Жастар тәрбиесі – жауапты іс

Жастар тәрбиесі – жауапты іс
30.09.2016
429
Жастар

Жастар тәрбиесі – жауапты іс

«Ембімұнайгаз» АҚ қоғамдық келісім кеңесінің ұйымдастыруымен болған пікір алмасу отырыстары өз мәресіне жетті.

«Ембімұнайгаз» АҚ-да ұжымішілік татулық пен бірлікті сақтау мақсатында 2013 жылы құрылған қоғамдық келісім кеңесінің құрамы биыл толықтай жаңартылып, төрағасы қайтадан сайланды. Компания қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы, «Ембімұнайгаз» АҚ бас директорының жаңа жобалар және технологиялар жөніндегі орынбасары Ануар Жақсыбеков жылдық жұмыс жоспарын бекітіп, кеңес мүшелеріне нақты тапсырмалар берген болатын. Атап айтсақ, компанияға қарасты барлық басқарма ұжымдарымен кездесулер ұйымдастырып, қоғамдағы көкейтесті мәселелерге орай қарапайым жұмысшылар арасында насихат жұмыстарын жандандыру туралы нақты шараларды жүзеге асыру тапсырылды. Осы орайда «Ембімұнайгаз» АҚ-ның «Доссормұнайгаз», «Жылыоймұнайгаз», «Жайықмұнайгаз», «Қайнармұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармаларында «Жастар тәрбиесі, діни ахуал, әлеуметтік желінің пайдасы мен зияны» деген тақырыпта кездесулер өтті. Кездесуге Атырау облысының әкімдігіне қарасты басқармалардың жауапты мамандары мен қоғам қайраткерлері, жазушылар, өлкетанушылардан құралған ақпараттық-насихаттық топтың мүшелері қатысты.

Ақпараттық-насихаттық топ мүшелерінің мұнайшылармен болған алғашқы кездесуі «Жылыоймұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасына қарасты Прорва кен алаңындағы «Каспий самалы» мұнайшылар қалашығында өтті. Кездесуде ақпараттық-насихаттық топтың мүшелері тақырып аясында салиқалы ойларын ортаға салды. Атырау облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Тамара Аман-Турлинаның  жастарға рухани тәрбие беруде кейбір түйткілді мәселелерді еркін алаңда кездесе отырып, бірлесе шешу керек деген ойына, жазушы-өлкетанушы Өтепберген Әлімгереев қолдау білдіріп, өз ойын ортаға салды.

– Табысты еңбек ең алдымен отбасындағы жағдайға байланысты. Ауысымдық әдіспен еңбек ететін мұнайшылар 14 күнгі жұмыстан соң отбасыларына оралады. Отбасындағы балаға берілетін тәрбие – кешкілік шай үстінде төрт көздеріңіз түгел бас қосқанда өрбитін әңгімеге тікелей қатысты. Ал, сіздер балаларыңызбен әңгіме-дүкен құра аласыздар ма? Қашан соңғы рет балаңызбен сөйлесіп, жағдайын білдіңіз? Ата-ана өз міндетін дұрыс орындамаса, бала көше тәрбиесіне қосылып кетеді. Бүгінгі жастар тәрбиесіндегі бәрімізді алаңдатқан түйткілді мәселелер сол көшеден келіп жатқаны шындық, – деді Ө.Әлімгереев. «Жылыоймұнайгаз» МГӨ басқармасының зерттеу операторы Самат Беков жастар тәрбиесі – қашанда өзекті мәселе болғандығын айта келе, өзіндік ұстанымы бар, кез-келген тақырыпқа көзқарасын еркін жеткізе білетін білімді жастарға қолдау жасау жағына кеңінен тоқталса, осы басқарманың мұнай және газ  өндіру операторы Талғат Қабдолов қоғамда дінге, имандылыққа бет бұрған жандарға әр түрлі көзқарас бар екенін атап өтті. Құралдарды жөндеу және пайдалану цехының жөндеушісі Кенжеш Мыңтұрған ұзақ жылдар еңбек етіп келе жатқан мұнайшылардың өндірісте жиған мол тәжірибесін жас мамандардың бойына сіңіру үшін тәлімгерлікті дамыту керек деген мәселені ортаға салды.

Ашықтық бар жерде проблема болмайтындығына кеңінен тоқталған «Ембімұнайгаз» АҚ бас директорының экономика және қаржы жөніндегі орынбасары Рысты Тасмағамбетова «Жайықмұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасындағы кездесуде мұнайшылардың ұсынысы тиісті органдарға жеткізілетінін, сол арқылы елдегі өзекті проблеманың нәтижелі болуына ықпал болатындығын тілге тиек етті. 

«Жайықмұнайгаз» МГӨБ мұнай және газ өндіру операторы Бисенбай Дәуітов ұжымда түсініспеушіліктен туындайтын мәселелерге дер кезінде араласып, проблеманың алдын алу үшін осындай диалогтардың қажеттілігін айтса, Күрделі құрылыс бөлімінің инженері Есенғали Аманиязов теріс діни ағымдардан жастарды сақтау жолдары қандай деген сауалды ортаға салды, көлік жүргізушісі Серік Құрманбаев жастардың әлеуметтік желіде көп уақыттарын жоғалтуы оларды тұйықтыққа, енжарлыққа итермелейтінін статистикалық дәйектермен дәлелдеп берді. 

Әрине, қоғамды алаңдатқан өзекті жәйттар бір кездесумен шешіле салмасы анық. Ақпараттық-насихаттық топ мүшелерінің көздегені осы орайда қоғамдық пікір қалыптастыру. Жастардың білім көкжиегін кеңейту, оларды жат нәрселерден сақтау, бойларына ұлттық құндылықтарды енгізуді мақсат еткен мұндай кездесуді ембілік мұнайшылар арасында өткізіп отыру туралы ұйғарылды. 

 

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх