Ізденген мұратқа жетеді

Ізденген мұратқа жетеді
29.07.2016
310
Жастар

Ізденген мұратқа жетеді

Биылғы маусым айында «Қазгермұнай» БК» ЖШС базасында «ҚазМұнайГаз» БӨ» АҚ компаниялар тобындағы жас мамандардың ІV-форумы өтті. Осы шара аясында инновациялық жобалар сайысы ұйымдастырылып, онда «Ембімұнайгаз» АҚ маманы Самат Бековтың «Мұнай қабатын суландыруды моделдеу» жобасы үздік жұмыстар қатарынан табылған еді. Жобаның мақсаты, көздейтін нәтижелері қандай? Оқырман назарына жоба авторымен болған сұхбатты ұсынып отырмыз. 

– Самат, алғашқы жеңісің құтты болсын! Бұл өндірістегі бастапқы еңбегің шығар?

– Ия, студент кезде әртүрлі жобаларға қатысып жүрдік қой, бірақ өндірістегі мәселе басқаша екен.

– Өзгешелігі бар ма?

– Оқудың жөні бір бөлек, еңбектің жолы күрделі болғандықтан шығар.

– Жүлдеге ие болған «Мұнай қабатын суландыруды моделдеу» атты жобаңның маңыз-мақсатына тоқталып өтсең?

– Жұмыстағы аға буын мамандар, геолог-геофизиктер, басқа да мамандармен кеңесіп, осы тақырыпқа тоқтадық. Яғни, мен мұнай қабатын моделдеудің үш нұсқасын алдым. Бірінші, 1 өндіруші ұңғыманы пайдаланам, екінші, 1 су айдау және 1 өндіруші, үшіншісінде 2 су айдау, 1 өндіруші ұңғыманың жұмысын қадағалаймын. Олардың мөлшерлі уақытын 100 күн деп белгіледім. Әрине, ол одан да көп уақыт, тіпті ондаған жылдар уақытты алуы мүмкін, бірақ мен шамалы уақытпен өлшеп көрдім. Жүз күннің ішінде қандай нәтижеге жетуге болатынын түсіндірдім. Қабат қысымы қандай, тұзы, суы, майы қандай деңгейде болады, қандай тереңдікте қандай күйге түседі, т.б. дегендей. Осылардың ішінен ең тиімді нұсқасын таңдауым керек. Осы жұмыстардың бәрін Natlab компьютерлік бағдарламасы бойынша жасап шығарып, комиссия талқысына ұсындым. Жобаның мақсаты жер қабатының құрылысына қарай өнімді неғұрлым көбірек және ұзағырақ алу. Егер нәтижелі болса, онда шынымен де жеңіске жеткеніміз деуге болады.

– Комиссия тұжырымы қандай болды?

– Комиссия құптарлық ұсыныс деді. Негізі әр жобаны түсіндіруге 10 минут берілген-ді. Бірақ мен 45 минут сөйлеппін. Себебі, жұмысты жалғыз өзің қорғап шығу дегеннен гөрі, пікіралмасу түрінде өтті деу лайық. Геологтар жан-жақты пікірлерін айтып, ұсыныстарын, толықтыруларын білдіріп жатты. Сондықтан жобаны талқылау сәті қызықты өтті.

– Теория мен іс жүзіндегі тәжірибенің тоғысқан, толысқан сәтінде адам ширығады ғой...

– Еңбек жолымды «Жылыоймұнайгаз» МГӨБ-на қарасты Прорва кен орнында ұңғымаларды зерттеу операторы болып бастадым. Оған дейін оқудың соңында жүрдік. Құлсарыдағы №20 мектепте оқып, білім алдым. 2010 жылы Алматыдағы Қ.Сәтпаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетін бітірдім. Содан кейін әртүрлі стипендияларға тапсырып жүрдім. 2011 жылы «Болашақ» бағдарламасының стипендиясын ұттым. Бір жылдай дайындық бөлімінде болып, 2012 жылдың күзінде Америка құрама штаттарының Колорадо қаласындағы тау-кен мектебіне тапсырдым. Оны 2014 жылы «Мұнайгаз ісінің магистрі» мамандығы бойынша бітіріп шықтым.

– Елдегі оқу мен шетелдегі оқудың айырмашылығы бар ма?

– Негізгі айырмашылық білім беру сапасында. Шетелде әлдеқайда мол мағлұмат беретін сияқты. Тілге ерекше мән береді. Содан кейін математика, әдебиет сынды басқа да мамандықтардан емтихан тапсырасың, ұпай жинайсың. Бір пәнде 120 сұрақ болса, соның 80-ін тапсыруың керек. Сонда ғана өтесің. Талап та қатаң.

– Жас мамандар күнінің өту барысы ұнады ма?

– Ұнады. Қызылорда қаласында 4 күн болдық. Қаланы араладық, Қорқыт ата мавзолейінде болдық. Содан кейін жобалар сайысы өтті. Тағы да қайталап айтарым, сайыс дегеннен гөрі пікірталас, тәжірибе алмасу деген дұрыс шығар. Шараның мақсаты да өндіріске ғылыми-техникалық жаңалықтар енгізуді қолдау ғой.

– «Генерал болуды армандамайтын солдат солдат емес» деген қағидаға қалай қарайсың? Оқыдым-тоқыдым, болдым-толдым, енді осы жұмысымды жайлап жасап жүре берсем болды деп ойлайсың ба?

– Жоқ, олай ойламаймын. Бір орында қарайып қалғым келмейді. Адам білімін үнемі толықтырып отыруы керек, рухани өсуі де, жатпай ізденуі де керек. Қызметте де өсуге ұмтылуы керек. Сондықтан өндірістің дамуына, ғылыми жұмыстарға алда да қатысам деп ойлаймын.

– Еңбегің жемісті болсын, Самат! 

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх