Үздік мамандар анықталды

Үздік мамандар анықталды
29.07.2016
481
Қызметкерлер

Үздік мамандар анықталды

«Ембімұнайгаз» АҚ

«Ембімұнайгаз» АҚ мұнайгаз өндіру басқармалары мен қосалқы бөлімшелері қызметкерлері арасындағы «Үздік маман» кәсіби шеберлік байқауы биылғы жылы 20-22 шілде күндері «Жайықмұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасының С.Балғымбаев кен алаңындағы арнайы оқу-жаттығу полигонында өтті. Байқауға «Жылыоймұнайгаз», «Доссормұнайгаз», «Жайықмұнайгаз», «Қайнармұнайгаз» мұнайгаз өндіру басқармалары мен «Ембімұнайэнерго» және «ӨТҚжЖК» басқармасынан барлығы 82 қызметкер қатысып, 13 мамандық бойынша өз біліктіліктерін сынға салды.

Мұнайшылар арасындағы «Үздік маман – 2016» байқауының ашылу салтанатында сөз сөйлеген «Ембімұнайгаз» АҚ» Бас директорының өндіріс жөніндегі орынбасары А.Ғабдуллин Ембі өндірісі үшін де, мамандардың біліктілігі үшін де маңызды бұл шараның берері мол екендігін атап өтті. «Бүгін Сіздердің сынға түскелі тұрған сәттеріңіз. Байқау бірінші рет емес, бірнеше жылдан бері өткізіліп келе жатыр. Мұнда мамандар білігін шыңдап, жарысу арқылы бірі бірінен үйреніп, тәжірибе жинақталады. Барлығыңызға сайыста сәттілік тілеймін», – деді ол.

Қатысушылар дәрігерлік тексерістен соң техникалық қауіпсіздік нұсқамасынан өтті. Байқау 13 мамандық бойынша жүзеге асырылды. Сөйтіп, мамандардың өз шеберліктерін көрсету ісі де басталды. Қойылған талап бойынша тапсырма сапалы әрі белгіленген уақыт мөлшерінде орындалуы тиіс. Әр мамандық бойынша комиссия құрылып, оның мүшелері тапсырмалардың қауіпсіздікке аса мән бере отырып, орындалуын қатаң қадағалады. Сайыстың теориялық бөлімінде де қатысушылардың білімі тексеріліп, берілген сұрақтарға дұрыс жауап беруіне мән берілді.

Ақырында, екі күн бойына өткен сайыс та өз мәресіне келіп жетті. Он үш аталым бойынша озаттардың аты аталып, марапаттары табыс етілді. Байқауда бірінші орынды иеленгендерді атап өтер болсақ, «мұнай-газ өндіру операторы» мамандығы бойынша «Қайнармұнайгаз» МГӨБ мұнай және газ өндіру операторы Е.Жұмағалиев иеленді. Ол былтыр да жеңіс тұғырынан көрінген болатын, биыл да озып шықты. Сондай-ақ, «Ұңғымаларды жерасты жөндеу операторы» бойынша «Қайнармұнайгаз» МГӨБ бригада мүшелері Е.Қарабаев, М.Сәуенов, Ж.Уахитов; «Ұңғымаларды зерттеу операторы» мамандығы бойынша «Қайнармұнайгаз» операторы Ж.Аманов; «Мұнай дайындау операторы (тауарлы)» бойынша «Қайнармұнайгаз» операторы А.Жиеналиев; «Жер қабаты қысымын сақтау операторы» мамандығы бойынша «Доссормұнайгаз» операторы Ә.Ғабдулғазиев; «Сусыздандыру және тұзсыздандыру қондырғысының операторы» бойынша «Қайнармұнайгаз» маманы М.Қосыбаев, «Мұнайға химиялық талдау жасау лаборанты» бойынша «Жайықмұнайгаз» операторы Л.Идиркенова, «Электргазбен дәнекерлеуші» мамандығы бойынша «Жылыоймұнайгаз» МГӨБ маманы Ә.Бітімәлиев; «Мұнай кәсіпшілігі жабдықтарын жөндеу слесарі» бойынша «Жайықмұнайгаз» жөндеушісі Е.Серікбаев; «Темір жонушы» мамандығы бойынша «Жылыоймұнайгаз» маманы А.Құсайынов; «ЦА-320» машинисі мамандығы бойынша «Доссормұнайгаз» МГӨБ А.Рахманов, ол да былтыр бірінші орынды жеңіп алып еді. «Жүк таситын көлік жүргізушісі» мамандығы бойынша «Ембімұнайэнерго» маманы В.Долгошеев, «Электромонтер» мамандығы бойынша «Ембімұнайэнерго» басқармасының Жайық аудандық электр торабының мамандары Н.Мұхамбетов, Т.Қабдолов және В.Ким жүлделі бірінші орынды иеленді. 1-ші, 2-ші, 3-ші орын алып және ынталандыру сыйлығына ие болғандар сәйкесті диплом және ақшалай сыйлық, «Технодом» сауда үйінің сертификаты және имидждік сыйлықпен марапатталды.

Сайыс қорытындысы бойынша командалық жүлделі орындар да белгіленді. 1-орынды «Қайнармұнайгаз», 2-орынды «Жайықмұнайгаз», 3-орынды «Жылыоймұнайгаз» басқармасы жеңіп алды. Байқауды қорытындылаған «Ембімұнайгаз» АҚ бас директорының өндіріс жөніндегі орынбасары А.Ғабдуллин Ембінің бүгінгі еңбеккерлері өндірісті өркендетуге үлкен еңбек сіңіріп жатқандығын атап өтті.

Жұмабай Аманов, «Қайнармұнайгаз» МГӨБ ұңғымаларды зерттеу операторы:

Сайыс ұйымшылдықпен өтті

– «Үздік маман» сайысының жылда өткізілетіні қуантады. Маман соған қатыссам деп жыл бойына талпынады, ізденеді дегендей. Былтырғы сайыста да бірінші орынға қол жеткізсем, биыл да асығым алшысынан түсті. Өте қуаныштымын. Жыл сайын тәжірибем де толығып келеді. Сайыс жоғары деңгейде ұйымдастырылған, сол үшін де басшылыққа және жайықтықтарға рахмет! 

Ерболат Жұмағалиев, «Қайнармұнайгаз» МГӨБ мұнай-газ өндіру операторы, үздік маман:

Тәжірибеңді үнемі шыңдаған абзал

– Мен былтырғы сайыста да бірінші орынды иеленген едім, биыл да бағым жанды. Әрине, ең бастысы орын алу емес, қатысу, тәжірибе алмасу. Көрген-білгеннің артықтығы жоқ. Сондықтан үйрену ешқашан да кеш емес. Теориялық білімді өндірістегі еңбекпен ұштастыра білудің маңызы зор, екеуі астасқанда ғана ісің алға жүреді. Еңбегіңнің өнбегін көрген жақсы ғой. Мен өз жеңісіме ризамын.

Ләззат Идиркенова, «Жайықмұнайгаз» МГӨБ мұнайға химиялық талдау жасау лаборанты:

Байқаудың берері көп

– Жиырма жылдық еңбек өтілім болса да, мұндай сайыстың өтуін үнемі қолдаймын. Маман шыңдала беруі тиіс. Ал жеңімпаз атану адамды қанаттандырады. Сондықтан, байқаудың берері көп.

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх