Әлеуметтік көмек көрсету – алғысқа бөлейді!

Әлеуметтік көмек көрсету – алғысқа бөлейді!
20.06.2016
370
Әлеумет

Әлеуметтік көмек көрсету – алғысқа бөлейді!

«Ембімұнайгаз» АҚ әлеуметтік шаралары жұртшылық тарапынан қызу қолдау тапты

«Ембімұнайгаз» АҚ 2015 жылы әлеуметтік шараларды жүзеге асыру бағытында бірқатар жұмыстар атқарды. Осы жылдың 16 маусымы күні Атырау облыстық әкімдігінің мәжіліс залында облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғ.Дүйсембаевтың қатысуымен облыстағы жер қойнауын пайдаланушылардың 2015 жылыкелісім-шарт міндеттемелерінде қарастырылған қаражатты игеру жөніндегі есебі тыңдалды. Шараға Атырау облысының мұнайгаз өндіру кәсіпорындары, қоғамдық және үкіметтік емес ұйым өкілдері қатысты. «Ембімұнайгаз» АҚ атынан аталған мәселе бойынша әлеуметтік саясат департаментінің директоры Қуандық Калидуллин баяндады.

Департамент басшысы атап өткеніндей, «Ембімұнайгаз» АҚ қызметінің негізгі бағыттары мұнай-газ кен алаңдарын игеру, геологиялық барлау, мұнай-газ өндіру және газ дайындау болғанымен, компания жергілікті жұртшылыққа әлеуметтік көмектерді де тұрақты ұйымдастырып отырады. Нақты айтқанда, «Ембімұнайгаз» АҚ мен Атырау облысы әкімдігінің арасындағы «Жер қойнауын пайдалану» екі жақты келісім-шартына сәйкес компания мұнайлы өңірдің инфрақұрылымын дамытуға белсенді үлес қосып келеді. 

Аталмыш келісім шартқа  орай Компания жергілікті бюджетке 2012 ж.- 280 млн., 2013 ж.- 270 млн., 2014 ж.- 330 млн. теңгеге жуық, 2015 ж.- 300 млн. теңгеден астам  қаражат бөлген. Ал, 2016 жылы осы мақсатқа 600 млн. теңге көлемінде қаражат аударылмақшы. 2015 жылы жергілікті бюджетке аударылған қаражатқа Қызылқоға мен Исатай аудандарында 5 әлеуметтік нысанның  құрылысы салынды, Исатай ауданы бойынша Тұщықұдық селосындағы балабақшаға қосымша  50 орынды жапсаржай салынып, Бақсай каналы тереңдетіліп,  Ақай каналының дамбысы күшейтілді. Қызылқоға ауданы бойынша Қоныстану селосында дәрігерлерге арналған 2 тұрғын үй, Миялы селосында 10 тұрғын үй салынды. Мақат ауданы бойынша Доссор поселкесінде 280 орынды балабақша құрылысының жобалау-сметалық құжаттары дайындалды.    

Жоғарыда атап өткендей бұл «Ембімұнайгаз» АҚ мен Атырау облысы әкімдігінің арасындағы «Жер қойнауын пайдалану» екі жақты келісім-шартына орай жүзеге асқан шаралар. Бұдан өзге «Ембімұнайгаз» АҚ мен Атырау облысы әкімдігінің арасындағы ынтымақтастық Меморандумының аясында өңірде әлеуметтік шаралар қолға алынуда. Компания өз тарапынан облыс инфрақұрылымының дамуына үлес қосып, көмекке зәру жандарға әлеуметтік қолдаулар көрсетіп келеді. Осы мақсатта қайырымдылық-демеушілік бағдарламасын бекітіп, осы құжат аясында өңірімізде көмекке мұқтаж, көп балалы отбасыларға, мүмкіншілігі шектеулі балалары бар жанұяларға, балалар үйі мен ардагерлер ұйымына үнемі көмек көрсетіп келеді.   

Соңғы екі жылда облыс аумағында қатты жауын болды. Қаланың жеке секторындағы көптеген баспаналар су астында қалды, тұруға жарамсыз болды. Екі жыл қатарынан қатты нөсерден баспаналары бүлініп зардап шеккен отбасыларының қиын жағдайына мұнайшылар бей-жай қарамай, алғашқылардың бірі болып қол ұшын созды. Ақшалай және киім-кешектен, азық-түліктен көмектер ұйымдастырып, транспорт бөлді. «Ембімұнайгаз» АҚ ұжымы бір күндік жалақыларын аударып, жиналған 18 млн. теңге «Ембі-Демеу» қорына аударылды. Қаражатқа  жалғыз ілікті зейнеткер Қалым Құрмановтың бұзылған ескі баспанасының орнына жаңа үй салынып, көп балалы отбасылар және тәрбиесінде мүмкіншілігі шектеулі балалары бар Жұмагүл Көпбергенова, Ренат Сапаров, Лидия Оттенбахер, Әйгерім Сүлейменовалардың баспаналары толықтай күрделі жөндеуден  өтті.

«Ембімұнайгаз» АҚ демеушілік  көрсеткен жобалардың арасынан ерекше атап өтеріміз – «Атырау – Шағын ел» қоғамдық бірлестігі 2013 жылы заңды түрде тіркеуден өткен. Содан бері бұл бірлестікте компанияның демеушілігімен ауқымды жұмыстар қолға алынуда. Компания бірлестікке 2013 жылы 3 миллион 950 мың теңге, 2014 жылы 4 миллион 350 мың теңге көлемінде балалардың ем алуына қаржылай көмек көрсетті.  

Бұдан өзге Компания басшылығына әлеуметтік көмек сұрап, өтініш білдірген жекелеген азаматтарға  да барлығы 31426000 теңге көлемінде қаржылай көмектер көрсетілді. Бұл қаражатқа сырқат балаларға алыс-жақын шет елдерде операция жасалып, ем алды, бүгінде денсаулықтары жақсы.

Атырау облыстық жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған №1 Қазыбаев атындағы балалар үйінің тәрбиеленушілерінің жазғы демалысын ембілік мұнайшылар өз қамқорлықтарына алған. Балалардың жазғы демалыстары Железноводск қаласындағы демалыс орындарында ұйымдастырылып келді. 2014 ж.- 46 бала, 2015 ж. – 46 бала компанияның демеушілігімен жазғы демалыс сауықтыру орнына тынығып  қайтса,  биыл  2016 ж. – 46 балаға Шымкент қаласындағы демалыс орындарына жолдама берілді. Сонымен қатар олар оқу құралдары, киім-кешектермен де қамтамасыз етілді. 2015 жылдың желтоқсан айында «Ембімұнайгаз" АҚ  Махамбет Өтемісұлы атындағы облыстық драма театрында, балалар интернаттары мен ауруханаларында  әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларының балаларына, ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалар мен мүмкіншілігі шектеулі балаларға арнап «Балаларға бақыт сыйла» атты жаңажылдық жасыл шырша мерекесін ұйымдастырды. Мерекелік шараға барлығы 1800-ге тарта бүлдіршін қатысты.  

2015 жылдағы ауқымды шара – Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған облыстағы үлкен шараларға мұнайшылар да белсене үлес қосты. Кеңес Одағының Батыры, атыраулық Қайырғали Смағұловтың ерлік көрсеткен Керчь қаласына облыстан арнайы экспедиция ұйымдастырылып, оған «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамы бірден-бір демеуші болды. Компанияішілік «Вы подарили нам Мир» акциясы ұйымдастырылып, ЕМГ аппарат қызметкерлері бір күндік еңбек ақыларын тыл ардагерлеріне көмекке аударды. Жиналған 1 миллион 300 мың теңге  қаражат 17 тыл еңбеккерлеріне көмекке берілді. Олардың тоғызы Исатай, Мақат, Жылыой аудандарының тұрғындары, сегізі Атырау қаласында тұратын тыл ардагері. Ардагерлерге ақшалай көмектен басқа азық-түлік, киім-кешектен де көмектер көрсетілді.  

«Өздеріңізге жақсы мәлім, тәуелсіз еліміздің болашағы талантты, білімді жастардың қолында. Бұл орайда «Ембімұнайгаз» АҚ жақсы оқыған, талантты   жастарға үнемі қолдау көрсетіп келеді. 2015 жылдан бастап біздің компанияда  алғаш рет  дуалдық оқу бағдарламасы іске қосылды. Дуалдық оқу бағдарламасына арналған пилоттық жобада Атырау мұнай-газ институтының студентері мен «APEC Petrotechnic» жоғары техникалық оқу орнының студенттері өздерінің теориялық білімдерін практикамен ұштастыруға үлкен мүмкіндіктер алып отыр. Алғашқы пилоттық жобаға Атырау облысынан 39 студент қатысты. Студенттер Жылыой, Исатай, Қызылқоға аудандарындағы өндіріс алаңында мұнайшылармен қатар еңбек етулерімен бірге, айлық жалақы да алады. Пилоттық жобаның іске қосылуын және  студенттерге төленетін жалақыны «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамы өз бюджетінен төлеп  отыр.  Жаңа жоба бойынша 15 студент оқуын бітірді. Арнайы мамандардан құрылған комиссия алдында сынақ тапсырды. 2015 жылдың Атырау жастары үшін тағы бір басты жаңалығы – «Ембімұнайгаз» компаниясы Атырау қаласында орналасқан «APEC Petrotechnic» жоғары техникалық оқу орнының 5 студентіне стипендия төлеу бағдарламасы іске қосылды. Компания бекіткен  стипендияға лайықты студенттер алдын-ала іріктеуден өтті. Олар - аз қамтылған және көп балалалы  отбасыларының балалары мен балалар үйінің тәрбиеленушілері. Бұл пилоттық жобалар – Ембінің тың бастамасы.  Компания облыс аумағында бұқаралық спорттың дамуына үнемі қолдау көрсетуде. Облыстық деңгейде спорт шараларын ұйымдастырып, республикалық, халықаралық спорт додаларында облысымыздың намысын қорғаған спортшыларға қаржылай көмек көрсетті. Бұл жөнінде қазір сіздер арнайы дайындалған бейнефильмнен көре аласыздар» деп ойын аяқтаған Қ.Калидуллин сөзінен кейін жұртшылықтың назары бейнефильмге ауды. Онда әлеуметтік көмектер қалай көрсетілді, нақты қандай жұмыстар атқарылып, орындалғаны және азаматтар тілегі айтылған еді.

Фильмді көріп болған соң залдағы шараға қатысушылар қызу қолдау білдіріп, шын ниетімен алақан ұрып, құрметтерін білдірді. Бұл халықтың шынайы ықыласы еді. Баяндамашыны мұқият тыңдап, бейнекөрсетілімнен зор әсер алған облыс әкімінің бірінші орынбасары, жиналыс төрағасы Ғұмар Дүйсембаев «Ембімұнайгаз» АҚ-ның әлеуметтік, қайырымдылық бағытта жасаған игі істеріне жоғары баға берді. Биыл үйі суға кеткен көп балалы ана Г.Қызылташтың отбасына үй салу үшін қаражат бөлу туралы Компания басшысының бастамасын құптап, Компанияның басқарма төрағасы Қ.Есқазиевке алғысын білдірді. Мұның бәрі әрине басқарма төрағасы мен мүшелерінің, тұтас ұжымның халықтың мұң-мұқтажын түсініп, соған жаны ауруы, түсіністік танытуы арқасында жүзеге асырылып отыр. Жүректен жылу кетпесін!

 

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх