Ынтымағы жарасқан ұжым

Ынтымағы жарасқан ұжым
24.11.2016
275
Өндіріс

Ынтымағы жарасқан ұжым

«Өзенмұнайгаз» акционерлік қоғамы, №2 Мұнайгаз өндіру басқармасына қызмет көрсететін АжТБ-сының №2 цехының қызметкерлері компанияның өркендеуі жолында еселі еңбек етіп келе жатқан тату ұжымның бірі. Осы аталған цехтың шебері Есенжол Ерпанов ұжым туралы былай деп әңгімелейді.

«Бригада қызметкерлері: бақылау, өлшеу аспаптарының жөндеушілері Рахат Өтепбергенов, Қайрат Марқабаев, Меңдібай Сейітов, Қуандық Кеңесов, Өтемұрат Айдарбеков, Бердібек Ізғалиев, Салтанат Таласбаевалар өмірдің көркі еңбекте екендігін жақсы түсінеді. Олардың әрқайсы өмірден өз кәсібін тауып, бүгінде сол саланың майталманы атанып отыр. Біз әрбір скважинаның қандай мөлшерде мұнай өндіргенін есептейтін өлшегіш қондырғылардың істен шықпай, үздіксіз жұмыс жасауын қадағалаймыз. Қондырғылардың жұмыс жасауы – ток көзіне тікелей байланысты. Ауа-райының қолайсыздығы кезінде, ток көзінің болмай қалып, өлшегіш құралдарымыз істен шығып қалып жатады. Мұндайда біз жедел іске кірісіп, электр саласындағы әріптестерімізбен бірлесе отырып, олқылықтың алдын алуға күш саламыз. Біздің қарауымызда аталмыш қондырғының 23-і есепте тұр. Соңғы кезде бұл өлшегіш қондырғылардың заманауи үлгідегі қондырғылармен ауыстырыла бастауы бізді қатты қуантып отыр. Қазіргі таңда 23 қондырғының 15-і жаңаланды. Қондырғылардың бұл жетілдірілген түрі ескі қондырғыларға қарағанда анағұрлым сапалы әрі тиімді екендігіне көзіміз жетіп отыр. Бригададағы Салтанат Таласбаева туралы айрықша атап өткім келіп отыр. Салтанат көп балалы ана, «Күміс алқа» иегері бола тұра, жұмысқа деген жауапкершілігі өте жоғары. Ол біршама уақыт кеңселерде кадр және әлеуметтік бөлімдерде де жұмыс жасап, өзінің іскерлігімен көзге түсті. Мәдени үйшігіміздің ескілігіне қарамастан ішін гүлге толтырып қойды. Гүл адамның көңіл-күйін көтеріп, жайлылық аурасын қалыптастыратынын сезіп жүрміз. 
Бригадамызда 1994 жылдан бері жүргізуші болып жүрген Кемелхан Тәжімұратовтың да жұмысқа деген жанашырлығына ризамын. Жұмысты өзара кеңесіп отырып орындаймыз. «Ас – адамның арқауы» демекші, асханалардағы түскі астың мәзірі де көңілімізден шығады. Еңбек демалысы кезіндегі шипажайларға берілетін жолдама мәселесі толық шешілген».
«Өзенмұнайгаз» АҚ компаниясының қарқынды дамуы жолында әрбір қызметкердің зор үлес қосып жүргені сөзсіз.

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх