілді. Соған сәйкес қосымша бөлмелер көбейді. Мәселен, балалар ауырып қалғанда қажет оқшаулау бөлмесі, әдіскер, екпе, меңгеруші бөлмелері, спорт зал, психолог кабинеті, өзін өзі тану, шаруашылық меңгерушісі бөлмелері бар. Кіре беріске мүгедек жандарға кіру оңай болуы үшін пандус салынған. Қысқасы, барлық жағдай жасалды. Бүгінде 205 бала тәрбиеленіп жатыр. Бұл – жаңа бағдарламалар бойынша сынақ алаңына енгізілген облыстағы бес балабақшаның бірі. Мұнда 51 қызметкер еңбек етеді. Биылғы оқу жылына 27 бала мектепалды дайындық сыныбына барады, сонда келесі оқу жылына тағы жаңадан балалар қабылдаймыз, – дейді балабақша меңгерушісі Балғаным Қайырғалиева. Жалпы ауданда 800 бала балабақша кезегінде тұр екен. Компания қаражатына салынған балабақша немесе жапсаржай болсын осы кезек жүгін азайтуға сәл де болса ықпал етіп отырғаны анық.  

Шаруашылыққа да жағдай жасалды

Исатай ауданы – мал шаруашылығын дамытып отырған өңір. Мұнда төрт түліктің бәрі де өсіріледі. Шаруа қожалықтарымен қатар жеке адамдар да мал ұстайды. Алайда өріс тар. Мал жаятын не суаратын жер аз. Аудан әкімдігі осы тығырықтан шығу үшін «Ембімұнайгаз» АҚ бөлген қаражаттың бір бөлігін канал қазуға жұмсапты. Елді мекендерге су баруы үшін Жайықтан су алатын Бақсай каналының арнасын 13,8 шақырымға ұзартқан. Жалпы, аудан аумағында Жайық өзені Бақсай-Нарын боп екі үлкен арнаға бөлінеді. Мұнда 500 гектар лимандық жерлер бар. Бақсай-Нарын бойында Жамбай, Нарын, Манаш ауылдары қоныстанған. Осы ауыл тұрғындарының мал жаюға, суаруға енді мүмкіндігі ашылды. «Халық бүгінде малмен күн көріп отыр ғой, бәріне бірдей жұмыс қайдан бола қойсын. Сондықтан малдың өрісін кеңейту, шаруашылықты дамыту бағытында каналдың арнасы ұзартылды. Оған тұрғындар қуанып жатыр. Бүгінде Бақсай каналы бойында 14 шаруа қожалығы орын тепкен. Жамбайда 3300, Нарында 2 мыңға жуық, Манашта да 30-40 шақты тұрғын бар. Су тіршілік көзі. Малмен отырған жандарға сусыз әрине қиын. Каналдың арнасы енді оларға да жетті. Каналдың ені 3 метр, тереңдігі 3 метр шамасында. Бұл енді суаруға да егіндікпен айналысуға да жетеді деп ойлаймыз. Сондай-ақ, Ақай каналын да ұзартып, Амангелді, одан әрі Забурын ауылына қарай созу жұмыстары жалғасуда» дейді аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Қадыржан Ермұқанов. Міне, компания қаражатына Исатай ауданында халыққа нақ қажет осындай жұмыстар жасалыпты.

Миялы ауылында жаңа 10 үй салынды

Облыстағы Қызылқоға ауданында да компания қаражатына бірқатар нысандар бой көтеріпті. Аудан орталығы – Миялы селосындағы Есенгелді Нұршайықов ықшам ауданы, Қазыбек би көшесінде 10 үй қаз-қатар тұр. Бұл үйлер әлеуметтік сала мамандарына арнап салынған: 8 үйде құқық қорғау органдары, екі үйде дәрігер мамандар тұрып жатыр. Қызметтік үй болып саналады. Аудан әкімінің орынбасары Бекнұр Әжіғалиевтің айтуынша, құрылыс жұмыстары 2014 жылы қыркүйекте басталып, 2015 жылдың аяғында пайдалануға беріліпті. Мердігер – «Қарасайстройсервис» ЖШС. Үйдің жалпы ауданы – 110 шаршы метр болса, тұрғын аумағы 96 шаршы метр. 4 бөлмелі. Ал жалпы жер көлемі 1,2 га. Ауыз су, газ, кәріз бәрі бар. Едені ағаш, қабырғасы ұлутастан салынған. Біз бас сұққан үйде жас дәрігер маман Ботакөз Айтжанова «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы бойынша алып, тұрып жатыр екен. Өзі балалар дәрігері, ал отағасы Ербол Әділовтың мамандығы мұнайшы, екі бүлдіршіні балабақшаға барады.

Ботакөз Айтжанова:
– Жұмысым, тұрған жерім өзіме ұнайды. Үйдің коммуналдық төлемі қымбат емес, барлық жағдай бар.

Ауданда 32 мыңдай тұрғын болса, Миялының өзінде 7800 адам тұрады. Үй және жер кезегінде 800-дей адам тұр, әрине олардың дені жастар екені белгілі. Ендеше, бұл үйлер бюджет саласы қызметкерлерінің аз бөлігіне болса да, көмек болып отырғаны рас. Осындай қызметтік екі үй аудандағы Көздіқара ауылдық округінің Қоныстану ауылында да салыныпты. Мұнда да дәрігерлер отбасы келіп қоныстанған. Соның бірінде ауыл фельдшері Айбек Жанахметов тұрып жатыр. Ол Шымкент медколледжінің түлегі. 2004 жылдан бері Қоныстану ауылында еңбек етеді. Жұбайы Надежда бастауыш сынып мұғалімі. Ауылда 1987 тұрғын, 350 түтін бар. Соның ішінде жастардың қалаға кетпей, туған ауылында қалуына осындай игі істердің ықпалы бары анық. «Ембімұнайгаз» АҚ Мақат ауданы, Доссор кентінде 280 орындық балабақшаның құрылысын салу үшін жобалық-сметалық құжаттамасын жасауға, Болашақ, Құрылысшы, Шығыс ықшам аудандарына инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамытуға да қаражат бөліп отыр.

 

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх