Қошемет төрінде Қаражанбас кеншілері!

Қошемет төрінде Қаражанбас кеншілері!
Қазақстан Республикасы Мұнай-газ кешені қызметкерлері күніне орай, мұнай өндіру кәсіпорындарының еңбек ұжымдарын құттықтау сапары аясында Бас директор Қ.Есқазиев бастаған «ҚазМұнайГаз» БӨ» АҚ басшылығы 1 қыркүйек күні Қаражанбас кен орнында болды.
– Мұнай-газ кешені – ел экономикасының тірек-күші, саланың дамуына мұнайшылардың, соның ішінде, «Қаражанбас» Компаниялар тобы жұмыскерлерінің қосқан үлесі өлшеусіз. Биыл бәріміз қаржылық дағдарыс пен мұнай бағасының төмендеуіне байланысты қолайсыз жағдайда жұмыс жасаудамыз. Бұл тек мұнай-газ саласы емес, сонымен бірге тұтас ел экономикасы үшін күрделі кезең болды. Дағдарыс «ҚМГ» БӨ» Компаниялар тобының беріктігі мен тұрақтылығын, сондай-ақ қытайлық әріптесіміз – CITIC компаниясымен арадағы стратегиялық қарым-қатынасымызды да сынға салды. Қаржылық қиыншылықтарға қарамастан, «Қаражанбасмұнай» Компаниясы мен еншілес сервистік мекемелер сыннан сүрінбеді. Бұны, ең алдымен, жұмыскерлердің адал еңбегінің арқасы деп білемін», – деп атап өтті салтанатты жиналыста сөйлеген сөзінде Құрманғазы Есқазиев.
Сондай-ақ «ҚМГ» БӨ» Компаниясының басшысы еңбек озаттарына ҚР Энергетика министрлігі, «Самұрық-Қазына» АҚ, «KAZENERGY» Қауымдастығы, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ және «ҚазМұнайГаз» БӨ» АҚ атынан салалық марапаттар (төсбелгілер, Құрмет грамоталары, Алғыс хаттар) тапсырды. Мұнайшылар алдында танымал қазақстандық орындаушылар: Айгүл Қосанова, күйші Алмас Жарасқан өнер көрсетіп, Ақылбек Жеменей көпшілік назарына «ҚМГ» БӨ» АҚ бастамасымен жазылған «Мұнайшыларға алғыс» деп аталатын жаңа әнін ұсынды.