Дуальдық білім беру жас мамандардың бәсекелестік қабілетін арттырады

Дуальдық білім беру жас мамандардың бәсекелестік қабілетін арттырады
18.10.2016
451
Жастар

Дуальдық білім беру жас мамандардың бәсекелестік қабілетін арттырады

Қазанның 13-і күні Астанада Қазақстанның Орталық коммуникациялар қызметінде Дуальдық оқыту жобасы бойынша «Ембімұнайгаз» АҚ тәжірибесі туралы баспасөз мәслихаты болып өтті. Шараға ҚР Энергетика министрлігінің Мұнай өнеркәсібін дамыту департаменті директорының орынбасары Сәтжан Кәрімов және «Ембімұнайгаз» АҚ бас директорының жаңа жобалар және технологиялар бойынша орынбасары Әнуар Жақсыбеков қатысып, дуальдық оқыту  жобасының мақсаты мен тиімді оң нәтижелері туралы әңгімелеп, журналистердің сұрақтарына жауап берді. 

Жоба мақсаты – ҚМГ ҰК талаптарына мейлінше сәйкес келетін мұнай газ саласына мамандарды дайындау. Атырау мұнай газ институтының 34 студентіне, оның ішінде «Мұнай газ кен орындарының игеру және пайдалану» мамандағы бойынша 3-курстың 19 студентіне, 4-курстың 15 студентіне және «АРЕС Petrotechnic» Жоғары техникалық мектебінің «Мұнай газ кен орындарын пайдалану» мамандығы бойынша оқып жатқан 3-курстың 5 студентіне «Ұңғымаларды зерттеу операторы» жұмысшы кәсібі бойынша тәжірибелік оқу ұйымдастырылды. 
«Отандық өнеркәсіптің техникалық-технологиялық базасының қарқынды дамуының әсерінен техникалық және кәсіби кадрларды дайындау жүйесін қайта құрастыру қажеттілігі туындады. Дуальдық оқыту жүйесін ұйымдастырудың негізгі принциптері: ол оқудың 60% уақыты кәсіпорында, 40 % уақыты колледж және жоғары оқу орнында өтеді. Бұл жүйе Еуропаның Германия, Франция сияқты дамыған елдерінде өз нәтижесін көрсетті», – деді ҚР Энергетика министрлігінің Мұнай өнеркәсібін дамыту департаменті директорының орынбасары Сәтжан Кәрімов. 
«Ембімұнайгаз» АҚ бас директорының жаңа жобалар және технологиялар бойынша орынбасары Әнуар Жақсыбеков журналистерге алдымен «Ембімұнайгаз» Компаниясының  өндірістік тарихы және бүгінгі тынысы жайында әңгімелеп берді. Ембі – Қазақстан мұнай өнеркәсібінің қайнар бастауында тұрған байырғы кәсіпорын. Ғасырдан астам уақыттан бері мұнай игеріп жатқан кеніштері бар. Бұл мұнайшылар мектебін қалыптастырған мекеме. Нарықта мұнай бағасының төмендеп, әрі ескі кеніштер қорының сарқылғанына қарамастан Ембі өткен жылды жақсы нәтижемен аяқтады. Компания бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін дәйекті іске асырып келеді. Атырау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына, өңірлердің инфрақұрылым құрылысына, демеушілік және қайырымдылық бағдарламасының жүзеге асуына қолдау көрсетіп келеді. 
«Компания өзінің келісім-шарттық міндеттемелері аясында қазақстандық мамандарды дайындауға ауқымды қаражат бөліп отыр. Отандық мамандарды дайындауда үш бағыт бойынша, атап айтқанда, дуальдық оқыту жүйесі, шәкіртақылы бағдарлама және суденттердің өндірістік тәжірибесін ұйымдастыру бойынша еліміздің жоғары және орта-арнаулы оқу орындарымен әріптестік қарым-қатынас орнатты», – деді. «Ембімұнайгаз» АҚ бас директорының жаңа жобалар және технологиялар бойынша орынбасары Әнуар Жақсыбеков.   
Шәкіртақылы бағдарлама аясында Компания «АРЕС Petrotechnic» Жоғары техникалық мектебінің аз қамтылған отбасынан шыққан 5 студентінің барлық оқу кезеңіндегі 6 млн. теңгеге жуық қаржысын, сондай-ақ ай сайын ең төменгі бір жалақы мөлшеріндегі шәкіртақысын төлеп отыр. Компания сондай-ақ студенттердің өндірістік тәжірибеден өтуін қамтамасыз етеді және оқу процесі аяқталған соң мамандығы бойынша бос қызмет орны болған жағдайда жұмысқа орналастырады. Стипендиаттардың жоғары техника мектебіндегі оқу мерзімі – 2 жыл 10 ай.
Студенттердің өндірістік тәжірибесін ұйымдастыру бойынша 2014 жылдан бүгінгі күнге дейін ЕМГ базасында жоғары оқу орындарының және колледждердің 700-ден астам студенті тәжірибеден өтті. Олардың 400-ге жуығы «АРЕС Petrotechnic» Жоғары техникалық мектебінің студенттері. 
Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «Қазақстан жолы – 2050 «Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру мақсатында Үкімет Дуальдық оқыту жүйесінің Жол картасын бекітті. 
Жол картасына қатысушылар құрамына «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ, «ҚМГ БӨ» АҚ-ның еншілес компаниясы «Ембімұнайгаз» АҚ-да дуальдық оқыту бағдарламасымен енген еді. Осылайша, ЕМГ дуальдық оқыту жобасын алғашқылардың бірі болып енгізіп, табысты іске асыруда. 2015 жылдың тамызында дуальдық оқыту жүйесі бойынша пилотты жоба іске қосылды. 
Студент-стажерлар тәжірибелік тағылымдамадан «Ембімұнайгаз» АҚ-ның үш өндірістік құрылымдық бөлімшесінде вахталық әдіспен өтеді, 14/14 күннен, ұзақтығы күніне 11 сағаттан келеді. Әр вахта соңында оқыту процесін талдау үшін теориялық және практикалық жағынан бақылау жасалады. 
Өндірістік оқыту және тәжірибе қорытындысы бойынша студенттің оқу орнына алынған дағды мен білім сапасын бағалаған мінездеме беріледі. Стажировка біткен соң, дуальдық оқыту жобасына қатысушы студенттер біліктілік емтихандарын тапсырады. Қорытындысы бойынша студент-стажерға алған жұмысшы мамандығы бойынша біліктілік беріледі және еңбек кітапшасына дуалдық оқытудан өткендігі туралы  жазылады. 
Ә.Жақсыбеков «KAZENERGY» Қауымдастығының бастамасы бойынша ЕМГ тәлімгерлерінің «Кәсіби және еңбек педагогикасы. Тәлімгерлерді аттестациялау» тақырыбы бойынша оқу семинарынан өткенін және оған барлық қатысушылардың халықаралық сертификациялық біліктілік емтиханын тапсырғанын айтты. Жуырда олардың бәрі «Өндірістегі тәлімгер» біліктілігін алады. 
«KAZENERGY» Қауымдастығының жүргізген зерттеулеріне сәйкес дуальдық оқыту жүйесі студенттер тарапынан оң бағаланып отыр. Күрделі теорияны тәжірибе арқылы игеру шәкірттер үшін  тиімді. Зерттеу аталған жобаның мұнай-газ саласындағы өз тиімділігін көрсетті. Бұл жүйеде оқыған студенттердің дәстүрлі оқыту жүйесінде білім алушыларға қарағанда жұмысқа орналасуына оң әсерін береді. Жұмсалған инвестицияға келсек, ол өзін ақтап отыр дейді мамандар. 
«Ембімұнайгаз» АҚ 2016-2017 оқу жылында да дуальдық оқыту жобасын одан әрі жалғастыруда. Жасыратыны жоқ, жас мамандардың диплом алған соң жұмысқа орналасып кетуі қиын. Кедергі тәжірибенің жоқтығына тірелетін. Осындай жағдайда, дуальдық оқыту жүйесі көп мәселенің түйінін ағытып, жастарға кең жол ашып отыр.Биылғы жылдың өзінде пилоттық жобаға қатысқан 20 түлек дипломмен бірге еңбек кітапшасына да ие болды.

 

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх