«Argymak TransService» қызметкері Руслан Суйегов – әлем чемпионы!

«Argymak TransService» қызметкері Руслан Суйегов – әлем чемпионы!
16.06.2016
464
Қызметкерлер

«Argymak TransService» қызметкері Руслан Суйегов – әлем чемпионы!

Спорт деген сиқырлы әлемнің додасында жүрген жас жігіт, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, бірінші дан қара белбеу иегері, әлем чемпионы, өзіміздің әріптесіміз Руслан Суйегов туралы бір үзік сыр.

Спорттың әр саласын қызықтап жүрген бала Русланды бір күні әкесі қолынан жетектеп Молдағалиев Үсен есімді азаматтың Ақтаудағы 28-шағын ауданда орналасқан кёкушинкай үйірмесіне алып келді. Сол кезде спорт залдың шаңын шығарып жүрген елу баладан жалғыз өзі алаңда тұрақтап қалған Руслан бұл күні Еуропа, әлем чемпионаттарының алтын жүлделерін қанжығасына байлап жүр. Спорт әлеміне бірге қадам аттаған ағатайы Бекзатпен аренада кездескен сәттегі толқынысы әлі күнге жүрегінде, себебі өзінен бір жас қана үлкен 15 жасар ағасы інішегіне жол берді де, жеңіс тұғырына көтерілген жас ұлан алғаш рет Көкшетауға сапар шегіп, жасөспірімдер арасындағы республикалық чемпионатта бірінші орынның дәмін татты. Жеңістің осы тәтті де кермек дәмін жасөспірімдер арасында бес рет татыпты.
17 жасында Украинада Ужгород қаласында Еуропа чемпионатында 6 кезек рингке шығып, Украина, Белоруссия, Жапония, Ресей сияқты елдердің өкілдерін ойсырата жеңді. Тағы да сол 17 жасында Жапонияның Токио қаласындағы әлем чемпионатында көк белбеуімен қара белбеулілерге қарсы шығып, еліміздің көк байрағын таң шапағы елінің аспанында желбіретті. Испанияда Барселона қаласында Еуропа чемпионатында 2011 жылғы ақпан айында сол елдің жұлдызы болып жүрген Джонатан Тинеомен кездескен үш раундта да басымдық ала отырып жеңді, төрт адамнан құралған әділқазы алқасы түгелімен дауысты маңғыстаулық жігітке берді. Өз елінде отырып жеңілген қарсыластың мәрттігі тәнті етті: жаңа ғана аренада алысқан жампоз жарыс соңында арнайы келіп, қазақ ұланының қолын алып, ыстық ықыласымен жеміс-жидек ұсынып, өнеріне ризашылығын білдірді. Дәл сол жылы 6 шілдеде еліміздің бас қаласы Астанада әлемдік чемпионатта небір саңлақтар бас қосқан аламан бәйгеде орта салмақта алты кездесу ішінде африкалық екі дүркін әлем чемпионы Самсонмен (Muripo Samson, Зимбабве) ұрысы есте қалды. Денесі нығыздалып, спорттың ащы терімен темірдей қатқан алапаттың алдырар түрі жоқтығын байқаған Руслан бұл мығымды әдіспен алуға бел буды да, бүкіл күш-жігерін жинап, шынтақпен өндіршегінен ұрып, бірінші раундта құлатты. Бағасы қымбат жеңіспен Астана көгінде еліміздің әнұранын шалқытқан сәттегі қуанышы, сірә, естен кетер ме? Соңынан кёкушинкай-кан халықаралық каратэ ұйымының бас директоры Кой Юшиказу арнайы келіп жолығып, манағы тәсілінің сырын сұрап, Русланның өз ойынан тапқан әдісіне тамсанып, болашағының жарқын болуына тілегін білдірген. Жапониядан алғаш рет тысқары елде, Қазақстанда өткен әлем чемпионатына 25 елден келген 125 спортшыға 32 елдің өкілдері қазылық етті.  Ауыр және орта салмақтағы ер адамдар арасындағы жекпе-жектер аса көрнекті өтіп, сол тарландар ішінен жарып шыққан Руслан әдемі ойыны үшін чемпионаттың «Үздік техникасы үшін» жүлдесімен, ресейлік «Боец» телеарнасының «Ең үздік көрнекті ұрыс жүргізгені үшін» арнаулы кубогімен және алтын жүлдемен марапатталды. Осы әлем Кубогінің ұйымдастырылуына мұрындық болған – біздің мақтан тұтар жерлесіміз Найзабеков Тәжімұрат (VІ дан) президенті болып табылатын республикалық «Бүкілқазақстандық кёкушинкай-каратэ» қоғамдық бірлестігі болатын. Италияда Еуропа чемпионатында ересектер арасында 5 рет рингке шыққандағы ең ауыр кездесу швейцариялық спортшымен жекпе-жегі болды. Себебі спорттан екі жылдай қол үзіп кеткен кезі болатын. Екінші орынмен қанағаттанды. Бірақ есесін Германияда Швайнфурт қаласында өткен Еуропа чемпионатында қайтарды: баяғы швейцариялық қарсылас жартылай финалда үшінші раундта нокаут алып, Русланның қарқынына шыдай алмай, ұрысты жалғастырудан бас тартты. Бір кезде әкесі Әбубәкірдің «тәні мен рухын шыңдасын, мінезін тәрбиелесін» деген ниетімен спорт табалдырығынан аттаған, бұл күндері сол саланың бір мықты бәйтерегі болып жайқалып өскен Руслан жақында ғана Канаданың Монреаль қаласында өткен халықаралық турнирден олжалы оралды. Отыздан астам елдің саңлақтары бас қосқан аламан бәйгеде Руслан өзінің 81 кілә салмағымен ересектер арасында өзінен ауыр салмақтағы үш дүркін Еуропа чемпионы армениялық, канадалық, екі дүркін әлем чемпионы жапондық және голландиялық мығымдармен күш сынасты. 120 кіләлық жапондықты айқаста жеңіп, алайда аяқтан жарақат алып, білезіктігін ісіріп алғанының кесірінен бір кезде 2013 жылғы додада өзінен жеңілген голландиялық жампозға осы жолы есе жіберіп алды. Есе жібергендей де бар еді, себебі бұл голландиялық бірінші тартысында қарсыласы келмей қалып, шаппай жеңіс алып, екінші және үшінші тартысында спортқа енді келген сары ауыз жастармен шыққан болатын. Өзінен 40 кілә ауыр жапондықпен айқаста аяқ-қолдан жарақат алған, кілең еуропа және әлем чемпиондарымен шайқасқан Русланға тың күйдегі голландиялықпен жекпе-жегі оңайға соқпады. Алайда, екінші орынға аяқ тіреткен осы турнир қарапайым қазақ баласына 2017 жылдың қаңтарында Жапонияда өтетін әлемдік чемпионатқа қатысуға бәрібір мүмкіндік алып берді.  
Еңбек жолын «Argymak TransService» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде 2007 жылдың шілдесінде жүргізуші болып бастаған жас жігіт бұл күні кен орнында еңбек қауіпсіздігі және еңбек қорғау бойынша инженер  болып қызмет атқарады. Аренада небір дүлейлерді бағындырып жүрген әріптесіміз ұжымда жұмысқа деген ұқыптылығымен, биязы да сырбаз мінезімен сыйлы. Жұмсақ жүзі мен мейірімді көздерінен ұяңдық төгілген сырықтай жігітті әлемнің небір мықтыларын шаршы алаңда жер қаптырды деп әсте ойламайсыз. Атасы Николай бойы екі метр, зор денелі адам, жас кезінде өздері тұрған Ашхабад жақта күреске түсіп талай жүлдені қанжығасына байлаған екен, мүмкін сол қанына тартқан болар, мүмкін жұмыста жүрсе де, демалыста жүрсе де, жаттығудан қол үзбей, спорт залдан шықпай тер төккен жас талаптың жеңіске деген ынтасы мен биікке деген ұмтылысынан болар, талай елдің аспанында еліміздің көк байрағын желбіретіп, туған жерге жеңіспен оралып жүрген Русланға лайым жаратқан иеміз жар болсын, асудан асуға аман өте бер деген ақ ниетімізді арнаймыз!

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх