Мұнайшылар спартакиадасы биыл қалай өтеді?

Мұнайшылар спартакиадасы биыл қалай өтеді?
15.07.2016
553
Қызметкерлер

Мұнайшылар спартакиадасы биыл қалай өтеді?

«ҚазМұнайГаз»Барлау Өндіру» АҚ Әлеуметтік саясат және шаруашылық қамтамасыз ету департаментінің директоры Бақыт Сайынұлы Иманғалиев биылғы жылы өтетін мұнайшылар спартакиадасы бойынша «Мұнайлы мекен» газетінің сұрақтарына жауап береді. 

– Бақыт Сайынұлы, ҚМГ БӨ компаниялар тобы қызметкерлерінің Спартакиадасы биыл жаңа форматта және «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ аясында өтеді деген ақпараттан хабардармыз. Биылғы  спорт сайысындағы өзгерістерді Өзіңіз таратып айтып беріңізші? 

– 2012-2015 жылдар аралығында «ҚазМұнайГаз»БӨ»АҚ еншілес компаниялары арасында дәстүрлі спартакиада өтіп, спорттың оннан астам түрінен мұнайшылар жарысқан болатын. Бұл біздің кәсіпорындар қызметкерлерінің өзара қарым-қатынасын нығайтуға, салауатты өмірді кеңінен насихаттауға зор үлесін қосты. Биыл да шара жалғасын табады. Форматы ауқымды. Шараның басты ұйымдастырушысы – «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ. 
Спартакиадаға 10-топқа бөлінген «ҚазМұнайГаз» ұлттық компанияға қарасты мекемелерден құралған командалар қатысады. Аталған 10 топтың үшеуін ҚМГ БӨ және еншілес компанияларының қызметкерлерінен жасақталған командалар құрайды. 
Атап айтсақ, бірінші топта ҚМГ БӨ, «Ембімұнайгаз» АҚ және «ҚазГерМұнай» БК» ЖШС, екінші топта «Өзенмұнайгаз» АҚ, «Жөндеу» ЖШС, «КРУЗ» ЖШС, «Кен-құрлыссервис» ЖШС, «Су және тасымалдау басқармасы» ЖШС, «Қазақ газ өңдеу зауыты» ЖШС және «KMG EP Catering» ЖШС, сондай-ақ, үшінші топта «Қаражанбасмұнай» АҚ, «Технологиялық көлік және ұңғымаларға қызмет көрсету басқармасы» ЖШС, «Argymak Trans Service» ЖШС, «Тұлпар мұнай сервис» ЖШС және Битум зауыты мекемелері қызметкерлерінен құралған командалар бар. 
Ал, қалған 7 топ ҚазТрансОйл» АҚ, «ҚазТрансГаз» АҚ, «ҚазМұнайГаз – өңдеу және маркетинг» АҚ, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ,  «ҚазРосГаз» ЖШС, «Интергаз Орталық Азия» АҚ, «ҚазМұнайТеңіз» ЖШС, «Қазақтүрікмұнай» ЖШС, «ҚазақойлАқтөбе» ЖШС, «Петро Қазақстан Ойл Продактс» ЖШС, «Павлодар мұнай-химия зауыты» ЖШС, «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС және басқа да көптеген мекемелерден құралған. 
Спартакиада екі кезеңде өткізіледі. Оның біріншісі – жергілікті жерде өтетін іріктеу кезеңі, екіншісі – Астанада өтетін ақтық қорытынды, финалдық кезең. Жергілікті жерде, яғни өңірлерде біздің бірқатар еншілес кәсіпорындарымызда алғашқы іріктеу кезеңі өтті. Мұнайшылар өзара сайысып, үздіктерін анықтады.

– Мысалы, «Өзенмұнайгаз» АҚ атынан түсетін құрама командаға тоқталсаңыз? Команда мүшелері спорттың барлық түрінен де ӨМГ атынан сайысқа түсе ме? 

– «Өзенмұнайгаз» АҚ спорттың қай түрінен болса да жүйрік екенін білеміз. Бірақ, біздің басқа еншілес кәсіпорындарымызда да спорттың жекелеген түрлерінен мықты қыз-жігіттер бар. Олар ӨМГ атынан командалық ойындарда жарысқа түседі. Ал, спорттың жекелеген түрінен мықтырақ болса мысалы, өзі еңбек ететін «Жөндеу» ЖШС, «КРУЗ» ЖШС атынан түсе алады деген келісім бар. Бұндай жағдай ҚБМ, ҚМГ БӨ құрама командалары мүшелеріне де қатысты. ҚМГ БӨ құрама командасына негізінен ЕМГ және ҚГМ компаниялары тепе-тең адам санымен және 5 адам ҚМГ БӨ-ден кіреді. Бізде спорттың жекелеген түрінен мықты жігіттер бар. ҚМГ БӨ компаниялар тобын үш құрама командағы бөлу ҚМГ ҰК идеясы.

– Сонымен ҚМГ ҰК Спартакиадасы спорттың қанша түрінен және қайда өтеді?

– Спартакиаданың өту мерзімін ҚМГ ҰК анықтайды, шамамен сол қыркүйек айының алғашқы он күндігінде болады. Сайыс Астанада спорттың мынадай түрлерінен өтеді. Олар: шағын футбол, волейбол, баскетбол, шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ, жүгіру және аралас эстафета, үстел теннисі, бильярд. Сайыстарға төрешілерді ҚМГ ҰК өзі тартатын болады. Жүлделер тағайындау, марапаттау шаралары барлығы Спартакиаданы ұйымдастырушы ҚМГ ҰК міндетінде болады. ҚМГ БӨ осы спартакиаданың ұйымдастыру комитеті жұмыстарына өзінің 13 еншілес кәсіпорындарынан бір адамнан жауапты қызметкерлерді бөлді. 

– Спартакиаданы ҚМГ БӨ биыл әдеттегідей өзі неге өткізбеді деген сұрақтар да туындауы мүмкін...

– Иә, биылғы жылдан бастап спартакиаданың форматы өзгерді. Өткен жылға дейін біз ҚМГ БӨ компаниялар тобы қызметкерлері арасында өткізіп келдік. Тартысты, қызықты болды. Биылғы жылы сайыс, жарыстар бұрынғыдан да қызықты болады деп ойлаймыз. Өйткені, біздің мұнайшылар енді «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ тобына кіретін бірнеше  компаниялар командаларымен жарысады. Жоғарыда олардың біразын атап өттік. Спартакиада қанатын кеңінен жайды. Бұл кіл мықтылар мен шыңдалған шымыр, спортсүйер  қызметкерлер арасындағы достық кездесулер. Шыны керек, біздің ҚМГ БӨ компаниялар тобындағы ойыншылар бір-бірімізді әбден танып, қай команданың спорттың қандай түрінен оқ бойы озық екенін біліп те қалдық. Енді Ұлттық компания аясында өтетін  Спартакиада да біз тағы бір үлкен белестерді бағындыруға күш саламыз, әрі жаңадан дос, әріптестер табамыз. Қарым-қатынасымыз кеңейеді. Сондықтанда  өткен жылдың күзінде «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ тарапынан биылғы спартакиада ҚМГ ҰК аясында өткізу туралы ұсыныс түскенде біз өз тарапымыздан қолдадық. Спорт – достықтың алтын көпірі. Бұқаралық спортты насихаттауда және ішкі өзара қарым-қатынасымызды нығайтуға жаңа форматтағы Спартакиаданың да берері мол деп сенемін. Бүгінгі күні біздің еншілес компаниялар тобындағы қызметкерлер алдағы күзде болатын Спартакиадаға тыңғылықты дайындықты жүргізуде. Жұмыста жемісті, спортта жеңісті болып жүрген әріптестерімізге алдағы сайыстарда тек жарқын жеңістер, жақсы әсерлер, көңілді сәттерді тілеймін.

– Әңгімеңіз үшін рахмет.

 

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх