Еңбек түбі – береке!

Еңбек түбі – береке!
30.09.2016
743
Қызметкерлер

Еңбек түбі – береке!

Қыркүйектің 22-23 күндері «ҚазМұнайГаз»БӨ» АҚ орталық аппаратында Еңбек күніне орайластырылған ауқымды шаралар болып өтті. Биылғы жылы үшінші рет аталып өткен бұл мереке аясында Астанада «Өзенмұнайгаз» АҚ, «Ембімұнайгаз» АҚ, «Қаражанбасмұнай» АҚ және «Қазгермұнай» БК» ЖШС еншілес компанияларындағы өндірістердің цех басшыларына арналған «Команда және Жеке тұлға: командалық жұмыс және жеке тұлғалардың қатысу тиімділігінің технологиялары» тақырыбында тренинг ұйымдастырылды. Мұнайшылар  алдында сөз сөйлеген ҚМГ БӨ Аппарат басшысы Бауыржан Асқаров ҚМГ БӨ бас директоры Құрманғазы Есқазиевтің Еңбек күні мерекесіне орай құттықтау сөзін жеткізіп, бұл күннің еліміздің мұнай-газ саласы үшін маңызды екенін баса айтты.

«Еңбек күні» мерекесі – адал еңбек етіп, абыройлы болып, өндірісті өркендетуге зор үлес қосып жүрген біздің мұнай саласы үшін де өте маңызды. Мыңдаған азаматтарымыз жұмысшы мамандықтарын табысты атқарып, еңбегімен елеулі үлестерін қосып келеді. Олар өз отбасының тірегі, қамқоршысы ғана емес, біздің компанияның негізгі құндылығы», – деді Б.Асқаров.

Тренинг ұжыммен бірлесе отырып тиімді еңбек ету, командалық коммуникация және корпоративті мәдениет тақырыптарына арналды. Тренингті өткізген мамандар Маңғыстау, Атырау, енді бірі Қызылордадан келген, нағыз өндіріс басында жүрген цех басшыларының басын қосып, ұжымдық жұмыстың нәтижесін жақсартуға арналған бірқатар әдіс-тәсілдерді үйретті. Емін-еркін, ашық түрде өткен оқыту сабағы мұнайшылар үшін пайдалы болды.

«Қайнармұнайгаз» МГӨБ мұнай дайындау және айдау цехының бастығы, Әбдеш Еркін: «Тренингтен жұмысқа қатысты жақсы-жақсы мағлұматтар алдық. Оларды күнделікті жұмыста пайдаланамыз деген ойдамын. Жалпы басшылықтың Еңбек күні мерекесі аясында мазмұнды шараларды ұйымдастырып, біздің өндірісте атқарып жатқан ауыр жұмысымызды елеп-ескеріп, Астанаға арнайы шақырып жатқанына дән ризамыз».

Астанаға жиналған 92 цех басшылары арасында екі нәзік жанды әріптесіміз де бар. Олар «Өзенмұнайгаз» АҚ МГӨБ-3 зерттеу жұмыстары цехының бастығы Бақтыгүл Искакова, және «Өзенмұнайгаз»АҚ АТБ №5 ПЭВМ техникалық қызмет көрсету және ақпараттарды өңдеу бойынша цех бастығы Айгүл Зайрова, «Жұмыстағы басты қағидамыз – сапалы, уақытылы қызмет көрсету. Біздің жұмыс – өндіріс, командалық жұмыс. Бәрі бірігіп жұмыс істемесе, нәтиже болмайды. Оны барлығымыз жақсы білеміз. Сондықтан да, бүгінгі тренингтің тигізіп жатқан пайдасы мол деп есептеймін», – дейді «Өзенмұнайгаз» АҚ АТБ №5 ПЭВМ техникалық қызмет көрсету және ақпараттарды өңдеу бойынша цех бастығы Айгүл Зайрова.

2013 жылдың 22 қарашасында ҚР Мемлекет басшысының Жарлығымен енгізілген Еңбек күні мерекесі, 2014 жылдан бастап қыркүйек айының соңғы жексенбісінде аталып өтіліп келеді. Аталған мерекенің басты мақсаты өндіруші еңбекті ынталандыру, жастар арасында жұмысшы кәсібін насихаттау және жұмысшы әулетіндегі көпжылдық дәстүрді нығайту болып табылады.

 

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх