Кеңейген кеніш

Кеңейген кеніш
28.10.2016
465
Өндіріс

Кеңейген кеніш

№3 Жаңаталап мұнай-газ өндіру цехының құрамына Орталық Жаңаталап, Солтүстік Жаңаталап, Шығыс Жаңаталап, Қарашығанақ, Гран кен алаңдары кіреді. Цех жыл сайын мұнай өндіру жоспарын толықтай орындап отыр.

Жаңаталап кен орны 1974 жылдан бастап өнім бере бастады. Алғашында 10 шақты ұңғымамен жұмыс жасап, одан азғантай 20-40 тоннадай өнім алып отырды. Сол кезде «Балықшы барлау-бұрғылау» басқармасы бұрғышыларының екпінді жұмысынан кейін ұңғымалар саны көбейе бастады. Бұрғылау жұмыстары барған сайын қыза түсті. Енді 200, кейіннен 400 тонналық қазандар орнатылды. Жаңаталап алаңы көбіне юра қабатынан 250 метрден 1200 метр аралықтарынан өнім береді. 
«Соңғы 5 жылдың мәліметі бойынша 2011 жылы барлығы 89 ұңғыма жұмыс жасап тұрса, 2016 жылы 124 ұңғыма өнім беріп тұр. Осы жылдар аралығында бұрғылаудан шыққан барлығы 77 ұңғы іске қосылып, одан 48 604 тонна қосымша өнім алынды. Қабатқа су айдау 1986 жылдан басталды. 2011-2016 жылдары кен алаңындағы ұңғымалардың 79-ы күрделі жөндеуден өткізіліп, олардың суланған аралықтарын жауып, мұнай қабаттарына электрмен және акустикалық әсер ету арқылы қосымша 34 421 тонна мұнай өнімі алынды. Одан басқа мұнай өнімін көбейту мақсатында басқа да түрлі шаралар: мысалы, тұзды қышқылмен өңдеу, гель айдау, құмыққан ұңғыларды түбіне дейін жуу әдістері қолданылды. Ұңғымаларды қосымша арттыру арқылы соңғы 5 жылда барлығы 26 ұңғыны іске қостық, одан  қосымша 2778 тонна өнім алынды. Қабат қысымын сақтау мақсатында 14 су айдау ұңғылары жұмыс жасауда. Олардан орташа есеппен өндірілетін  судан 2319 м3 су жер қабатына кері айдалады, сол себепті қабат қысымын сақтап тұрамыз. Кейбір ұңғымалардың парафин көп болуына байланысты ыстық мұнаймен өңдеп, өнім беруіне кедергі келтірмеу жағын қарастырып отырамыз. Бұрын ұңғымалардың өнімдерін қазанның басынан рулеткамен өлшеп, өнімін анықтай алатын едік, ал қазір соңғы технологияның дамуына орай әрбір ұңғымалардың өнімін «Сименс» компьютері арқылы біле аламыз», – дейді цех геологы Әдемі Калимова.
Жаңаталап кен алаңы ашылған мезгілде 10 шақты адам еңбек етсе, бүгінде ұңғыма саны көбейуіне байланысты жұмысшы саны 70-тен асты. «Қазіргі уақытта цехта еңбек ететіндердің дені жастар. Олардың ішінде 13-і инженер-техник қызметкерлер болса, ал 60-ы мұнайшы-жұмысшы мамандығының иелері. Өндіріске жаңа әдістерді енгізу де өз нәтижесін беріп келеді. Күні бүгін бізде 10 ұңғымаға тербелменің орнына соңғы техника жетістігі – линиялы штангалы сорап (ЛШП) қойылды. Бұл электр энергиясын үнемдеуге, сөйтіп, мұнай өнімдерін ұлғайтуға жол ашты. Кен қабатына тәулігіне 3000 текше метрге дейін су айдап отырмыз. Бұл орайда ЦНС180/425, ЦНС 60/330 сораптарын тиімді пайдаланудамыз. Сондай-ақ, НБ-125, ЦНС60/66 сораптарын ішкі кен алаңдарындағы мұнай айдау бекеттерінен Орталық Жаңаталаптағы бас қондырғыдағы қазандарға мұнай айдауға пайдаланып отырмыз. Кен қабатының өнімділігі артып келеді. Су айдау көлемі де белгіленген деңгейде орындалып тұр. Сонымен қатар, кен қабатына электрмен және акустикалық әсер ету әдістері қолданылуда. Осындай жұмыстардың нәтижесінде цех ұжымы мұнай өндіруді төмендетпей, белгіленген жоспарлы тапсырмаларды асыра орындап келеді», – дейді цех бастығы Әділжан Қадралиев.
Солтүстік Жаңаталап алаңында 30 шақты мұнай өндіру ұңғымалары жұмыс жасап тұр. Бұрын тереңдік сорабының қысымымен мұнай Орталық Жаңаталапқа дейін келетін. Қазір соңғы ұңғымалардың 4, 5, 6, 8-ге дейін баратын атмосфералық қысымын 0,8-ден 1-ге дейін түсіруге қол жетті. Сол жерден мұнай жинау бекеті салынды. Ұңғымалардан өндірілген сұйықтықты сораппен айдаудың арқасында қысым азайды да, өнім молая түсті. Ол жерде үш топтық өлшеу қондырғысы қалыпты жұмыс жасап тұрғанын айтуға тиіспіз. Цехтағы мұндай жұмыстар өз нәтижесін беруде. Айталық, бұрындары құбыр бойында қысым күшті болғасын апта сайын құбырлар жарылып жататын. Енді, құбырға қысым түспей бұрынғыдай олардың мезгілсіз жарылуы кездеспейтін болды. Бұрын ұңғымаларды жай жөндеу жұмыстары бір-екі айда жүргізілетін болса, қазір ол бес-алты айға дейін созылатын болған. 
Бүгінгі таңда цех мұнайшыларының әлеуметтік жағдайларын жақсартуда бірқатар жұмыстар атқарылуда. Орталық Жаңаталап кен орнында жатақхана үйі, кеңсе, дәрігерлік қосын, жаңа май, су айдау сорап қондырғыларының ғимараты қалтқысыз жұмыс жасауда. Өткен жылы қосымша 20 орындық жатақхана пайдалануға беріліп, цех қызметкерлері игілігін көруде. Былтыр жаңадан 50 орындық асхана салынды. Алда арнаулы техникаларға арнап 13 орындық бокс, қатқыл табанды жол салу көзделуде.

 

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх