Жүргізушілік – бала кезгі арманым еді...

Жүргізушілік – бала кезгі арманым еді...
18.10.2016
441
Қызметкерлер

Жүргізушілік – бала кезгі арманым еді...

«ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ компаниялар тобы арасында өткен «Үздік маман-2016» кәсіби-шеберлік байқауының жеңімпазы Ертай Мәуленбаевтың жүргізуші болу бала кезгі арманы болатын. Балалық шақта Ертайға рульде отырған адамнан құдіретті ешкім жоқтай болып көрінетін. «Шіркін, көлік жүргізіп бара жатқан адамның орнында мен болсам ғой», – деп армандаушы еді. Арманы орындалды. Бүгінде №5 Скважиналарға қызмет көрсету басқармасының жүргізушісі. Жігерлі азамат үздік маман сайысына қатарынан 4 рет қатысып, биыл тұңғыш рет компанияның үздік жүргізушісі атанды. «Көп адамдар жүргізуші мамандығының қауіптілігіне мән бере бермеуі мүмкін. Мен 20 жылдан астам еңбек өтілі бар кәнігі жүргізуші ретінде бұл мамандықтың елеп ескеретін көп қыр-сыры бар екенін айтқым келеді. Жүргізуші рульде отырған кезде, екі қолы, екі аяғы жұмыс жасайды, ал, екі көзі айналадағыны қалт жібермес қырағы болуы керек. Жүргізушіге сауысқандай сақтық пен темірдей жүйке қажет. Өйткені, сен адам өміріне қауіп төндіруің ықтимал. Ал әрбір адамның артында бір отбасының тағдыры тұратыны айтпаса да түсінікті. Көлік жылдар өте келе сенің ең жақын сенімді серігіңе айналады. Нағыз жүргізуші көлігіне темір деп қарамайды, аялы алақанымен мәпелеп күтеді. Күнде таң атысымен май мен суын қарайды. Көлік ұзақ жүру үшін күтім қажет», – дейді Ертай.
«Байқау – маманның жетілуіне, өсуіне зор ықпал етеді. Небір-небір жүйріктер қатысқан байқауда жоғары нәтиже көрсетіп, І-орынды иеленгеніме өзіме ризамын. Бұл байқауға мен барынша дайындалдым. Ғаламтордан кәсібіме байланысты сұрақтардың жауаптарын жазып, қал-қадірімше теориялық білімімді де жетілдіргенімнің пайдасы тиді. Кей кездері жұмыстан кейін шаршап жатсам, Аделя деген қызым қағаздарымды әкеліп: «әке, дайындалсаңызшы», – деп қиылып тұратын. Ендеше, менің жеңісіме қызымның да өзіндік үлесі бар», – дейді мақала кейіпкері.
Ертайға мамандығы ұнайды. Әрбір маман иесінің кәсіби-шеберлігі сынға түсетін байқауда жетістіктің қажыр-қайратты талап ететіндігін ұққан Ертай адам баласы туа бітті бейімі бар ісімен айналысқаны жөн деп біледі.

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх