Ақшабұлақ

Ақшабұлақ
30.09.2016
645
Өндіріс

Ақшабұлақ

Бұл «Қазгермұнай» БК» ЖШС игеріп жатқан ірі кен орны. Компания бұдан басқа Нұралы, Ақсай кен орындарын игереді. Жуырда біз «Ақшабұлақ» кенішінде болып, өндіріс тынысымен таныстық. Өндіріс маңайы мұнтаздай таза, қызметкерлер арнайы киіммен жарқырап көрінеді. Мұнайшылар вахталық әдіспен еңбек етеді. Өндіріс басында жұмыскерлермен қысқаша сұхбаттасудың сәті түсті. 

Жарқын Нарымбетов, 
«Қазгермұнай» БК» ЖШС-да газды дайындау және тасымалдау цехының технологы болып 2007 жылдан бері жұмыс істейді. Ол өндірістегі технологиялық процестерді бақылап отырады. Сұйытылған көмірсутегі газының өлшемдерін қарап, техникалық сараптамасын қадағалайды. Ілеспе газ зауытқа жеткізілген сәттен бастап, ақырғы нәтиже өнім алынғанға дейінгі, яғни құрғақ газ, тауарлық газ, сұйытылған газ және сумен тұрақты конденсат шыққанға дейінгі процесті бақылайды. Технологтар осындай ауқымды жұмысты атқарып отыр. «Шыққан өнімнің бәрі пайдаға асады. Еңбек етуімізге Компания басшылығы барлық жағдайды істеп отыр. Біздің міндетіміз алаңдамай өз міндетімізді атқару. ҚГМ стратегиясын орындау», – дейді Жарқын Нарымбетов.

Қуат Башаров, 
«Қазгермұнай» БК» ЖШС-да газды дайындау және тасымалдау бөлімшесінің операторы болып жұмыс істейді. Тоғыз жылдан бері осы салада еңбек етеді. Ол газ дайындау және тасымалдау технологиялық процестерінің қалыпты жұмыс істеуін қадағалайды. Процестерді жазбаша түрде реттеп жазып алып, ақауды болдырмаудың алдын алу жұмыстарын атқарады. Мұнайшылар қауіпсіздік шараларына жіті көңіл бөледі, оны іс жүзінде орындауды негізгі міндет санайды. «Барлық сақтық шарасын орындауға тырысамыз. Өйткені, бұл өз өміріміз. Жұмыс орынымыз керек! Әрі халыққа қызмет жасап отырғасын, тұтынып отырған өнімнен айырмауға тырысамыз. Компания еңбек етуге қолайлы жағдайды жасап отыр. Басшылық қарапайым жұмысшылардың Ұжымдық шарт бойынша ұсыныстарын қарап, жағдай жасап келеді. Шешілмей жатқан мәселе жоқ. Тоқсан сайын сауалнама жүргізіп, жұмысшылардың пікірін біліп, ұсыныстарын қабылдап отырады. Басшылық барлық қауіпсіздік, санитарлық, жұмыс жағдайының хал-ахуалын назарда ұстайды. Сондықтан табысты еңбек етуге тырысамыз», – дейді Қуат Башаров.

Қажымұқан Ержан, 
«Қазгермұнай» БК» ЖШС-да Газды өңдеу және тасымалдау цехының бастығы болып жұмыс істейді. «Казгермұнай» компаниясында 1999 жылдың қыркүйегінен бері еңбек етеді. Компанияның Нұралы, Ақсай кеніштерінде де қызмет етті. «Ақшабұлақ мұнайының сапасы жоғары. Тиімді кен орны. Фонтандық әдіспен беріп тұрған скважиндер бар. Ұжым ынтымақта еңбек етуде. Баршамызға белгілі, мұнайға әлемдік баға біраз құлдырап, төмендеді. Соған қарамастан компания өзінің әлеуметтік саясатын дәйекті жүргізіп келеді. Өткен жылы үш жылдық Ұжымдық шартқа қол қойылды. Әлеуметтік қолдаулар төмендеген жоқ. Өзім кәсіподақ комитетінің мүшесі болғасын Ұжымдық шарттың дайындық жұмысына белсенді атсалыстым.

Жыл сайын қызметкерлер медициналық тексеруден өтеді. Оның қорытындысы бойынша біраз ауру-сырқаулар анықталған. Елімізде және әлем бойынша қан қысымы аурулары жиі кездеседі. Оны азайту мақсатында «Қазгермұнай» компаниясында биыл дұрыс тамақтану бағдарламасы енгізілді. Алдын ала түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Қаладан мамандар келіп дәріс оқыды. Асханаларда арнайы стендтер ілінді, роликтер көрсетілді. Пайдасы бар. Тамақтың құрамы, майлылығы, тұздылығы өзгерді. Құнарлығы сол қалпында қалады. Әлеуметтік даму бөлімі тоқсан сайын сауалнама жүргізеді. Кері байланыс қалыптасқан. Бұл да компанияның қызметкерлеріне деген қамқорлығы», – дейді Қажымұқан Ержан.

Жаңабай Сейдалиев, 
«Қазгермұнай» БК» ЖШС-де технологиялық жабдықтар операторы болып жұмыс істейді. «Біз Нұралы, Ақсайдан келіп жатқан шикі газды өңдейміз. Өңделген газды газ құбырына жібереміз. Екі сағат сайын сепараторлар, колонналар, компрессорлар және де басқа барлық жабдықтарды тексеріп қарап шығамыз. Бұл күнделікті режим. Төрт мониторда біздің газ станцияларының бүкіл жабдықтары көрсетілген. Монитор арқылы технологиялық процестер бақыланады.Техникалық қауіпсіздік шаралары жан-жақты қарастырылған. Жыл сайын аттестациядан өтіп тұрамыз», – дейді бізбен қысқаша әңгімесінде Жаңабай Сейдалиев.

Ирина Сириченко, 
«Қазгермұнай» БК» ЖШС-да химиялық талдау зертханашысы болып жұмыс істейді. Ол екі жыл қатарынан «Үздік маман» сайысының жеңімпазы атанды. «Жеңіске жетудің құпиясы өз мамандығыңды сүю және біліктілігіңді арттыруға тырысу. Сондықтан тек өсуге талпыну керек. 5 жылдан бері компанияда жұмыс істеймін. Компания кәсіби біліктігіміздің өсуіне, еңбек етуімізге барлық жұмыс жағдайын жасап отыр», – дейді Ирина Сириченко. Ақшабұлақ кенішінде қызметкерлердің жатақханасы, асханасы, спортзал, сыртқы спорт алаңы мен жаттығу құралдары бәрі бар. Қызметкерлер барлық қамқорлықты сезініп отыр. 

Бағдат Мырзахметов, 
«Қазгермұнай» БК» ЖШС Ақшабұлақ кенішінде 4-ші ауысым бастығы болып істейді. Кеніште еңбек етіп жатқанына биыл 11 жыл. Мұнайшылар өндірістік технологиялық процестерден көз жазбай, қадағалап, қажетті мөлшерде ұстап отыр. Процестердің бәрі автоматтандырылған. «Жұмысымыз, жағдайымыз бәрі жақсы. Ұжым бірлікте еңбек етіп жатыр», – дейді Бағдат Мырзахметов. 

 

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх