Байбақты атаға бас иді

Байбақты атаға бас иді
28.10.2016
707
Әлеумет

Байбақты атаға бас иді

Қазақ мұнайы алғаш өндірілген Доссор кентінің терістігінде орналасқан Байбақты ата кесенесі басында ер, батыр баба Байбақты Қармысұлына арнап ас беріліп, ат шаптырылды, суырып салма ақындар айтысы болып, мыңдаған адам әулие рухына тағзым етті. Шараны ақ бас Алатау баурайынан ат сабылтып жеткен Қазақстанның халық әртісі, КСРО халық әртісі, “Парасат” орденінің иегері Асанәлі Әшімов ашты.

– Біз өзімізден тыс табиғаттың тылсым күші бар екенін білеміз. Міне, сондай бір құдіреттің иесі Байбақты ата басына барша халық жиналып, құран бағыштап отырғанымыз – адамдықтың, кісілік пен бірліктің, ынтымақтың күші. Тағзым ету, дұға ету – сауапты істің негізгісі. Сауапты ісіміз оңға бассын. Қабыл болсын! – деп лебізін жеткізді.
Еске алу рәсімі аламан бәйгемен басталды. Республикамыздың түкпір-түкпірінен жер тарпыған әйгілі сәйгүліктер қатысты. «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» демекші, мәре сызығына бірінші болып «Аманат» атты сәйгүлігімен астаналық шабандоз Аян Аманжол  жетті. Аламан бәйгеге тігілген алты жүлде де иелерін тапты. Батыр бабаның ұрпақтары атынан келген маңғыстаулық Орынбасар ақсақал Пернебай Дүйсенбин жазған «Шеркешнама» кітабы  жөнінде түсінік беріп, «Байбақты ата» қорына ақшалай сыйлық берді. 
Байбақты атаның рухына бағышталған айтулы шаралардың қатарында ақындар айтысы халыққа зор мереке сыйлап, оған республикамызға танымал аузы дуалы сегіз ақын қатысты. Айтыс тақырыбы Байбақты атаның келісті келбеті, боямасыз болмысы, азаматтық арманын айта отырып, Қазақстан Республикасының Тәуелсіздікке қол жеткізген 25 жылдығын жырлау болды. Айтысқа төрт жұп қатысты. Ақырында, І-орынды «Ембімұнайгаз» АҚ, «Жылыоймұнайгаз» МГӨБ қызметкері Сырымбек Сәрсенбаев жеңіп алып, ақшалай сыйлықты иеленді. Бас жүлдеге талайды от тілімен сүріндірген, есімі елге танымал Ринат Зайытов лайық деп танылып, айтыстың жүлдесіне тігілген автокөлік кілтіне ие болды. Жиын барысында сөйлегендер ата-баба рухына тағзым етіп, ұрпақ амандығын тіледі. Сөйтіп, атыраулық жұртшылық әділдіктің ақ семсерін көтеріп, елдің қамын ойлаған, өз заманында жаумен айқасқан ер жүректі батырын, аруақты ерін осылайша еске алып, келер ұрпаққа ұмытылмастай ізін қалдырды. Шараның ұйымдастырылу жұмыстарына «Доссормұнайгаз» МГӨБ зор қолдау білдіріп, жан-жақты көмектескенін айта кеткен жөн.

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх