«Ембімұнайгаз» АҚ жас түлектерге Еңбек кітапшасын тапсырды

«Ембімұнайгаз» АҚ жас түлектерге Еңбек кітапшасын тапсырды
29.07.2016
513
Жастар

«Ембімұнайгаз» АҚ жас түлектерге Еңбек кітапшасын тапсырды

Бұдан бұрын жазғанымыздай, былтырғы жылдың күзіне қарай «Ембімұнайгаз» АҚ Атырау мұнай және газ институты және «АРЕС Petrotechnic» Жоғарғы техникалық мектебімен бірігіп, студенттерді дуалды оқыту бойынша пилоттық жобаны іске қосқан болатын. Биыл жобаға қатысушы алғашқы қарлығаштар қолдарына диплом алды.

Сонымен қатар оларға, яғни «Ембімұнайгаз» АҚ дуалдық оқу бағдарламасы бойынша пилоттық жобаның алғашқы түлектеріне еңбек кітапшасын салтанатты түрде табыс етті. Институттың 15 және техникалық оқу орнының 5 түлегі өз білімдерімен жобаға қатысу мүмкіндігіне ие болғаны арқасында осындай дәрежеге жетті.

– Дуалдық оқыту бағдарламасының тиімділігі – біз теориялық білімдері мен тәжірибені ұштастыра білетін мамандарды дайындауға қол жеткіземіз. Өндірісте практикадан өтіп, тәжірибе жинақтаған студенттердің болашақта жұмысқа орналасуына да мүмкіншіліктері мол. Мұнай-газ саласының кәсіби мамандарын дайындау мақсатында компания өткен жылы дуалдық оқу бағдарламасы бойынша пилоттық жобаны іске қосып, ол табысты жүзеге асып жатыр, – деп атап өтті еңбек кітапшасын табыстау сәтінде бас директордың өндіріс жөніндегі орынбасары Айболат Ғабдуллин.

Пилоттық жобаны жүзеге асыру кезінде студенттер 5 айдан 10 айға дейінгі мерзімде бекітілген кестеге сай білім алды. 14 күн білім ордасында теориялық білім алса, келесі 14 күн бойы компанияға қарасты «Жайықмұнайгаз», «Жылыоймұнайгаз», «Қайнармұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармаларының өндіріс алаңдарында ауысымдық әдіспен еңбек етті. Студенттер өндіріс алаңдарында өткен еңбек вахтасы үшін ай сайын салық шығындарының төлемдерін қоса алғанда, 66 мың теңге көлемінде төлем алып отырды.

Біліктілік емтиханының қорытындысы бойынша студенттерге «ұңғымаларды зерттеу операторы» квалификациясы беріліп, ол еңбек кітапшасына жазылды. Оқу бағдарламасының барлық ұйымдастыру жұмыстары мен студенттерге берілетін төлемдерді «Ембімұнайгаз» АҚ өз бюджетінен шығаруға шешім алған.

Жалпы, «Ембімұнайгаз» АҚ еліміздегі жоғары және орта білім ордаларымен қазақстандық мамандарды 3 бағытта дайындауда әріптестік байланыс орнатқан: дуалдық оқу бағдарламасы, стипендия төлеу бағдарламасы және студенттердің өндірістік практикасы. Стипендия төлеу бағдарламасы бойынша компания «АРЕС Petrotechnic» жоғары техникалық білім ордасының 5 студентіне (әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасының балалары) қолдау көрсетуде: оқу бағдарламасының процесінде шамамен 6 млн. теңге көлемінде қаражат, сонымен қатар, ҚР заңнамаларына сәйкес ең төменгі бір мезеттік жалақы деңгейінде стипендия төлейді. Оқу мерзімі – 2 жыл 10 ай. Компания сонымен қатар стипендия иелерінің оқу кестесіне сай өндірістік тәжірибеден өтуін қамтамасыз етеді. Үшінші бағыт бойынша 2014 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін ЕМГ базасында қазақстандық жоғары және орта білім орындарының 702 студенті өндірістік практикадан өтті, олардың ішінде 392 студент – «АРЕС Petrotechnic» жоғары техникалық мектебінен.

Жас түлектерге өндіріс басшылары мен сала мамандары, оқу орны ұстаздары да ақжол айтып, болашақта жақсы маман болуын тіледі. Жоғарыда айтқанымыздай, түлектерге біліктілік санаты берілуі алға қарай жұмысқа орналасу кезінде көмектеседі. Бүгінгі таңда Компания басшылығы дуалдық оқу бағдарламасын алдағы уақытта да жалғастыруды көздеп отыр.

Наурызбек Ермұханов, «АРЕС Petrotechnic» жоғары техникалық мектебінің түлегі:

– Мен өндірістік тәжірибеден «Жайықмұнайгаз» басқармасына қарасты Оңтүстік Батыс Қамысты кен алаңында өттім. Шыны керек, теорияны білгенмен, іс жүзінде жасаған бөлек екен. Алғашқы күннен-ақ қызыға түстік. Өндірісте ең бастысы қауіпсіздік екенін түсіндік. Өз жұмысымызды да терең меңгердік. Оған қоса алғашқы жәрдем көрсету, өрт, өнеркәсіптік қауіпсіздік, басқа да өндірістегі маңызды бағыттарды үйреніп қалдық. Ал институтқа келгенде білімімізді толықтырамыз. «Ембімұнайгаз» АҚ мамандарына бізге өндірістің қыр-сырын үйреткендері үшін және еңбек кітапшасына «ұңғымаларды зерттеу операторы» квалификациясын жазып бергені үшін ризашылығымызды білдіреміз.

Бейбіт ӘБІШ, Атырау мұнай-газ институтының мұнай факультетінің түлегі:

– Мен жоба аясында «Қайнармұнайгаз» басқармасының Ж.Берегенов атындағы кен орнында тәжірибеден өттім. Бағдарлама арқасында өндіріс тынысына араласып, бәрін үйрендік. Жұмысшылармен бірдей талап қойылып, қатаң жауапкершілік сұралды. Бүгінде ұңғымаларды зерттеу операторы нені білуі тиіс болса, соның бәрін меңгердік деп ойлаймын. Әрине, үйренеріміз алда да көп қой, дегенмен тәлімгер ағалардың айтқаны мен көрсеткенін бұлжытпай сапалы орындадық. «Ембімұнайгаз» компаниясына осындай мүмкіндік туғызғаны үшін көп рахмет. Оның үстіне дипломмен қатар еңбек кітапшасын қатар алдық, онда жұмыс жасаған күндеріміз еңбек өтілі ретінде жазылды. Жұмысқа орналасуда оның көмегі тиер деген үміттеміз.

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх