Еңбекті қорғау және техника қауіпсіздігі

Еңбекті қорғау және техника қауіпсіздігі
18.02.2016
1410
Еңбекті қорғау

Еңбекті қорғау және техника қауіпсіздігі

ҚМГ БӨ Еншілес тәуелді ұйымдарының есепті жиналысында компания бас директоры Құрманғазы Есқазиев еңбек қорғау және қауіпсіздік мәселесіне айрықша көңіл бөлді. Басшы әрбір жұмыскердің басты міндеті – еңбек және технологиялық тәртіпті сақтау екенін атап айтты. Барлық жарақат алу оқиғалары тіркелуі керек. Әрқайсысы бойынша тәуелсіз тергеу жүргізілуі керек. Кінәлі адамдар жазаға тартылуы тиіс. Бастысы – өндірістегі қайғылы оқиғалар саны жылдан жылға азаюы тиіс, ауыр деңгейдегі және кісі өліміне соқтыратын оқиғалар болмауы тиіс. Әрбір еншілес компанияның басшысы бұл үшін жеке жауапкершілік алады.

2015 жылы ҚМГ БӨ еншілес және тәуелді ұйымдарында 40 қайғылы оқиға болды. Соның салдарынан 42 адам зардап шекті, екі адам қайтыс болды. 14 адам ауыр, 26 адам жеңіл жарақат алды. Кісі өліміне соқтырған 2 оқиға «Қаражанбасмұнай» АҚ және «Өзенмұнайгаз» АҚ-да болды. Екі оқиғада да қарапайым қауіпсіздік ережесі сақталмаған. Екі электр жөндеушісі электр қуатын ажыратпай жұмыс істеген.  

Арнайы құрылған комиссия, жауапты жұмыскерлер тарапынан қауіптілігі жоғары өндірістік жұмысқа жеткілікті бақылаудың болмағанын анықтады. Электр жабдықтарын қолдану кезінде техника қауіпсіздігі өрескел бұзылған, электр қуатынан қорғану құралдары қолданылмаған. Қызметтік тексеру жұмыстарының қорытындысы бойынша «Өзенмұнайгаз» АҚ-да 5 адамға қатаң сөгіс берілді, олар: 5 разрядты электр жөндеуші, шебердің м.а, ПТС бастығының м.а, топ басшысы және учаске бастығының орынбасары.

«Қаражанбасмұнай» АҚ-да өндірісте кісі өлімі болған оқиғаға орай құрылған арнайы комиссия жұмыс қорытындысы бойынша бір адамға ескерту, 4 адамға сөгіс және 3 адамға қатаң сөгіс берілді.

– Өндірістік қауіпсіздік, еңбек қорғау талаптарының бұзылуына жүргізілген талдау жұмыстары, технологияның сақталмауы негізінен өндірістің өзегінде жүрген барлық деңгейдегі басшылардың кінәсінен екенін көрсетеді, – деп атап айтты қаңтардың 25-де өткен ЕТҰ кездесуінде еңбек және қоршаған ортаны қорғау департаментінің директоры Бақытжан Аманиязов. – Басшылардың көпшілігі қауіпсіздік және еңбек қорғау саласындағы өз міндеттерін және олардың бұзылғаны үшін жүктелетін лауазымдық жауапкершілікті жете түсінбейді. Бақытжан Аманиязов қайғылы жағдай орын алған, кісі өлімі болған құрылымдық бөлімшелердегі жауапты адамдарды қызметінен шеттетуге дейін қатаң шараларды қабылдау қажеттілігін атап айтты. 

Жарақаттар себептері

ҚМГ БӨ бөлімшелеріндегі жарақаттар көп жағдайда, скважиналарға күрделі жөндеу жүргізетін жұмыскерлердің гидравликалық кілтті қолдану кезінде сақтық шараларын сақтамауы салдарынан болған. Шын мәнісінде олар СҚТ-ны қауіпсіз тез бұрау және босатуға арналған. Алайда, тәжірибеде бұл ең қауіпті құралға айналып отыр.

«Өзенмұнайгаз» АҚ МГӨБ-та мұнайды қыздыруға өндірістік қауіпсіздік талаптарына сәйкес келмейтін радианттық пештер қолданылады. 
Өндірістік нысандарда жұмыскерлер өз қызметіне жатпайтын жұмыстарды істейді. Мысалы, мұнай және газ өндіру операторы жөндеушінің жұмысын істейді, өндірістік нұсқаулық талаптарына сәйкес бұған мүлдем жол беруге болмайды.

Жарақаттың алдын алуда ұсақ-түйек мәселе болмайды

Жарақат алу өздігінен болмайды. Кішігірім жарақатты туындатқан жайт, міндетті түрде үлкен жарақатқа әкеп соқтырады. Сондықтанда біз кішігірім жарақатқа соқтырған жайттың дер кезінде қауіптілік себептерін анықтауға тиіспіз. Сауатты талдау жұмыстары қауіптің көзін анықтауға және оны жоюға бағытталған іс-шараларды жүргізуге мүмкіндік береді.

Сондықтан да 2015 жылдан бастап ҚМГ БӨ компаниялар тобында өндірістегі жеңіл жарақаттарды қоса алғанда, барлық жарақаттарды тіркеу және есепке алу саясаты қолға алынды. 2015 жылы осындай 86 оқиға тіркелді. Мұнымен бұл жұмыстар шектелмейді. 2016 жылдан бастап ҚМГ БӨ барлық еншілес және тәуелді ұйымдары әрбір оқиғаға тиянақты тергеу жүргізіп, себебін анықтауы тиіс. Тәжірибе көрсеткендей, өндірісте ұсақ-түйек нәрсе деген болмайды, соңы ауыр жағдайларға соқтыртпас үшін кез келген кішігірім оқиғаға дер кезінде көңіл аударып, тиісінше шаралар қабылдау қажет. 

Адам өмірі мен денсаулығы – негізгі басымдылық

Әрбір жұмыскердің өмірі мен денсаулығы – бұл еңбекті қорғау және өнеркәсіптік қауіпсіздік департаменттері мен бөлімдерінің ғана қамқорлығындағы мәселе емес. Ауысымға және вахтаға шығатын, кеңседе жұмыс істеп, кен орнына баратын әрбір жұмыскердің міндеті – өз лауазымдық міндеттерін мүлтіксіз орындау. Өндірістік міндет қандай болса да, бірінші кезекте қауіпті жағдайлардың туындауы туралы ойлау керек, жабдықтар сынбаған болуы керек, дер кезінде жөндеп, техника қауіпсіздігі ережесін сақтау қажет.

 

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх