Қоршаған ортаның зардап шекпеуіне әрқайсымыз жауаптымыз

Қоршаған ортаның зардап шекпеуіне әрқайсымыз жауаптымыз
15.07.2016
2530
Еңбекті қорғау

Қоршаған ортаның зардап шекпеуіне әрқайсымыз жауаптымыз

Қандай өндіріс саласы болсын, яғни мұнай өндіру, тасымалдау, дайындау барысында, құрылыс жұмыстары немесе көліктік қызмет, сонымен қатар басқа да жұмыстардың атқарылуы кезінде қоршаған ортаның белгілі бір мөлшерде ластануына жол берілетінін жоққа шығара алмайсыз.

Бұл орайда, жер қойнауын игеріп отырған «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ қоршаған ортаны қорғау мәселелерін басты назарда ұстап, мейілінше тиісті іс-шараларды атқарып келеді. Атап айтқанда, қазіргі таңда еншілес мекемеміз – «Ембімұнайгаз» АҚ-на қарасты кенорындарындағы ластанған жерлер мен жинақталған өндірістік қалдықтардың көбі жойылды. Тиісті орталық құзырлы органдармен келісе отырып, «Өзенмұнайгаз» АҚ-ның Өзен кенорнындағы кеңес заманынан қалған тарихи жинақталған өндірістік қалдықтарды жою жұмыстарын қаржыландыру және жүргізу міндетін өз мойнымызға алдық.

Ластанған жерлерді тазалаумен қалдықтарды өңдеу, жою, сонымен қатар қондырғылардың қызметі кезінде пайда болатын улы газдардың көлемін азайту үшін арнайы компаниялармен ұсынылған қазіргі заманға сай деген бірнеше технологияларды зерттеп, тәжірибелік-өндірістік сынақтар жүргіздік. Осы орайда, мұнаймен ластанған жерлерді биологиялық әдіспен тазалау, қалдықтарды гидродинамикалық және химиялық әдіспен тазалап, жою жұмыстары оң нәтижелерін берді. Отандық компания өндірген улы газдарды тұтқыш сүзгілердің толыққанды жұмыс атқаруы үшін пысықтау қажеттілігі анықталды.

Өзен кенорнында құбырлардың жарылуынан, ұңғымаларды күрделі және жерасты жөндеу кезінде технологиялық талаптардың барлық уақытта сақталмауы салдарынан пайда болатын мұнай төгінділерін жинау, тазалау жұмыстарымен айналысатын арнайы экологиялық бригада 2014 жылы құрылып, өз жұмысын тиімді атқарып келеді. 

Сонымен қатар, Өзен кенорнында көп жылдардан бері өз шешімін таппай келе жатқан мәселе түйіні де тарқатылды, бұл – мұнай өндіру салдарынан пайда болған көп көлемдегі төменрадиоактивті металл қалдықтарын тазалау және жою жұмыстары 2014 жылдан бастап автоматтандырылған соңғы озық үлгідегі технологияның көмегімен іске асырыла бастады.

Жоғарыда аталған жұмыстар және басқа да өндіріс қажеттілігінен туындайтын көптеген экологиялық шаралар Компанияның еншілес және тәуелді мекемелерінің жыл сайынғы қоршаған ортаны қорғау іс-шаралары жоспарында орын алып, тиісті құзырлы органдармен келісе отырып, толыққанды орындалып келеді.

Алайда қазіргі таңда басты назар аударатын жағдайлар, яғни еншілес және тәуелді кәсіпорындардағы қызметкерлер тарапынан жұмыс кезінде технологиялық талаптардың сақталмауынан өрескел экологиялық заң бұзушылықтарға жол беріліп отыр. Атап айтқанда, құбырлардың уақтылы ауыстырылмауынан жарылу процесстері, ұңғымаларды күрделі және жерасты жөндеу кезінде тұншықтыру жұмыстарының толық іске аспауы, ұңғымалар тығырықтарының уақытылы ауыстырылмауы салдарынан көп жағдайларда уақытында атқарылуы тиіс жұмыстарға және басқа да келеңсіз жағдайларға жұмсалатын қаражаттан, заң бұзушылықты жоюға және қалпына келтіру жұмыстарына бағытталатын қаражат көлемі мемлекеттік органдармен салынатан айыппұлдарды қоса алғанда, бірнеше есе асып түсіп жатады. Жол берілген заң бұзушылықтар, оның ішінде мұнай сұйықтығының төгілу туралы хабарлануы міндетті мәліметтерді жұмысшылар жасырып, мекемелердің тиісті департаменттеріне, Компанияға әрі толыққанды әрі уақытылы ақпарат жеткізілмей отыр. Осы орайда, болып жатқан келеңсіз жағдайлар бойынша есептің болмауынан, алдын алу және болдырмау шараларын ұйымдастыру үшін қандайда бір ұтымды шешім қабылдау мүмкін еместігін ашық айтуға тиіспіз. 

Сол себепті, бірінші кезекте таза табиғат аясында өмір сүруді қаласақ, барлығымыз оған бір кісідей ат салысуымыз керек деп санаймыз. 
Экономикадан экология зардап шекпеуі керек. Технологиялық талаптардың мүлтіксіз орындалуына, орын алған олқылықтарды болдырмау жолын қарастыруға бәріміз жауаптымыз. Өйткені, қоршаған орта – табиғат сіз бен біздің өмір сүріп отырған ортақ үйіміз. 

Бақытжан Аманиязов, 
«ҚазМұнайГаз» БӨ» АҚ Қауіпсіздік техникасы, еңбек пен қоршаған ортаны қорғау департаментінің директоры

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх