Қауіпсіздік маңызды міндет

Қауіпсіздік маңызды міндет
15.09.2016
3441
Еңбекті қорғау

Қауіпсіздік маңызды міндет

Қай салада да қауіпсіздік мәселесі қашан да алдыңғы кезекте тұрады, ал өндіріс үшін бұл тіптен маңызды. Бүгінде қорғаныс құралдарының сапасы жақсарды, қауіпсіздік шаралары көбейді дегенмен, өндірістік жарақат алу мен жазатайым оқиғаға ұрыну әлі де орын алуда. Соны болдырмас үшін қауіпсіздікке деген көзқарасты жақсарту шаралары жүзеге асырылуда.

Осы жылдың 24 тамызында Атырау қаласында «ҚазМұнайГаз» БӨ» АҚ бастамасымен, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ еңбекті және қоршаған ортаны қорғау жөніндегі басқарушы директоры – департамент директоры В.Спинелли және Қоғамның еңбекті, қоршаған ортаны қорғау және бұрғылау жөніндегі басқарушы директоры М.Сәлімгереевтің басқаруымен «ҚМГ бастамалары мен корпоративтік бағдарламаның негізгі ережелерін түсіндіру» тақырыбында жиналыс өтті.

Жиналысқа «Ембімұнайгаз» АҚ-мен қатар «ҚазТрансОйл» АҚ Батыс филиалы,  «ҚазТрансГаз Аймақ» өндірістік филиалы, «Интергаз Орталық Азия» АҚ өндірістік филиалы, Атырау мұнай өндіру зауыты, «Каспиймұнайгаз» ғылыми зерттеу институты ЖШС, ҚМГ Нейборс Дрилинг Компани, «Ембімұнайгаз» АҚ мердігер компаниялары: «ҚазМұнайГаз-Бұрғылау» ББК ЖШС, «ҚазТатМұнайСервис» ЖШС басшылары, еңбекті қорғау және өнеркәсіптік қауіпсіздік бөлім басшылары, өндірістік және энергетика бөлім басшылары қатысты.

Айта кету керек, аталған жиналыс осыған дейін «Өзенмұнайгаз» акционерлік қоғамында да ұйымдастырылған болатын. Жиынды ашқан М.Сәлімгереев қатысушыларға ұйымдастырылып отырған жиналыстың маңыздылығын айтып, өткен жылдарда орын алған жазатайым оқиғаларға талдау жасай келе, барлық өндірістік бөлімшелерде «8 Алтын Ережені» ұстану қажеттігін қаперге берді. Соның мысалы ретінде «Өзенмұнайгаз» АҚ-да осы жылдың 18 шілдесінде екі адамның өмірін қиған жазатайым оқиғаның мән-жайын, және себептерін баяндай келе, Ережеде «Жазатайым оқиға болмас үшін электр энергиясы көздерін оқшаулау» қажеттігі анық жазылғанын атап өтті. Бұл жерде электр қауіпсіздігі талабын орындауға бақылаудың жеткіліксіздігі, зардап шегушінің өзінің де қауіпсіздікті толықтай ойламауы себеп болғанын айта отырып, қатысушыларға алдағы уақытта осындай келеңсіз жағдайды болдырмауға және алдын алуға шақырды.

В.Спинелли болса, өз сөзінде еңбекті қорғау және қауіпсіздік техникасы мемлекет алдындағы міндет, стратегиялық құндылық деп бағалады.
– Біздің мақсат – әр жұмысшы үйіне аман-есен оралуы тиіс. Бірақ, қазіргі уақытта әр жұмысшының қауіпсіздік мәдениеті, жеке тәртібі сақталып отырған жоқ. Екінші, өндірістік көрсеткіштер. Ал, үшінші мәселе – ол басшылықтың жергілікті жерде дұрыс қадағалауы. Соңғы 14  жыл ішінде жүзге жуық адам өндірістегі жазатайым оқиға салдарынан өмірден озған, сонда жылына 7 адамнан келеді. Бұл біздің индустрияның қаншалықты қауіпті әрі қиын екенін көрсетеді, қаншама отбасы асыраушысынан айырылды. Қорытындылай келгенде, мұның бәрі біздің мәдениетіміздің, еңбек тәртібіміздің жиынтығы. Биылғы жылғы мамыр айында жүргізген сауалнама қорытындысы басшылардың еңбек тәртібінің мәдениетін әлде де жоғарылату керектігін көрсетті. Бұл жерде бәрін еңбекті қорғау және өнеркәсіптік қауіпсіздік департаментінің мамандарына қосақтаудың қажеті жоқ. Мекеме басшылары ретінде еңбекті және қоршаған ортаны қорғау бойынша жауапкершілікті өздеріңізге алуларыңыз, аудит жүргізіп, кемшілікті анықтауларыңыз қажет. Жұмысшылар міндетін орындау үшін оның қауіпсіздігін ойламастан бастарын қатерге тігеді. Адамға сену қажет, бірақ тексеру одан да маңызды, – деді ол.

Жазатайым оқиғаның алдын алу жөнінде баяндама жасаған «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ еңбек және қоршаған ортаны қорғау департаментінің жетекші инженері Р.Саудабай барлық кемшіліктерді саралай келе «Алтын Ереже» қабылданғанын, бүгінгі таңда осы ереже қай жерде де қайта-қайта оқытылуы, үйретілуі тиіс екендігін, және басшылық ең алдымен өздері жеке үлгі болуы тиістігін атап өтті. 

Жиналыс барысында «Ембімұнайгаз» АҚ ЕҚжӨҚ департамент директоры Д.Төреғалиев, «ҚазТранСойл» АҚ бойынша бас маманы Н.Қаманов, «ҚазТрансГазАймақ» ӨФ директоры М.Абуов және Атырау мұнай өндіру зауытының бас техникалық жетекшісі Е.Жарбосынов өз мекемелеріндегі еңбек және өнеркәсіптік қауіпсіздік саласы бойынша баяндама жасап, тәжірибелерімен бөлісті.

«Ембімұнайэнерго» басқармасының басшысы Т.Айтбаев өз баяндамасында кәсіпорында қызметкерлерді теориялық және практикалық оқыту ісінің қалай жүргізілетіндігіне қысқаша тоқталып, барлық өндірістік процестердің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, еңбек және демалыс режимін сақтауға үнемі бақылау жүргізілетіндігін атады. 2014 жылы кәсіпорында өз күштерімен 10 тақырып бойынша бейнежазба түсіріліп, олар жұмыс орындарында үнемі көрсетіліп отырылады. Ал, қауіпсіздік техникасы бойынша оқыту кластары 9 интерактивті тақтамен жабдықталғанын айтты.

Одан әрі М.Сәлімгереев «Созылмалы дабыл» тақырыбына арналған бейне роликті тамашалаған қатысушыларға, осы тақырыпта баяндама жасады. Жиынға қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарды қойып, тиісті жауаптарын алды.

Маңызды шараны М.Сәлімгереев қорытындылап, осы жиналыстың еңбек қауіпсіздік жағдайларын жақсартуға, өндірістік жарақаттану мен кәсіптік аурулар деңгейін төмендетуге айтарлықтай үлесін қосатынына сенім білдіре келіп, жиынға қатысушыларға Қоғамның атынан алғысын білдірді.

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх