Жаңа тұрғын үй салып берді

Жаңа тұрғын үй салып берді
24.11.2016
457
Әлеумет

Жаңа тұрғын үй салып берді

«Ембімұнайгаз» АҚ қызметкерлері өздерінің бір күндік еңбекақысын аудара отырып, баспанасы суға кеткен Атырау қаласының тұрғыны Гүлбағыт Қызылташқа жаңа тұрғын үй салып берді. Үй иесін қоныс тойымен «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ бас директоры, «Ембімұнайгаз» АҚ бас директорының бірінші орынбасары Құрманғазы Есқазиев құттықтап барды.

Соңғы екі жылда облыс аумағында қатты жауын болды. Қаланың жеке секторындағы көптеген баспаналар су астында қалды, тұруға жарамсыз болды. Соның ішінде, осы жылдың мамыр айындағы қатты нөсерден Атырау қаласының тұрғыны Гүлбағыт Қызылташтың баспанасын су алып кетті. Оның отбасындағы 4 баланың екеуі ауырады. Баспанасы суға кеткен кезде отбасының жағдайы өте ауыр болды: отағасы жол апатына ұшырап, бірнеше ай қатарынан жұмысқа жарамсыз болып, төсекке танылып ем алды. Ал Г.Қызылташ төртінші баланың дүниеге келуімен декреттік демалыста болатын-ды. Тұрғын үйдің су астында қалуына байланысты, қауіпсіздік ережесіне сай баспана көгілдір отыннан, электр энергиясынан ажыратылды. Отбасы қатты әбігерге қалды. Қала үйлерін су басуына байланысты облыс әкімінің тұрғындармен болған кездесуіне қатысқан Г.Қызылташ отбасының жағдайын  айтып, көмек сұраған. Осы жиынға қатысып отырған «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ бас директоры, «Ембімұнайгаз» АҚ бас директорының бірінші орынбасары Құрманғазы Есқазиев облыс әкіміне Г.Қызылташ отбасына көмектесуге әзір екендігін айтқан. Осы игі бастаманы қолдаған «Ембімұнайгаз» АҚ мұнайшылары бір күндік жалақыларын аударуға келісім береді. Нәтижесінде жаңа үй салынды. Алайда, ол үйдің бір күнде тұрғызыла салмайтыны белгілі, үй құрылысы аяқталғанға дейін су ортасында отырған отбасы қайда барады? Мұнайшылар бұл мәселені де шешіп, Авангард ықшам ауданынан 3 бөлмелі пәтер жалдауға көмектескен.
Құрманғазы Есқазиев қоныс той иелерін жаңа тұрғын үй құрылысының сәтті аяқталуымен құттықтап, отбасына амандық, жайлы тұрмыс тіледі.
– «Бірлік бар жерде тірлік бар» деген ұлағатты сөз бар ғой. Соған сәйкес, ембілік мұнайшылар ата-баба дәстүрін жалғастырып, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, игі іс жасады. Нөсер жауын әсерінен қиын жағдайда қалған көп балалы отбасына қол ұшын созып, бір күндік жалақылары есебінен баспана мәселесін шешуде демеушілік көмек көрсетті. Міне, жаңа баспана ішінде тұрып, нәтижесін көріп отырмыз. Құтты болсын, енді шаңырақтарыңыздан шаттық кетпесін. Мен бұл бастаманы қызу қолдаған ембі мұнайшыларына, тұтас ұжымға алғысымды білдіремін. Қазір мұнда қазақ мұнайының қайнар бастауында болған мұнайшы ата-әжелеріміздің ұрпақтары еңбек етуде. Олар да сол жығылғанды сүйеген ата жолын жалғастыруда. Сол үшін де өте ризамын. Бұл бағытта «Ембімұнайгаз» АҚ Жас мамандар кеңесінің де еңбегін айта кету керек. Бірақ біз қайырымдылық ұйымы емеспіз, біз өндіріспіз, мақсатымыз мұнай өндіру. Сөйте тұра, қиналғанға қол үшін беру ұлттық ерекшелігіміз ғой. Айта кетерлігі, «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ-ның құрамына кіретін компаниялар жергілікті атқару органдарымен тығыз байланыста. Өңірлердің әлеуметтік дамуына үлес қосу мақсатында екі жақты әріптестік байланыс орнатқан. Осы жолы Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевтың ұсынысын қабылдап, қатты нөсер жауыннан баспанасы зардап шеккен тұрғынға көмек көрсетуді қолға алдық. Бүгінгі экономикалық қиындықтарға қарамастан, мұнайшылар көмекке зәру жандарды үнемі қолдауда, – деген «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ бас директоры, «Ембімұнайгаз» АҚ бас директорының бірінші орынбасары Құрманғазы Есқазиев компания атынан отбасына түрлі-түсті теледидар тарту етті. Айта кетерлігі, бұдан өзге, компания ұжымы нөсер жауыннан зардап шеккен «Жайықмұнайгаз» мұнайгаз өндіру басқармасының үш қызметкерінің отбасына көмек көрсетті. 
Ембіліктер былтырғы жылы да нөсерден баспаналары бүлініп, зардап шеккен отбасыларының қиын жағдайына мұнайшылар бей-жай қарамай, алғашқылардың бірі болып қол ұшын созды. Ақшалай және киім-кешек, азық-түлікпен көмектер ұйымдастырып,  транспорт бөлді. «Ембімұнайгаз» АҚ ұжымы бір күндік жалақыларын аударып, жиналған қаражат «Ембі-Демеу» қорына аударылды. Ол қаржыға жалғызілікті зейнеткер Қалым Құрмановтың бұзылған ескі баспанасының орнына жаңа үй салынып, көп балалы отбасылар және тәрбиесінде мүмкіншілігі шектеулі балалары бар Жұмагүл Көпбергенова, Ренат Сапаров, Лидия Оттенбахер, Әйгерім Сүлейменовалардың баспаналары толықтай күрделі жөндеуден  өтті. Бұдан өзге «Ембімұнайгаз» АҚ мен Атырау облысы әкімдігінің арасындағы ынтымақтастық Меморандумының аясында өңірде әлеуметтік шаралар қолға алынуда. Компания өз тарапынан облыс инфрақұрылымының дамуына үлес қосып, көмекке зәру жандарға әлеуметтік қолдау көрсетіп келеді. Осы мақсатта қайырымдылық-демеушілік бағдарламасын бекітіп, құжат аясында өңірімізде көмекке мұқтаж, көп балалы отбасыларға, тәрбиесінде мүмкіншілігі шектеулі балалары бар жанұяларға, балалар үйі мен ардагерлер ұйымына үнемі көмек көрсетіп келеді.   
«Ембімұнайгаз» АҚ тарапынан 2015 жылы жергілікті бюджетке аударылған қаражатқа Қызылқоға мен Исатай аудандарында 5 әлеуметтік нысанның  құрылысы салынды, Исатай ауданы бойынша Тұщықұдық селосындағы балабақшаға қосымша 50 орындық жапсаржай салынып, Бақсай каналы тереңдетіліп, Ақай каналының дамбысы күшейтілді. Қызылқоға ауданы бойынша Қоныстану селосында дәрігерлерге арналған 2 тұрғын үй, Миялы селосында 10 тұрғын үй салынды. Мақат ауданы бойынша Доссор поселкесінде 280 орынды балабақша құрылысының жобалау-сметалық құжаттары дайындалды. Мұндай жұмыстар биылғы жылы да жалғасуда.

Бибінұр Жүсіпова, «МонолитИнвестКомпани» ЖШС директоры:

– Маусым айының соңында тұруға жарамсыз деп танылған ескі ғимарат бұзылып, жаңа баспана салуға кірістік. Үйдің іргетасынан бастап түгел жаңадан салынды. Құрылыс қазан айының соңында аяқталды. Екі тұрғын бөлмесі, ас үй мен дәліз, ванна, жылыту қазаны бар. Барлық сантехникалық жүйелері қалыпты жұмыс жасап тұр. Сондай-ақ, барлық бөлмеге кілем-төсеніштерді де жаңадан алып бердік. 

Гүлбағыт Қызылташ, тұрғын үй иесі:

– Үйіміз суға кеткенде енді қайдан пана іздейміз деп абдырап қалдық. Сол кезде кенжеме жеңілденгеніме 12-ақ күн болған еді, отағасы науқас, балалар кішкентай. Барар жер, басар тауымыз қалмай қатты қиналдық. Облыс әкімімен болған жиында Құрманғазы аға қол ұшын беретінін айтты. Сөзінде тұрды, азамат екен. Міне, бүгін азғантай уақыт өткенде сенер-сенбесімізді білмей жаңа үйдің ішінде отырмыз. Әсіресе, балалардың қуанғаны неге тұрады десеңізші! Әрине, «Ембімұнайгаз» АҚ ұжымына басшы бастамасын бір кісідей болып қолдағаны үшін аналық алғысымды білдіремін. Мұқтаждың мұңына қарасқан мұнайшыларға көп-көп рахмет!

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх