Қоғамның дамуына үлесін қосып келеді

Қоғамның дамуына үлесін қосып келеді
18.02.2016
356
Әлеумет

Қоғамның дамуына үлесін қосып келеді

Келешек даму конференциясы аясында «ҚазМұнайГаз»ҰК АҚ Басқарма төрағасы Сауат Мыңбаев және ҚМГ БӨ бас директоры, «Ембімұнайгаз» АҚ бас директорының бірінші орынбасары Құрманғазы Есқазиев «Ембімұнайгаз» АҚ оқыту бағдарламасына қатысушы студенттермен, компания әлеуметтік көмегін көріп отырған азаматтар және қайырымдылық ұйымдарының өкілдерімен кездесті.

Кездесу барысында «Ембімұнайгаз» АҚ-ның Атырау облысының әлеуметтік-инфрақұрылымдық дамуына және демеушілік және қайырымдылық бағдарламаларына қосып отырған үлесі туралы бейнефильм көрсетілді. Компания қаражатына облыста балабақшалар, денешынықтыру кешендері салынып, Мәдениет үйлері мен сауықтыру орталықтары күрделі жөндеуден өткізілген. Аз қамтылған және мүгедек жандарды қолдауға, сырқат балалардың операциясын төлеуге демеушілік қаражаттар ұдайы бөлініп отырады. 2012-2015 жылдар аралығында ЕМГ демеушілік және қайырымдылық бағдарламасына миллиард теңгеден астам қаражат бөлді.

Бейнефильм көрсетілімінен соң «Кішкентай ел» ҚҚ қайырымдылық ұйымының өкілдері Ерлан Күмісқалиев және «Асар Атырау» еріктілер тобынан Гаухар Қуанова С.Мыңбаев пен Қ.Есқазиевқа ембілік мұнайшылардың мүгедек балаларды оңалттыруға және жедел операцияны қажет еткен балаларға көрсеткен көмектері үшін алғыстарын білдірді.  

Атырау қаласының тұрғыны Наурызбек Жұмағалиев те мұнай компанияларының басшыларына алғысын айтты. Бұл азаматтың отбасына «Ембімұнайгаз» АҚ екі рет қайырымдылық көмегін көрсеткен. Біріншісінде Компания Жұмағалиевтің Жанель есімді екі жасар қызына бауырын (диагнозы – бауыр циррозы) трансплантациялауға жасалған операция бағасының 50%-ын төлеген.  Әкесі қызына донор болған. Екіншісінде қатты жауын-шашын салдарынан үйлері жапа шеккен тұрғындарға көмек үшін «Ембімұнайгаз» АҚ жұмысшыларының өз еріктерімен жинаған қаражаттан Жұмағалиевтардың ескі үйіне күрделі жөндеу жүргізілген. 

«APEC Petrotechnic» Жоғары техникалық мектебінің оқушысы Виктория Осипова тарапынан да ризашылық алғыс айтылды. Бойжеткен тұлдыр жетім, балалар үйінде тәрбиеленген. Қазіргі уақытта Виктория техникалық мектепте мұнай саласы бойынша білім алуда. 

Кездесу жылы жақсы көңіл-күйде өтті. Жүздесу барысында ҚМГ ҰК басшысы С.Мыңбаев, Жұмағалиевтер отбасының жағдайына тоқтала отырып, әлеуметтік көмек көрсетуде нақты осындай қолдауға қажет жандарға қол ұшын созудың маңыздылығын атап айтты. Қызы үшін бауырының жартысын бөліп берген әкенің қамқор әрекеті ерекше әсер қалдырғанын да жасырмады. Е.Күмісқалиев «Кішкентай ел» оңалттыру орталығының логотипі бар естелік белгіні С.Мыңбаев пен Қ.Есқазиевқа табыстады.

 

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх