Өзен мұнайшылары еңбегімен елеулі

Өзен мұнайшылары еңбегімен елеулі
15.09.2016
466
Қызметкерлер

Өзен мұнайшылары еңбегімен елеулі

«ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ бас директоры Құрманғазы Есқазиев еншілес компанияларға арнаған жұмыс сапарының екінші күнінде, яғни,1-қыркүйекте «Өзенмұнайгаз» АҚ ұжымымен кездесті. Мұнай-газ кешені қызметкерлері күніне орайластырылған жиынға «Өзенмұнайгаз» және сервистік компаниялар жұмысшылары көптеп қатысты.

Мұнайшылар алдында сөйлеген сөзінде Құрманғазы Есқазиев, – «бұл – мұнайшы деген қасиетті мамандықты кәсіп еткен баршамыздың ортақ мерекеміз! Осы ерекше күнге орай, сіздермен қауышып отырғаныма қуаныштымын»,  – деп өзендіктерге қошеметін көрсетті. 
«Биылғы жыл барлығымыз үшін оңайға тиіп жатқан жоқ. Мұнай бағасы арзандап, қаржылық әсерін тигізіп жатыр. Соған қарамастан «Өзенмұнайгаз» ұжымы және біздің сервистік компаниялардың ұжымы бұл сыннан сүрінбей өтіп, табандылық танытты. Ең бастысы, бұл сіздердің аянбай атқарып жатқан еңбектеріңіздің арқасы», – деді бас директор.

Салтанатты шара кезінде еңбекте белсенділік танытып, жоғары біліктілігі мен кәсіби шеберлігімен көзге түсіп жүрген бірқатар жұмысшылар Құрманғазы Есқазиевтың және «Өзенмұнайгаз» АҚ бас директоры Дәулетжан Хасановтың қолынан жоғары марапаттарға ие болды. Жұмысшылар ҚР Энергетика министрлігінің «Мұнай-газ кешенін дамытуға қосқан үлесі үшін» медалімен және Құрмет грамотасымен, «KAZENERGY» Қауымдастығының Алғыс хатымен, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-тың Естелік белгісімен және Құрмет грамотасымен, «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ-тың Құрмет грамотасымен және Алғыс хатымен марапатталды.

Мұнай-газ кешені қызметкерлері күнінде есімі ерекше аталғандардың арасында «Өзенмұнайгаз» АҚ скважиналарды ағымдағы жөндеу департаментінің директоры Жақсығұл Аймұратов та бар.

«Жылдар бойғы еңбектерім үшін марапатымды алып жатырмын. Әсіресе, өзіміздің төл мерекеміз, кәсіби мерекеміз кезінде алған марапаттың орны ерекше. Өзенмұнайгазда 1987 жылдан бері жұмыс істеп келе жатырмын. Мұнай-газ өндіру операторынан бастап, мұнай-газ өндіру шебері, одан кейін цехтың басшысы болдым. Кейініректе мұнай-газ өндіру басқармасының директоры болып істедім. Қазір Скважиналарды ағымдағы жөндеу департаментінің директорымын», – дейді Жақсығұл Аймұратов. 

Мұнай-газ саласын дамытуға қосқан үлесі үшін Энергетика министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталған «Өзенмұнайгаз» АҚ геология және геофизика жөніндегі департаментінің директоры Ахмед Жандосовтың айтуынша, мұнайшылар күніне орайластырылатын жиындар жыл сайын көңілді өтеді. Себебі, бұл күннің әр мұнайшы үшін алар орны бөлек. Ал, уақыт өте келе тәжірибе жинақтап, дәл осындай құрмет пен беделге ие болу үшін жастарға не қажет екені туралы Ахмед Жандосов былай деді.

«Ең бастысы еңбекқор болу керек. Өз мамандықтарына сай теориялық деңгейін көтеру қажет, үлкендерден көрген-білгенін сұрап жүру керек. Содан адам үйренеді, содан тәлім-тәрбие алады, – дейді мұнайшы. – Біздің жастар өздерінің тәжірибелерін, теориялық деңгейін арттырып жақсы маман болатындарына сенемін, соны тілеймін», – деп сөзін түйді Ахмед Жандосов.

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх