Біздің жеңімпаздар!

Біздің жеңімпаздар!
15.09.2016
1442
Қызметкерлер

Біздің жеңімпаздар!

Қыркүйектің 4-6 күндері Астанада «ҚазМұнайГаз»ҰК» АҚ деңгейінде Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мен мұнай-газ кешені қызметкерлері күні құрметіне арналған Спартакиада болып өтті. «Тарлан-Арена» спорт кешенінде болған Спартакиаданың салтанатты ашылу рәсімінде «ҚазМұнайГаз» ҰК»АҚ Басқарма төрағасы Сауат Мыңбаев сөз сөйлеп, спортшыларға сәттілік тіледі. Айтулы шараға бокстан олимпиада чемпионы Серік Сәпиев қатысып, мұнайшыларға жылы лебізін білдірді. Спартакиадаға ҚМГ ҰК компаниялар тобының 30 ұйымынан 500 спортшы қатысты. Үш күн бойы мұнайшылар спорттың тоғыз түрінен жарысты. Спорт та табандылықты талап етеді. Мұнайшылар осыны дәлелдеді. Біз сайыста жеңіске жеткен және осы спорт шарасына белсенді қатысып, компания намысын қорғаған барлық әріптестерімізді мақтаныш етеміз.

Атырау, Маңғыстау, Қызылорда, Батыс Қазақстан облыстарынан келген әріптестеріміз команда құрамында ойнап көптеген жүлделі орындарды иеленді. Құрама команда да спорттың әр түрінен ойын көрсеткен «ҚазМұнайГаз» БӨ» АҚ қызметкерлері де бар шеберліктерін салып, өз үлестерін қосты. Жүлделі орындарға келсек, ерлер арасындағы баскетбол сайысынан «ҚазМұнайГаз» БӨ» АҚ, «Ембімұнайгаз» АҚ, «Қазгермұнай» БК» ЖШС құрама командасы 2-орынды алды. Жігіттер ойында алдарына жан салмады. Ал, шағын футболдан 3-орынды иеленді. Ерлер арасындағы баскетбол сайысынан «Өзенмұнайгаз» АҚ командасы 3-орынды алды. Қыздар да мықты спортшы екендіктерін көрсетті. «Өзенмұнайгаз» АҚ және еншілес мекемелерден құралған қыздар волейбол командасы 2-орынды иеленді. Мұнайшы қыздар тамаша ойын көрсетті. Жылдамдық пен ептілік, ойын техникасын кәнігі спортшылардан кем түспей қолданып, шеберлік көрсетті. Ал, «ҚазМұнайГаз»БӨ» АҚ, «Ембімұнайгаз» АҚ, «Қазгермұнай»БК» ЖШС құралған қыздар  волейбол командасы 3-орынды алды. Ақырғы ойын «ҚазТрансГаз» АҚ қыздар волейбол командасымен 3-орынға таласқа түскен сәттегі біздің қыздардың ойыны мен оларды жанкүйерлердің қолдауы тамаша сәт болды.

Өндірісте оператор, геолог, есепші, жөндеуші, механик, электрик және басқа да әртүрлі мамандықтар бойынша қызметтерін абыройлы атқарып жүрген қыздар мен жігіттер сайыстар өткен үш күн ішінде  өздерінің мықты спортшы екендіктерін де көрсетті. Компания намысын ешқайсысы да қолдан бермеді. 
Қыздар арасындағы тоғызқұмалақ сайысынан ҚМГ БӨ 1-орынды алды. Командаға бұл қуанышты сыйлаған «Қазгермұнай»БК» ЖШС еңбек ететін әріптесіміз Бейбіткүл Әбдірахманова. Биязы, байсалды, жымиып отырып бәрін жеңіп шығатын шебер ойыншы! Бұл сайыста 3-ші орынды «ҚазГӨЗ» ЖШС-де еңбек ететін әріптесіміз Елена Баркар ұтып алды. Ал, ерлер арасындағы тоғызқұмалақ сайысынан 2-орынды иеленген «Қазгермұнай» БК» ЖШС еңбек ететін әріптесіміз Қайрат Тойболов. Бұл сайыста 3-орынды «Өзенмұнайгаз» АҚ командасының мүшесі Азат Рублев иеленді. Ерлер арасындағы дойбы ойыны сайысынан 2-орынды «Өзенмұнайгаз» АҚ командасының мүшесі Нұртас Жүсіпов алды. Қыздар арасындағы дойбы ойынынан 2-орынды «Өзенмұнайгаз» АҚ командасының спортшысы Ажаргүл Тұрсынбаева иеленді. Ерлер арасындағы шахмат жарысынан «Өзенмұнайгаз» АҚ командасының ойыншысы Исланбек Бердалиев 3-орынды ұтып алды. Бильярдтан – «Өзенмұнайгаз» АҚ командасы 1-орынды иеленді. Ерлер арасындағы үстел теннисінен 2-орынды «Өзенмұнайгаз» АҚ командасының мүшесі Бақтыбек Жақсылықов, ал қыздар арасындағы үстел теннисінен 2-орынды «KMG EP-Catering» ЖШС қызметкері Лаура Айтжанова қанжығасына байлады. Жүгіру сайысынан «Өзенмұнайгаз» АҚ командасының мүшесі Гүлжан Мыңжанова 3-орынды иеленді. Аралас эстафетада «Өзенмұнайгаз» АҚ командасы 3-орынды қанжығаларына байлады.

Спартакиаданың ресми жабылу рәсімі  6-қыркүйек күні кешкісін «Тарлан-Арена» СК-де өтті. «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ адам ресурстарын басқару жөніндегі вице-президенті Серік Әбденов Спартакиада жеңімпаздарын жеңістерімен құттықтап, медальдар мен дипломдарды табыстады. Тағы бір жағымды жаңалық, Спартакиадаға қатысқан барлық мекемелер командалары арасында «Өзенмұнайгаз» АҚ спорттық киімі үздік деп танылды. 

Спорт додасының жабылу рәсімінде ҚМГ ҰК Спартакиаданың жыл сайын өтетінін хабарлады. Осылайша ҚМГ БӨ тобының мұнайшылары спорттық сайыстарда жігермен жоғары жетістіктерге жетіп, жеңімпаздар қатарынан табылды. Жүлделеріңіз құтты болсын, әріптестер!

Жанаргүл Хасанова, «Ембімұнайгаз» АҚ:
– Мен сайысқа волейбол ойыны бойынша қатыстым. Біз бұрын әрқайсымыз өз компанияларымыз бойынша ойнап, достық кездесулерде қарсыластар болып келсек, бұл жолы бір команда болдық. Жарыстар тартысты, қызықты өтті.

Гүлмира Мұналбаева, «Тұлпар Мұнай Сервис» ЖШС:
– Сайысқа шахматтан қатыстым. Осы жылы жарысқа біраз жақсы дайындықпен келген едім. Жыл бойы шахмат клубына бардым. Дегенмен жарыс барысында біразын жеңіп, біразына ұпай жіберіп алдым. 

Ақмарал Усалиева, «Ембімұнайгаз» АҚ:
– Мен «Жайықмұнайгаз» МГӨБ-да инженер химик болып жұмыс істеймін. Шахматтан жарысқа қатыстым. Спартакиада біздің бір-бірімізбен достық қарым-қатынасымызды да нығайтады.

Алтынай Нұрмұханова, «Өзенмұнайгаз» АҚ:
– Біздер ұтамыз, жеңеміз деп алдымызға мақсат қойып келдік. Достық кездесулердегі сайыстарда өзімізді барлық жағынан көрсетуге күш салдық.

Мирамгүл Сисемалиева, «Ембімұнайгаз» АҚ:
– Мен «Жайықмұнайгаз» МГӨБ-та оператор болыр еңбек етемін. Волейбол менің сүйікті спортым. Биылғы жарыстар өте тартысты өтті.

Нұрбану Ертілеуова, «Қаражанбасмұнай» АҚ:
– Сайысқа волейболдан қатыстым. Командаға биыл бірінші рет кіріп отырмын. Спартакиадаға да алғаш рет қатысуым. Ойындар қызықты өтті.

Сабина Мұқан, «ҚазМұнайГаз» БӨ» АҚ: 
– Спартакиада біздің бір-бірімізбен араласып, ынтымақ бірлігімізді нығайтуға септік етеді. Міне, бес жылдан бері ҚМГ БӨ еншілес компаниялармен достық кездесулерде ойнап келеміз. Ал, биылғы жылы  ҚМГ ҰК басқа еншілес компаниялары командаларының ойынын тамашалау өте қызықты болды. Бұрыннан ойнап келе жатқан әріптестерімізбен кездесу де өте жағымды, жылы әсер қалдырады.

Зульпина Элеева, «ҚазГӨЗ» ЖШС:
– Еңбектен тыс уақытта жаттығуға барамыз. Спартакиада алдында бізде іріктеу туры өтті. Соған қатыстық. Былтырғы жылы еншілес ұйымдар бөлек болып едік, биыл бір команда болдық. 

Жұмабай Молдашұлы, «Ембімұнайгаз» АҚ:
– «Жылыоймұнайгаз» МГӨБ-та жөндеуші болып істеймін. Су, май айдайтын сораптарды жөндеймін. Осы салада жасағаныма 15 жыл болды. Ал, спортпен айналысқаныма 20 жылдай болды. 2012 жылы Астанада ҚМГ БӨ ұйымдастырған Спартакиадаға бірінші рет қатыстым. Баскетболдан үздік ойыншы болдым. Содан бері осы Спартакиадаға ұдайы қатысу  қуанышы бұйырып келеді. Жұмыстан бос уақытта жаттығумен айналысамын. Біз жұмыста да спортта да алда болуымыз керек. 

Салтанат Сердалы, «ҚазГӨЗ» ЖШС:
– Мен Қазақ газ өңдеу зауытында зертханашы болып істеймін. Волейбол сайысынан «Өзенмұнайгаз» командасы құрамында болдым. Ұжым басшылығы бізді сол бұрынғы жеткен жетістіктерімізді түсірмей жеңіспен оралуға қолдау көрсетіп шығарып салды. Қыздар волейболдан 2-ші орын алдық.

Бақтыгүл Нұрқасымова, «Ембімұнайгаз» АҚ:
– «Доссормұнайгаз» МГӨБ-та 2001 жылдан бері еңбек етіп келемін. Волейболды мектептен бері ойнаймын. Волейбол менің сүйікті спортым. Спартакиадаға барынша дайындықпен қатыстық. 

Жанар Нұржанова, «Қаражанбасмұнай»АҚ:
– Мұнайшылар Спартакиадасына осымен екінші рет қатыстым. Бұл жолы жүгіруден, эстафета және дойбыдан жарысқа түстім. Спартакиада шымыр, зерек болумен қатар, бір-бірімізбен ынтымақтастығымызды да нығайтады.

Бегалин Давишев, «КРУЗ» ЖШС:
– Спартакиадаға КРУЗ мекемесінен өкіл әрі жанкүйер ретінде қатыстым. Сайыста «Өзенмұнайгаз» АҚ құрамында болдық. Біздің мекеме «Өзенмұнайгаз» АҚ-ға қарасты ұңғыларды күрделі жөндеу жұмыстарымен айналысады. Еңбек пен спортты қатар алып жүріп, салауатты өмір салтын насихаттап жүрген мұнайшылардың еңбегі ерен, спорттағы жетістіктері лайым көп болсын.

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх