Брест қамалына барып қайтты

Брест қамалына барып қайтты
30.06.2016
486
Әлеумет

Брест қамалына барып қайтты

Атырау мұнай-газ институтының «Атырау-Брест» әскери-патриоттық экспедициясы «22 маусым. Брест қамалы» деген тақырыпта Беларусь елінің Минск қаласында өткен фестивальға қатысып қайтты. Құрамында 20 адам болды. Жетекшісі – институт мұражайының директоры Талғат Ільясов. Фестивальға ТМД және Еуропа елдерінен 20 мыңға жуық адам жиналған. Жолсапарға «Ембімұнайгаз» АҚ, Атырау мұнай өңдеу зауыты, «Атырау-Жарық» АҚ, «Қазақстан темір жолы» компаниялары демеушілік көмек көрсетті. 

– Экспедиция қызықты өтті. «Ембімұнайгаз» АҚ 15 адамның жол шығынын, жатын орны, басқа да қажеттерін өтеді. Жолшыбай Брестке дейін Волгоградтағы Мамаев қорғанына соқтық, батырлар рухына тағзым еттік. Одан кейін Мәскеудегі Волоколамск тасжолымен Минск қаласындағы мемлекеттік мұражайға бардық. Соңғы аялдама Брест қамалы болды. Топ құрамында Ұлы Отан соғысы ардагері, «Даңқ» орденінің толық иегері Евгений Полыниннің шөбересі Юрий Полынин де болды. Маусым айының 20-сы мен 22-і аралығында үш күнге созылған «Брест қамалы» фестивалі өтті. Жалпы, соғыс басталғанда ең бірінші немістер «Брест қамалына» шабуыл жасаған. Сол себепті фестивальдегі құрылған сценарийдің өзі ерекше. Мысалы, соғыс демалыс күні басталды, сондықтан сол күні фестивальге қатысушылар кино көріп, демалыс күнін суреттеп жеткізуі керек. Әуелі бейбіт күндегі мамыражай тірлік көрсетілді. Соғыс басталады деген ой ешкімнің қаперіне кіріп-шығар емес. «Соғыс» деген суық сөз сананы сансыратып жіберді. Одан кейін Бресттегі шайқас көрінісі басталды. Біз барғанда «Брест қамалының» 125-інші атқыштар полкінің құрамына кірдік. Брест қамалын қорғау сәтінен қойылған 600 адамдық театрландырылған көріністерге қатыстық. – дейді Талғат Ільясов.
Негізінен «Брест қамалын» қорғағандардың жартысынан көбісі қазақтар болған деседі. Брест қорғанысына 3 мыңнан астам қазақстандық қатысқан болса, соның көбі қазақтар болған. Бәрі де өрімдей жас жігіттер. Ұрыста жан тапсырғаны қаншама. Аталған полктің штабында әлі күнге дейін казарма сақталған.
– Брест қамалына сапар тамаша әсерлі өтті. Атыраулықтарды облыс әкімінің орынбасары Ғұмар Дүйсембаев бастап барды. Бресттегі жергілікті атқарушы орган шараға бастан-аяқ тыңғылықты дайындалған. Шараға жиналған жергілікті тұрғындар мен келуші қонақтар да көп болды, соның ішінде жастар үлесінің молдығы қуантты. Бірнеше күнге созылған шаралар легі өтті. Митинг-реквием 22 маусым күні таңғы 4-те басталды. 1941 жылғы таңдағы соғыстың алғашқы сәттері көрініс арқылы қайта жаңғыртылып, қанқұйлы сәтті көз алдыңа әкелді. Жанды көріністің әсерлі болғаны соншалық, көрермендер арасында көзіне жас алғандар аз болмады. Соғыстың зардабы, жаныңды жаныштаған ауыр халі, солдаттардың жанқиярлық ерлігі халықтың жүрегінде қалып, ұрпақтан ұрпаққа беріліп отырған сыңайлы. Халықтың соғыс қиындығын ұмытпағаны айқын білінеді. Брест тұрғындары сондай қарапайым. Мектеп оқушыларының пионер ұйымы, жастар ұйымы да екпінді жұмыс жасайды. Шын мәнінде патриот, сондай ықыласпен еңбек етуде. Мұрағат қызметкерлері де күні-түні тынымсыз еңбек үстінде болды. Брестте жолдасымның әкесі соғысқан болатын. Мұрағаттан сол кісі туралы біраз деректер таптық. Атамыз 1939 жылдан Брестте рота старшинасы шенінде әскери қызмет атқарып жүрген. Соғыстың алғашқы күнінен-ақ қанды шайқасқа көппен бірге қатысқан. Шара барысында боздақтардың аты-жөні аталып, экраннан суреттері көрсетілді. Рухтарына тағзым етілді. Жалпы, үлкен әсер алып қайттық. Жастарға нағыз патриоттық тәрбие деген осы, – дейді «Ембімұнайгаз» АҚ бас директорының экономика және қаржы жөніндегі орынбасары Рысты Тасмағамбетова. 
Жалпы, немістердің жоспары бойынша Брестті 8 сағатта-ақ жаулап алу қажет болған. Ал шын мәнінде ұрыс 22 күнге созылған. Германияның мықты әскери техникасына қарсы жай қара мылтықпен жан аямай соғысып, үлкен ерлік көрсеткен жауынгерлердің қаһармандығы ұмытылмақ емес. 
Брест Қорғанысы – Ұлы Отан соғысының алғашқы күндері жау соққысына ерлікпен тойтарыс берген КСРО-ның шекаралық шебіндегі қаһармандық соғыс қимылы. 1941 ж. 22 маусым күні қамалда 7-атқыштар батальоны, атқыштар корпусының штабтық және шаруашылық бөлімшелері, застава, шекаралық отряд, НКВД әскері және медсанбат болған. Қорғандағы адамдар саны 7-8 мыңнан аспаған, бірақ жау қамалды атқылай бастағанда, олардың тең жартысына жуығы алдын ала белгіленген жерге кетіп, бекіністерде шамамен 3,5 мыңдай адам ғана қалған. Қамалға қарсы гитлершілер Варшава мен Парижді алуда ерекше көзге түскен 45-жаяу әскер дивизиясын жапты. Оларға ауыр артилл. батареялары мен 1250 кг-дық фугастық және 2200 кг-дық бетон жарғыш снарядтар ататын “Тор” жүйесіндегі аса қуатты артилл. қондырғылары қолдау көрсетті. Қамалға жау ұшақтары 1800 кг-дық жарықшақтық, жандырғыш және фугастық бомбалар тастады. Көп ұзамай қамал түгелдей қоршауда қалды. Алғашқы абыржушылықты пайдаланып, жаудың шабуылдаушы батальондары десанттық қайықтар мен көпір арқылы цитадельге өтті де, Тересполь қақпасын және шіркеу үйін басып алды. Қамал гарнизоны үлкен шығынға ұшырады. Қамалды қорғаушылар әрбір үй, әрбір қабат, әрбір бөлме үшін жан алып, жан берісті. Тек 24 маусымға қараған түні ғана жау Волын бекінісінің негізгі объектілерін басып алды. Тересполь объектілерін алу үшін олар тағы бір апта арпалысты. Фашистер бұл майданда отатқыштарды, уландырғыш заттарды қолданып, бекініс-жертөлелерді су астына батырды. Шілденің 20-сы күні ғана майдан шебі шығысқа, Смоленскіге қарай ауысты да, айқас толас тапты. Жау 44-атқыштар полкінің майоры П.М.Гавриловты тек 23 шілдеде жаралы күйінде ғана қолға түсірді, ал сол қанды шайқаста ерлік көрсетіп, аман қалған жауынгерлерін алып шыққан лейтенант Н.Плужников 1942ж. 12 сәуіріне дейін басқа майдандарда соғысты. Брест қамалын қаһармандықпен қорғаған 33 ұлттың өкілдері арасында қазақстандық жауынгерлер В.Лобанов, Р.Хабибуллин, Айтбаев, И.С.Арыскин, И.Волнистов, Д.Жақыпов, Жампейісов, К.Иманқұлов, П.А.Карболин, М.Ниязов, К.Байжігітов, Ф.Д.Виволанец, С.Н.Лебедов, И.Е.Черемнов, М.И.Карслиев, А.Сабырбаев, Г.Д.Деревянко, т.б. болды. Цитадельде, Тересполь қақпалары мен орталықтағы қиян-кескі шайқаста 333-атқыштар полкінің құрамында Бейсембеков, В.Н.Горянов, С.Ушуров, В.Д.Жищенко, М.И.Кобзарев, т.б. қаһармандықпен соғысты. Брестің оңт.-шығыс бөлігін алғаш қорғаушылар арасында болған Ғ.Жұматов есімі де құрметпен аталады. 1956 ж. цитадельдегі казарманың сау қалған бөлігіне Брест қамалы қорғанысының музейі орналасқан болатын. 1971 ж. оның негізінде мемориалдық ансамбль ашылды. Бауырластар зираты оның құрамдас бір бөлігіне айналды. Зиратта қамал қорғау жолында ерлікпен шейіт болған 850 кісі жерленген. Олардың 213-інің есімі анықталған. 1965 ж. 8 маусымда Брест қамалына “Батыр-қамал” атағы берілді. 
Брест қорғанысына 3 мыңнан аса қазақстандық қатысқан. Олардың жартысынан астамы қазақтар еді.

 

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх