Терең-Өзек кенішіне – 60 жыл

Терең-Өзек кенішіне – 60 жыл
30.09.2016
407
Өндіріс

Терең-Өзек кенішіне – 60 жыл

Қазақ мұнайының қара шаңырағы саналатын Ембіде ұзақ жылдар бойына әлі де өнім беріп тұрған ескі кеніштер бар. Солардың бірі – Терең-Өзек кен алаңының ашылғанына биыл 60 жыл толып отыр. Осынау айтулы күнді ембіліктер елеусіз қалдырған жоқ. Кеніштің 60 жылдық мерейтойына арналған салтанатты шараға «Ембімұнайгаз» АҚ басшылығы мен ардагер-мұнайшылар, мұнай-газ өндіру басқармаларының ұжымдары мен жергілікті атқарушы органдардың өкілдері қатысты. 

Терең-Өзек кен орны туралы айта кетсек, мұнда алғашқы мұнай алу 1956 жылы басталған. 60 жыл бойына мұнай берген кеніш өнімі әлі күнге түгесілген жоқ. Оның үстіне жоспарды өз дәрежесінде орындап тұр. «Терең-Өзек» мұнайгаз өндіру цехының бастығы Ерлан Қондыбаевтың айтуынша, жер астынан алынған өнімнің 97 %-ы су, тек 3 %-ы ғана мұнай. Яғни, мұнда мұнай қаймақтап жиналады. Соған қарамастан, кеніште еңбек ететін кәсіби мамандардың біліктілігі арқасында мұнай көлемі ай сайынғы жоспардағы межеден асып түсіп те жатады. Кеніште 13 қазан бар, олардың көлемі де әртүрлі, 400, 700, 1000 тонналықтары бар. Жер астынан алынған өнімді сонда жинақтап, тәулігіне 13 мың текше метр су кері айдалады. Бұл өте көп күшті қажет етеді, мұнайды қасықтап жинап отыру оңай жұмыс емес, әрине. Әйтсе де, мамандар еңбек өнімділігін арттыруда тиімді әдіс-тәсілдердің бәрін қолдануда. Қазірде күнде Терең-Өзекте 182 мұнай өндіру ұңғымасы өнім беріп тұрса, оған қоса 33 су айдау ұңғымасы жұмыс істеп тұр. Одан биылғы жылдың осы кезеңіне дейін 2620 мың текше метр су айдалған. Кеніштегі ұңғымаларды күрделі жөндеуден кейін, 2015 жылы 6 ұңғымадан қосымша 1,1 мың тонна өнім алынды. Кен орнында 146 мұнайшы еңбек етуде, мұнда 2 мұнай өндіру телімі, 4 жинақ пункті және шикізат мұнайды жинақтау пункті бар. Өндіріс алаңында 2 жатақхана (50 және 100 орындық), 50 адамға арналған асхана жұмыс істейді. Аула абаттандырылып, төсем тастар төселген, жайқалып жасыл желектер де өсіп тұр.

Салтанатты шараны ашқан «Ембімұнайгаз» АҚ бас директорының өндіру және игеру жөніндегі орынбасары Қ.Қасымғалиев мұнайшыларды атаулы мерекемен құттықтап, жылы лебізін арнады. 

– 60 жылдағы жолдарға назар аударсақ, нәтижесін тапқан ауқымды жұмыстарды аңғарамыз. Терең-Өзек кенішіндегі барлау жұмыстары Қаратон кәсіпшілігі ашылғаннан кейін бастап жүргізіле бастады. Бұл кенішті ашу басқа мұнай көздерін барлау жұмыстарынан ерекше болды. Геофизикалық барлау және бұрғылау жұмыстары қатар жүргізілген. Отан соғысынан кейінгі Кеңес елінің қираған қалалары мен зауыт, фабрикаларды қалпына келтіруге тезірек және көп мөлшерде мұнай керек болды. Бұл орайда Қаратон поселкесінен небәрі 18 шақырым жердегі кен орнын ашу өте шешімді болғаны сөзсіз. 1939 жылы иесіз қалған Терең-Өзек поселкесі геофизиктер, барлаушылар, бұрғышылар тұратын ауыл болып қайта жанданды. Терең-Өзектің ашылуы Қаратон мұнай құбыр басқармасының №194 бұйрығымен 1956 жылы ашылып, 1 қыркүйектен бастап басқарма құрамында №7 Терең-Өзек учаскесі ұйымдастырылды. 60 жыл ішінде ауқымды жұмыстар атқарылды. Терең-Өзек кен алаңы – Ембінің байырғы өндіріс алаңының бірінен саналады. Алайда, күні бүгінге дейін «қара алтын» қорын молайтуға үлкен үлес қосып отыр. Терең-Өзек кен алаңының қалыптасып, дамуына зор үлес қосқан ардагерлеріміздің еңбек жолдары бізге өнеге. Бүгінгі шараға қатысып отырған майталман мұнайшыларға үлкен алғыс білдіреміз. Ұрпақ қызығын көруге жазсын, – деп атап өтті ол.

Ел қазынасын еселеген мұнайшылардың еңбегі қандай марапатқа да лайық. Бүгінде 60 жылдық тарихында Ембі өңірінің дамуына қосқан өзіндік үлесі бар Терең-Өзек мұнай-газ өндіру ұжымының еңбегі зор. Соған орай бірқатар мұнайшылар марапатқа ие болды. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы мұнайгаз саласының дамуына қосқан зор үлесі, көп жылғы еңбегі мен қоғамдық қызметтегі белсенділігі үшін мұнайгаз өндіру операторлары И.Құрмашев пен И.Бекмағамбетов «Мұнайгаз саласының еңбек сіңірген қызметкері» төс белгісімен, слесарь-жөндеуші Н.Жұмағалиев пен қабат қысымын қолдау операторы С.Есқалиев «Естелік белгімен» және бірқатар мұнайшылар «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ, «ҚазМұнайГаз» БӨ» АҚ, «Ембімұнайгаз» АҚ Құрмет грамотасы, Алғыс хатымен, сондай-ақ, «Ембімұнайгаз» АҚ және «Жылыоймұнайгаз» басқармасы кәсіподақ комитетінің Алғыс хатымен марапатталды. Мереке ән мен күй, жыр-өлеңмен көмкеріліп, мұнайшылардың көңілін көтерді. Берекелі дастархан басында да ардагер-мұнайшылар өткенді еске алып, кеніштің келешегі туралы да ой-пікірлерін білдірді.

Ерлан Қондыбаев, «Терең-Өзек» мұнай-газ өндіру цехының басшысы:

– Бүгінгі таңда Терең-Өзек кенішінен тәулігіне 181 тонна мұнай өндіріледі. Өндіріс алаңының өндіру қорында 182 ұңғы болса, оның 174-і қолдану қорында, консервация қорында 28 ұңғыма, бақылау қорында 37 ұңғыма бар. Барлық ұңғымалар тербелмелі қондырғымен жер асты сорабымен жұмыс істеп тұр. Кеніште жұмыс жасауға барлық жағдай жасалған. Біз үшін бұрынғы аға-апалардың жолын қуып, ерен еңбектерін жалғастыру зор абырой. 60 жылда талай істер атқарылды, әлі де кеніштің тарихы жалғаса береді деп сенеміз.  

Темірхан Рахбиев, еңбек ардагері:

– Терең-Өзектегі сол кездің жағдайын қазіргімен еш салыстыруға келмейді. Ол кездерде әлеуметтік саланың ақсап жатқаны баршаға аян. ЗИЛ көлігімен жұмысқа келеміз, қолымызда тамақ салған дорба, су, балшық, маса мен сона тағы бар. Мен қысым қабатын қолдау операторы болып жасадым, жұмысқа барымызды салдық. Бүгінгі кен алаңдарындағы әлеуметтік нысандарды, мұнайшыларға көрсетіліп жатқан әлеуметтік көмектерді ардагер-мұнайшылар көрген жоқ. Компания басшылығы жұмысшылардың алаңсыз еңбек етулеріне барлық жағдайды қарастырып отыр. Мұнайшылар мен олардың отбасы мүшелерін толықтай әлеуметтік қамқорлыққа алған. Компанияның басты байлығы-жұмысшылар деп түсінетін басшылық мамандардың кәсіби деңгейде өсуіне үлкен жағдай жасап отыр. Бұл біздің үлкен жетістігіміз. Кеніш басында ұялы байланыс та орнатылып, хабар алысу жақсы жолға қойылған. Жолсыз, батпақта, айдалада вагондарда тұрып еңбек еткен аға буынды біз ешуақытта ұмытпауымыз керек. Мереке құтты болсын!

Жасұлан Тасболатов, мұнай кәсіпшілігі жабдықтарын жөндеуші:

– Мен 38 жылдан бері осы Терең-Өзек кенішінде еңбек етіп келемін. Жұмысымыз жақсы, әлеуметтік салаға көңіліміз толады. Бүгінгі мереке шынымен қуанышты күн. 60 жыл аз уақыт емес, сонда да кеніш мұнай беріп, елдің дамуына үлесін қосып тұр. Жаңа технологиялар да енгізілуде. Соның арқасында біз де отбасымызды асырап, марапатқа да ие болып жатырмыз. Игілік таусылмасын, мереке құтты болғай!

 

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх