Бұрғышы Қобдабай

Бұрғышы Қобдабай
30.09.2016
303
Әлеумет

Бұрғышы Қобдабай

Мұнай кәсіпшілігінің бір саласы – бұрғылау жұмыстарын жүргізу. Геологиялық жұмыстардан кейін басталатын бұл сала жұмыстың ең ауыры саналады. Бұрғышылардың өлке жерін шарлап, талай мұнай нүктелерін қазып, халық ырзығы – «қара алтынды» табуға қосқан үлесі ұшан-теңіз. Сондай бұрғышының бірі, бүгінде зейнеткер, еңбек ардагері Аралбаев Қобдабай Сейтқалиұлы ортамызда жүріп жатыр. Ардагер мұнайшы 1939 жылы 25 мамырда Ескене кентінде туған. Еңбек жолын 1957 жылы «Құлсарымұнайбарлау» (ҚМБ) бұрғылау мекемесінің Төнірекшың, Үлкентөбе алаңдарында мұнай-газ бұрғы қондырғыларының дизелшiсi (моторисi) болып бастаған. 1964-1971 жылдары Құлсарыдағы Батыс Қазақстан геологиялық барлау басқармасының Прорва бұрғылау мекемесінде және 1967 жылы Биікжал елді мекенінде жобалық тереңдігі 7000 метрлік СГ-2 ұңғымасын қазу кезінде бұрғы қондырғыларының дизелшiсi (моторисi) болып жасады. Сол жылдарда қиындығы мол, жауапкершілігі жоғары бұрғылау жұмысы нәтижесін беріп, жалғасын тапты, жаңа алаңдар қазылып, жаңа қабаттар сыналды. Қ.Аралбаев 1976 жылы Гурьев политехникалық техникумын «Іштен жанатын двигательдер» мамандығы бойынша бітіріп, В.А.Малышев атындағы Харьков көлік машина жасау зауытында бұрғылау қондырғысын игеру курсын оқыған. 1972-1999 жылдары «Ембімұнай» ӨБ Балықшы БББ бұрғы қондырғыларының дизелшiсi, машинисi, механигі, инженер-технологы болып зейнеткерлікке шыққанша еңбек етті.

Көп балалы үйде тәрбиеленген ол жастайынан көпшіл, бауырмал, еңбексүйгіш болып өсті. Жастайынан әке-шешесінің көмекшісі болып, еңбекке ерте араласып, соңынан ерген іні-қарындастарын баулып, оларға үлгі болды, ата-анасын, бауырларын сыйлап, жақындарына жақсылық тіледі. Өзі сияқты, ағалары мен інілері де мұнай саласында еңбек етті. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген мақалға сай, әке-шешеден алған өнегені өміріне серік етті. 1965 жылы Бақтылы Қосмағамбетқызымен жұбы жарасып, отау көтерді. Былтыр «Алтын тойларын» өткізді. 11 баланы дүниеге әкеліп, бәрін де оқытты, тоқытты. Бүгінде олар қоғамның әр саласында білікті маман атанып, абыройлы еңбек етуде. Қобдабай ағаның Қанат, Самат атты ұлдары да әке жолын қуып, еңбек жолдарын мұнай саласында жалғастыруда. «Ата-анамыз балаларының бәрінің жоғары білім алуына қол жеткізді. Бүгiн олардың әрқайсысы өз алдына шаңырақ көтерiп, бала-шағалы болып отырған жайы бар. «Отбасы шағын мемлекет» демекші, сүттей ұйыған, тату-тәтті, бірлікте өмір сүріп жүрген қарапайым қазақ отбасыларының біріміз. «Үлкенге-құрмет, кішіге-ізет» дегендей сыйластықпен бірлікте өмір сүрудеміз» дейді қызы Сәуле Қобдабайқызы. Сексеннің сеңгіріне жетіп қалған Қобадабай аға мен алтын құрсақты Бақтылы ана бүгінде немере-жиен, шөбере сүйіп, солардың қызығына бөленуде.

 

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх