«9 ай тәжірибеден өткеніміз көп көмектесті»

«9 ай тәжірибеден өткеніміз көп көмектесті»
28.10.2016
488
Қызметкерлер

«9 ай тәжірибеден өткеніміз көп көмектесті»

Дуальдық оқыту жүйесінің кәсіби мамандар даярлауда тиімділігі мен нәтижелілігі зор екендігі іс жүзінде дәлелденген, ол қазіргі дүниежүзілік тәжірибеде бар дүние. Бұл жүйе отандық компанияларда да қолданысқа енгізілуде. Солардың ішінде «Ембімұнайгаз» АҚ алғашқылардың бірі болып жобаны табысты іске асыруда. 

2015 жылдың күзіне қарай «Ембімұнайгаз» АҚ Атырау мұнай және газ институты және «АРЕС Petrotechnic» Жоғарғы техникалық мектебімен бірігіп, студенттерді дуальдық оқыту бойынша пилотты жобаны іске қосқан болатын. Бұл – «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ тобы компанияларына мамандар даярлау талабынан туындап отыр. Компания өзінің келісім-шарттық міндеттемелері аясында қазақстандық мамандарды дайындауға ауқымды қаражат бөліп отыр. Отандық мамандарды дайындауда үш бағыт бойынша, атап айтқанда, дуальдық оқыту жүйесі, шәкіртақылы бағдарлама және студенттердің өндірістік тәжірибесін ұйымдастыру бойынша еліміздің жоғары және орта-арнаулы оқу орындарымен әріптестік қарым-қатынас орнатты. Пилотты жобаға 3-4 курстың 39 студенті қатысты. Оқыту және өз білімін қолдану жүйесі қарапайым: 14 күн студенттер оқу орындарында білім алып, ал келесі 14 күнде вахталық әдіспен «Ембімұнайгаз» АҚ өндірістік бөлімшелерінің – «Жылыоймұнайгаз», «Жайықмұнайгаз» және «Қайнармұнайгаз» МГӨБ кеніштерінде практикалық тәжірибе алды. Тәжірибеден бөлек студенттер табыс табу мүмкіндігіне ие болып, 60 мың теңге көлеміндегі өтемақы мен жаңа оқыту әдісін ұйымдастыру жөніндегі бүкіл қалған шығындарды «Ембімұнайгаз» АҚ өз мойнына алды. 
Оқу аяқталған соң студенттер «ұңғыманы зерттеу жөніндегі оператор» мамандығы бойынша біліктілік емтиханын тапсырды. Соның қорытындысы бойынша оларға біліктілік санаты берілгені туралы «Ембімұнайгаз» АҚ тарапынан еңбек кітапшасы тапсырылды. Біліктіліктің болуы алға қарай түлектерге жұмысқа орналасу кезінде көмектеседі. Оның ішінде қазіргі таңда төрт түлек «Ембімұнайгаз» АҚ кен орындарына жұмысқа орналасуға мүмкіндік алды. «Ембімұнайгаз» АҚ 2016-2017 оқу жылында да дуальдық оқыту жобасын одан әрі жалғастыруда.

Серікқали Мусағалиев, «Оңтүстік Шығыс Қамысты» кен орнында ұңғымаларды зерттеу жөніндегі оператор:

– Мен 20 жылдан бері осы кен алаңында еңбек етіп келемін. Әуелі мұнай өндіру операторы болып еңбек еттім, кейін осы жұмысқа ауыстым. Қазір жанымда жас маман Медхат еңбек етуде. Талабы, қабілеті жақсы. «Динамограф», УЗМ құралдарын пайдалана, қолдана біледі, өзінің ісіне тыңғылықты қарайды. Институт қабырғасынан бірден келмей, өндірістік тәжірибеден өткені көрініп тұр. Жастарға жемісті еңбек тілеймін.

Медхат Шыңбаев:

– Атырау мұнай және газ институтын бітірген соң, ағылшын тілін терең меңгеруді, техникалық тілді білуді мақсат тұтып «АРЕС Petrotechnic» Жоғарғы техникалық мектебіне оқуға түстім. «Ембімұнайгаз» АҚ-ның дуальдық оқыту жүйесіне іліккеніме бүгінде көп ризамын. 
Институт бітірген сәтте жұмыс іздеп көргем, бірақ мамандығым бойынша жұмыс табу қиын екенін түсіндім. Өйткені, қайда барсаң да «тәжірибең жоқ» деген жауап аласың. Ал, дуальдық оқу арқасында тәжірибе де алдық, өндірістің не екенін де білдік, оқумен де ұштастырдық. Анам мұғалім болғандықтан да шығар, білім алуға, үйренуге жалықпаймын. «Ембімұнайгаз» АҚ-да тесттен өткесін, үмітім жанды. Сібірде, Ресейдің Ненец автономиялы аймағында жұмыста жүргенімде жақсы хабар алдым. Содан «туған жерге не жетсін деп» елге оралдым. Қазір «Жайықмұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасының Оңтүстік Шығыс Қамысты кен алаңында 3-разрядты «ұңғыманы зерттеу жөніндегі оператор» болып еңбек етудемін. Бұған дейін өткен өндірістік тәжірибенің көмегі көп тиюде. Жұмысыма жауаптылықпен қараймын. Ал, оқуға келсек, дуальдық оқытудың нәтижесі боларына жастардың көзі жетеді деп ойлаймын.

Ерболат Көшкінбаев, «Жайықмұнайгаз» МГӨБ, С.Балғымбаев кен алаңы, зерттеу жұмыстарын жүргізу цехының басшысы:

– Жасұланның еңбек етіп жатқанына бір айдан асты. Қадамы жаман емес, жұмысына жауапты. Ұңғымаларды зерттеудің маңызы зор ғой. Сұйық жақсы беріп тұрса жақсы әрине, ал бермесе оны тез қалпына келтіру қажет. Өнім көлемін кемітуге болмайды. Межелі жоспарды орындау міндеті тұр. Сондықтан жауаптылық мұнда аса қажет қасиет. Жасұлан 3-разряд маманы нені білуі, атқаруы тиіс болса, соны толықтай жасауда. Бұған тәжірибеден өткендері көп септігін тигізіп тұр. Алда жақсы маман болады деп сенеміз.

Жасұлан Бағытжанов:

– Мен «АРЕС Petrotechnic» Жоғарғы техникалық мектебінің түлегімін. Қолымызға «Ембімұнайгаз» АҚ-нан тәжірибеден өтіп, «ұңғыманы зерттеу жөніндегі оператор» деген жазбасы бар еңбек кітапшасы тигеннен кейін, компания арнайы емтихан өткізіп, тест жүргізді. Содан бағым жанып, жақсы ұпай жинадым. Сөйтіп, біраз уақыттан кейін жұмысқа қабылданғаным жөнінде хабар келгенде қатты қуандым. Бүгінде «Жайықмұнайгаз» МГӨБ-на қарасты С.Балғымбаев кен алаңында «Зерттеу жұмыстарын жүргізу цехында» еңбек етіп жатырмын. Таңертең нұсқамадан өткесін, геологтардан тапсырма алып, ұңғымаларға барамыз. Қолымызда жерасты сорабы жұмысын анықтайтын «Динамограф» және сұйықтықтың өзгермелі не тұрақтылық деңгейін анықтауыш құралдар бар, сонымен зерттейміз, қағазға түсіреміз, журналға жазамыз. 
Өндіріс басындағы 116 ұңғыманы кезек-кезекпен қарау біздің міндетіміз. Сораптың дұрыс жұмыс жасап тұруын қадағалаймыз, жасамаса, жөндеуге жіберіледі. Жалпы айтқанда, жұмыс жауапты да қызықты. 9 ай тәжірибеден өткеніміз көп көмектесті. 
Дуальдық оқыту жүйесін іске асырып жатқан «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ және «Ембімұнайгаз» АҚ басшылығына өте ризамыз. Әйтпесе, қазір тәжірибең болмаса жұмысқа орналасу қиын, еңбек өтілің жоқ деп алмайды. Ал мына жүйе мен сияқты көп жастың жолын ашары хақ. Өзім таңдаған мамандық бойынша білім алып, өндірістік тәжірибеден өтіп, еңбекке араласуға мүмкіндік алғаныма, арманымның орындалғанына қуаныштымын.

Дастан Баташов:

– Дуальдық оқыту жүйесі арқасында бүгінде толыққанды маман атанып отырғаныма қуаныштымын. Атырау мұнай-газ институты қабырғасында жүріп өндіріспен таныстық, болашақ мамандығымыздың қыр-сырын үйрендік. 
Міне, енді сол Прорва кен алаңындағы С.Нұржанов кенішінде өзім тәжірибеден өткен жерде «ұңғымаларды зерттеу жөніндегі оператор» болып еңбек етіп жатырмын. Жұмысым жақсы. Қасымда Маханова Алмагүл атты тәлімгер-ұстазым бар. Күнде ұңғымалардың жай-күйін, жұмысын арнайы құралдармен тексереміз. Геологтармен тығыз байланыста боламыз. Студент кездегідей емес, қазір жауапкершілікті сезінемін. Сондықтан бәрінің дұрыс болуын қадағалаймын. «Ембімұнайгаз» АҚ-дан студент кезімізде алған еңбек кітапшамдағы жазба осы компанияда жалғасқанына дән ризамын.

Қазбек Сүйінғариев, ұңғымаларды зерттеу жөніндегі оператор:

– Аталған оқыту жүйесі енгізілгеннен бері мені студент жастарға тәлімгер етіп тағайындаған болатын. Олар менімен бірге Оңтүстік Батыс Қамысты кенішінде еңбек етті. 14 күн жұмыс жасап, қалған уақытында институттағы оқуын жалғастырады. Талаптары жаман емес, бәрін ұғып алады, іліп әкетеді, түсінеді. 
Біз мұнда ең әуелі еңбек қорғау, қауіпсіздік техникасынан бастап, мұнай өндіру саласына қатысты барлық қажетті мағлұматты беріп отырдық. Тіпті, алғашқы медициналық жәрдем көрсетуді де үйреттік.  
Ұңғымаларды жерасты және ұңғымаларды күрделі жөндеу дегеннің не екенін де айттық. Сонымен қатар, өздерінің негізгі – ұңғымаларды зерттеу жұмысының қыр-сырын меңгеруіне машықтандырдық. Олар әр кез 14 күнде үйренгендерінен сынақ тапсырып отырды. Мен сонда ұзақ жылдардан бері жасап келемін. Жұмысымыз жақсы. Бізді неміс мамандары осы тәлімгерлікке оқытып, сертификат табыстады. Соған орай, Шымкент қаласына үш мәрте барып, дәріс алып келдік. Үйрену қашан да кеш емес дегендей, өзіміз де қосымша сабақ алдық. Ол әрі біздің біліктілігіміздің өсуіне де септігін тигізді.

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх