Мамандығым – мақтанышым

Мамандығым – мақтанышым
18.10.2016
537
Қызметкерлер

Мамандығым – мақтанышым

Сәнбала Ырысқалиева, «Өзенмұнайгаз» АҚ, № 3 МГӨБ, № 1 МГӨЦ, № 62 ТҚ (3-блок) мұнай-газ өндіру операторы:

– Мен Өзен кенорнына 1978 жылы 19 жасымда жұмысқа орналастым. Енді бұйыртса, бір жылдан кейін зейнеткерлікке шыққалы тұрмын. Өзім қазіргі таңда №3 МГӨБ-на қарасты № 62 топтық қондырғыда мұнай газ өндіру операторы болып, абыройлы еңбек етіп жатырған жайым бар. Ұжымдағы жастар сыйлайды. Ұжымның шебері Рахат Жабаев жас та болса, бас болып жүрген білікті маман. Ұжымдағы әрқайсымызбен тіл табысып, тапсырмасын да береді. Бізден жұмысты талап етіп, «мен шебермін» – деп бәлсініп отырмай, білек сыбанып өзі де жұмысқа кірісіп кетеді. Нағыз жұмыскер. Ұжымнан жұмысына аса ыждаһатпен қарайтын аға оператор Жеңіс Нұрқасымовты да атап өткім келіп отыр. Жалпы ұжым болғасын кез келген шаруа ақылдасып жасалады. Таңертең әрқайсымыз өзімізге тиісті скважиналарға барлау жасап келген соң, мәдени үйшікте бас қосып, скважиналар туралы ойымызды ортаға саламыз. Қай скважинаға тығырық соғу керек немесе қай скважинаны майлау керек деген сияқты мәселелерді ортаға салып, кеңесе отырып, шешім қабылдаймыз. Ұжымда мықты тәртіп бар. Біз жұмысымызды жақсы түсінеміз. Жас мамандар да өз жұмыстарын өте бағалайды. Бүгінгі күні жұмыссыз адамның күні қараң екендігін олар жақсы түсінеді. Мен өзімді бақыттымын деп есептеймін. Қаламызда қаншама адам мұнайшы болуды армандап жүр десейші?! 
Сүйікті ісіңмен айналысу да бір ғанибет. Жұмыстан үйге оралғанда немерелерімнің «әжелеп» жүгіргенін көргенде, шаршағанымды ұмытып кетемін. Осыдан аттай он жыл бұрын жолдасым өндірісте, жұмыс орнында көз жұмды. Бәрі де Алланың құзырындағы нәрсе ғой. Оның өмірден озғанына ешкімді кінәламаймын. Тек баламның ата-ана жолын жалғастырып, мұнай саласында еңбек еткенін қалаймын.

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх