Құлақтан кіріп бойды алар, әсем ән мен тәтті күй!

Құлақтан кіріп бойды алар, әсем ән мен тәтті күй!
11.11.2016
908
Әлеумет

Құлақтан кіріп бойды алар, әсем ән мен тәтті күй!

Таяуда ғана спорттық сайыс өткізген ембілік зейнеткерлер тағы да белсенділік танытып, енді өнер жарысын ұйымдастырды. Байқау Атырау облысының Доссор поселкесінің мәдениет үйінде өтті. Оған «Жайықмұнайгаз», «Жылыоймұнайгаз», «Доссормұнайгаз» және «Қайнармұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармаларының зейнеткерлері қатысты. 

Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Әнім саған, туған елім Тәуелсіз» атты «Ембімұнайгаз» АҚ ардагер көркемөнерпаздары фестиваль-байқауының мақсаты – Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігін ұлығылау, ардагерлердің қоғамдық белсенділігін арттыру, «Ембімұнайгаз» АҚ шығармашылық ұжымдарының және жеке өнерпаздардың қабілетін дамыту, мұнайшылардың көңілді демалысын ұйымдастыру, халық шығармашылығының барлық түрлері мен жанрларын насихаттау, «Мәдени мұра» бағдарламасын іске асыру, ардагерлердің өнерін дәріптей отырып, кейінгі буын мұнайшыларға өнеге-үлгі көрсету.

Фестиваль талабына сәйкес байқауға зейнеткерлермен қатар еңбек етіп жатқан 55 жастан асқан әйелдер, 60 жастан асқан ерлер қатыса алды. Алайда, шығармашылық ұжым мүшелерінің (хор, оркестр, ансамбль) 80 пайызы зейнеткерлер болу шарты қойылды.  Байқаудың концерттік бағдарламасы мен сахнаны безендіру өзара байланысты және фестивальдің негізгі тақырыбын ашуы тиіс. Сондай-ақ, байқауда ауыл-село тұрғындарының, соның ішінде ардагерлердің, ауыл зейнеткерлерінің қоғаммен байланысын көрсететін көрнекіліктер, ардагерлерден құралған шығармашылық ұжымдардың қолөнер бұйымдарының көрмесі де ұйымдастырылды. Бағдарлама 10 балдық жүйе бойынша бағаланып, режиссуралық-қойылымдылық тақырып, орындаушылық шеберлік, жанр түрлері, сахна безендіру, сахналық костюмдер, аспаптық және вокалдық орындау, көркем сөз оқу, көрнекіліктер мен көрмелердің ұйымдастырылуына мән берілді.

Ардагерлердің қоғамдық белсенділігін арттырып, мәдени рухты көтеру мақсатында алғаш өткізілген көркемөнерпаздар байқауының ашылу салтанатында сөз алған «Ембімұнайгаз» АҚ ардагерлер кеңесінің төрағасы Бағыт Сматуллин байқауды ұйымдастыру идеясы туралы айтты.

– Құрметті ардагерлер, өнерпаз мұнайшылар, өнер байқауына қош келдіңіздер! «Сәлемнің де сәті бар» дегендей бүгін тағы кездесіп жатырмыз. Байқаудың мақсаты – «Үлкенді сыйлау – кісілік» демекші, өздеріңізбен жүздесіп, өнерлеріңізді тыңдау, кейінгі ұрпаққа насихаттау. Жастарыңыздың ұлғайғанына қарамастан келіп жатқандарыңызға  көп рахмет. Көңіл көңілден су ішеді. Бүгін бір-біріңізбен шүйіркелесіп, қосыла ән шырқап, жыр төгер күн. Байқау сәтті өтсін! – деді ол.

Әрине, мұндай байқау ең алдымен рухани байлықты насихаттау, қазақ өнерін дамыту үшін қажет. Байқауда негізінен жұртшылық жүрегінде жатталып қалған байырғы әндер, сағындырған саздар бен күмбірлеген күйлер, мың бұралған билер орындалды. Байқау шымылдығын «қайнарлық» ардагер Қуаныш Айтжан арнау сөзбен бастап, Айгүл Жұмағалиева «Қазақ елі» әнімен ашты. Өтегенов Думан қарт Шәмшінің ұмытылып бара жатқан «Жүрек сыры» атты әні мен ескі «Песня о первой любви» атты әнді тебірене орындады.  «Көзімнің қарасы», «Гүлсім-ау», «Менің Қазақстаным», «Желбір желкен», дуэтпен «Әнім сен едің» әндерін орындаушыларды да тыңдармандар жылы қабылдады. Өнер ұжымының бағдарламасы «Қайнарым» әнімен қорытыланды. Айта кетерлігі, қайнарлық зейнеткерлер бір-бірінен қашық елді мекендерде тұратындықтан, олардың басын құрау оңай емес, әрі бірлесе дайындала қоятын арнайы клубы да жоқ екен. 

Көркем сөзбен әрлене басталып, сырнайдың сүйемелдеуінде әжелердің биімен ашылған доссорлықтардың да өнері жақсы болды. Т.Қоңырбаев «Дудар-ай» әнін баянның сүйемелдеуімен нақышына келтіре орындап, көрермендерді елітіп әкетті. Доссорлықтардың бір ерекшелігі – екі дауыс (дуэт), үш дауыста (трио) ән айтуы жарасымды шықты. Мысалы «Алатау» әні үш дауыста әсерлі естілді. Әже-аталардың «Қамажай», «Қара жорға» билері, «Ақтамақ», «Дедімай-ау», «Күн дидарлы Қазақстан», «Әдемі-ау», «Жас дәурен», «Алтыным», басқа да әндер көрермендер көңілінен шықты. Ұжым терме, эстрадалық жанрда да өнер көрсетті. Соңында олар бағдарламаны тұтас ұжымның орындауындағы Е.Хасанғалиевтің «Атамекен» әнімен қорытты.

Жайықтық мұнайшылар ұжымдық орындаумен ерекшеленіп, өнерлерін Исатай-Махамбет образын сомдауға арналған сахналық көріністен бастап, бүгінгі тәуелсіздікпен байланыстырды. Ұжымның сахналық декорациясы, костюмдері, орындаушылық шеберліктері, жыр шумақтары тақырып мазмұнын аша білді. Ал суырып салма ақын Сыдихов Қожантайдың арнауы ел, мұнай тарихымен басталып, биылғы жылы мерей тойлары аталып өткен батыр Исатай Тайманов, мұнайшы Ж.Досмұхамбетов, ақын Х.Ерғалиев сынды тұлғаларды ұлығылау, тәуелсіздіктің баяндылығын жырлауға ұласты:

Мұндайды көріп пе едің ғұмырыңда,

Әлемнің қазақ елі  ұғымында,

Көк туым 25 жыл желбіреп тұр,

Баянды тәуелсіздік тұғырында, – деп жыр тетігін ағытты ол.

Өнер ұжымы домбырашылар ансамблі, хор, дуэт, әзіл-сықақ қойылым, ерлер ансамблі, жеке орындауда да дараланып, ұжымның орындауындағы «Атамекен» әнімен аяқтады.

Жылыойлықтардың бағдарламасы мұнайшы-ақын Амандық Сасаевтың «Мұнайшы менің ерлерім» жыр шашуымен басталды:

Еңбекте күндей болып жайнадыңдар,

Қашан да елдің қамын ойладыңдар.

Қымбатты, ардагерлер, өнердегі,

Сендерге жырдан берер байрағым бар, - деп жырлады ол.

«Оператор қыз», «Сыр сұлуы», «Қол созып, құшақ жайған қандай адам», «Кең Жылыой» сынды әндер, байқау күні отасқандарына 50 жыл толған ерлі-зайыпты Қ.Бекенов пен Б.Мусиеваның орындауындағы «Ақсудан ұшқан аққулар», трионың орындауындағы «Комсомол», «Адай» күйлері тыңдармандарды шабыттандыра түсті. Ерлі-зайыпты Г.Арыстанов пен Т.Аманжолованың орындауындағы «Назарым саған» атты шебер орындалған өзбек биі көрмендерге қол соқтырмай қоймады. Әрине, байқау барысын, әр орындаушыны түгел баяндау мүмкін емес, сондықтан жалпылай атап өттік. Қолөнер сайысы да ат әбзелдері, қамшы, картина, кестелі орамал сынды басқа да бұйымдарды ұсынды.  

Фестиваль-байқау қорытындысымен 1-ші орынды «Жайықмұнайгаз» ұжымы жеңіп алса, 2-ші орынды «Жылыоймұнайгаз» бен «Доссормұнайгаз» өнерпаздары тең бөлісті, ал 3-ші орын «Қайнармұнайгаз» өнер ұжымының еншісіне тиді. Сондай-ақ, хор, домбырашылар ансамблі, жеке, екі, үш дауыста ән айтқандарға, арнау айтқан, терме, күй орындағандарға жекелеп диплом мен алғыс хат табыс етілді. Ардагерлер кеңесі тарапынан шараны ұйымдастыруға атсалысқан барлық басқарманың әлеуметтік бөлім басшыларына, көркемдік жетекшілерге, әділқазылар алқасына, шараны өткізуге демеушілік көрсеткен «Қазақстан мұнайгаз салалық кәсіптік одағы» Қоғамдық бірлестігінің төрағасы Тілекқабыл Қабдоловқа алғыс білдірілді. Ардагерлер осындай шараға қатысқандарының өзі бір мерей екенін ризашылықпен айтып жатты...

Бағыт Сматуллин, «Ембімұнайгаз» АҚ ардагерлер кеңесінің төрағасы:

– Биылғы жылғы мерекенің орны ерекше. Тәуелсіздікке 25 жыл болады. Осыған орай біздің ардагерлер ұйымы да өз мүмкіндігінше шаралар ұйымдастырды. Тәуелсіздік мерекесіне арнап қоғамның барлық құрылымдық бөлімдерінде ардагер спортшылар арасында жарыс өтсе, енді міне, көркемөнерпаздар байқауы өтті. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы қиындықтарды бастан өткізген біздің ардагерлеріміздің бұл мерекені атап өтуге деген ынталары мен құлшыныстары ерекше болды. Бәріне бір кісідей атсалысқаны үшін ризашылығымызды, ал, «Ембімұнайгаз» АҚ Бас директорының жаңа жобалар мен технологиялар жөніндегі орынбасары Әнуар Жақсыбековке осы екі шараны да өткізуді бірден қызу қолдағаны үшін алғысымызды білдіреміз.

Думан Өтегенов, «Қайнармұнайгаз» МГӨБ, 77 жаста:

– Шыны керек, көркемөнерпаздар сайысына қатысып, бір серпіліп қалдық. Үйде бүктүсіп жатқан бізді, кемпір-шалды, «ай, оларды ұмытпайықшы» деп осындай шараға шақырып, көңіл аударғандарына бек ризамын. Ән айту, би билеу, аспапта орындау адамның көңілін көтереді, жасын ұзартады.

Жұмажан Исмагулов, «Доссормұнайгаз» МГӨБ, 70 жаста:

– Бұл қарттарға керек шара. Сондықтан өткендегі спорт сайысын да, мына өнер байқауын да қолдаймын. Қоғам ортасынан шеттемеген адам өзін қашан да қажет сезініп тұрады ғой. Осындай шараларға қатысып көңіл марқаяды.

Мустахима Исаинова, «Жылыоймұнайгаз» МГӨБ, 65 жаста:

– Зейнеткерлер үшін мұндай шара өте қажет. «Тойдың болғанынан, боладысы қызық» деген ғой. Ұжымдасып бәріміз сайысқа «кетіп барамыз, келе жатырмыз» дегеннің өзі неге тұрады. Осыны көрген жастар бізге қызыға да қарайды. Бұл да тәрбие, ұрпаққа өнеге.

Қожантай Сыдихов, «Жайықмұнайгаз» МГӨБ, 61 жаста:

– «Қарты бар үйдің қазынасы бар», «Сыйласаңыз кәріңді, жарылқаймын бәріңді» демей ме? Аталған шара қарияларға, зейнеткерлерге жасалып отырған құрмет деп түсінемін. Байқауды ұйымдастырған ардагерлер кеңесіне рахмет, тағы да бас қосып, сырласу мен сыйласуға мүмкіндік жасап жатыр.

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх