Болатбай бағындырған белестер

Болатбай бағындырған белестер
24.11.2016
528
Өндіріс

Болатбай бағындырған белестер

Маңғаз Маңғыстаудың маң даласында 1961 жылдың 15 желтоқсанында Михаил Кулебякиннің бригадасының №1 скважинасынан 1248-1261 метр тереңдік аралығынан сынау кезінде тұңғыш мұнай бұрқағы атқылаған болатын. Осы сәттен бастап түлеген түбек есімі төрткүл дүниеге жайыла бастады. Атақты бригаданың бір мүшесі, бүгінде зейнеткерлікте сан жылғы еңбегінің жемісін жеп, балдай тәтті немерелер қызығына бөленіп жүрген бақытты жан Болатбай Қарамұрзаев сол жылдарды былай деп еске алады...

«Мен өзім Түпқарағанның қазағымын. Әлі есімде, 1957 жылы Түпқараған мен Таушық елді-мекен аралығына грейдер жолы салынды. Мен ол кезде 16-17 жастағы жасөспіріммін. Ауылға бұрғылау қондырғылары орнатылып, 700 метр тереңдікке бұрғыланып жатты. Мен сол маңайда мал бағып жүремін. Жас адамның жаңалыққа жаны құмар келетін әдеті емес пе?! Қолым қалт етсе, айналсоқтап сол жерде жүремін. Менің жиі келетінімді байқаған шебер Жанұзақ Қойлыбаев бір күні қасына шақырып алып, «шырағым біз еріккеннен жер бұрғылап жүрген жоқпыз. Мұнай іздеп жүрміз. Бұйыртса,табамыз. Мұнай өндіру үшін бізге өзің сияқты жігерлі жас мамандар керек болады. Мал соңында босқа жүре берме. Оқып, білім ал!» – деп ақылын айтты. «Сабақты ине сәтімен» демекші, сол жылдары Доссордағы ағайынымыз үйдегі үлкен кісілерге көрісуге келе қойғаны. Мен сол кісімен ілесіп, Доссордағы №19 кәсіптік училищеден бір-ақ шықтым. 1959 жылы 6-дәрежелі бұрғышы көмекшісі мамандығын иеленіп шықтым. Өзімнің еңбек жолымды училищеде бірге бітірген Бекқали Боранбаев деген жігіт екеуіміз Түбіжікте Леонид Бураковтың бригадасында бастадық. Сол кезде құрылған «Мангышлакнефтеразведка» трестінің бастығы Халел Өзбекқалиев қолымызды қысып, жолдама ұсынған болатын. Бригадада 4 жігіт болдық. Михаил Кулебякин, Александр Александров деген екі жігіт Грозныйдан мұнай техникумын бітіріп келген болатын, Гурьев мұнай техникумының түлегі Сағит Батғұтдинов, сосын мен. Бәріміз комсомолмыз. Шеберіміз басымызды қосып, жиі-жиі жиналыс өткізіп тұрады. Елімізде болып жатқан саяси хабарларды үнемі талқылап тұрамыз. 1961 жылы 12 сәуірде ғарыш айлағына адам ұшырылғанын да шеберіміз кезекті жиналысында айтып, бізді құттықтаған болатын. Бөркімізді аспанға атып, бір уралап басылған болатынбыз. Ол уақытта ауадан да, судан да, шөптен де идеологияның иісі аңқып тұрған кезі. Көше-көше Өзен ойына да түстік. Жұмыс бабымен шеберіміз Леонид Жетібайға жұмысқа ауысып кетті де, оның орнына Михаил тағайындалды. Кісіге бақ келемін десе сәл нәрседен екен-ау. Мына қызықты қараңыз, 1961 жылдың 5 шілдеде Жетібайда Петров бригасында, 1 желтоқсанда Өзен кенорнында Кулебякин бригадасында мұнай атқылады. Екі жігіт те Грозныйдан келген. Алла олардың есімдерінің Өзен мұнайы тарихында қалуын нәсіп етіп тұр. Бұл бір жүрекке қуаныш сыйлаған сәт болды. Қазір ойлап отырсам, сол кездегі тепсе темір үзетін жас жігіттердің қатары жылдар өткен сайын сиреп барады. Әрине, табиғат заңына дауа жоқ. Небір-небір жігіттер Өзен кенорнының жандануына жанқиярлықпен еңбек сіңірді. Ол кезде маман тапшы. Грозныйдан, Татарстаннан, Бакуден, Ресейден, Түрікменстаннан келген майталман мамандар келіп, «қара алтын» өндіруге құлшына кірісіп кеткен болатын. Әртүрлі ұлт өкілдері бір үйдің баласындай еңбек етті. Әрине ол кездегі әлеуметтік жағдайды қазіргі жағдаймен салыстыруға мүлдем келмейді. Арасы жер мен көктей. Біз Қызылсайда вагондар мен жертөлелерде тіршілік еттік. Бұрғылау қондырғыларына қажетті құрал-жабдықтар Ресейдің түкпір-түкпірінен теңіз арқылы алдымен Баутино портына, содан соң автокөлікпен бұрғылау алаңдарына тасылатын еді. Қазір ойласам, өтірік сияқты. Сол кездегі қиыншылыққа өз ісіне берілген азаматтар ғана шыдай білді.Олар бас геолог Жарылғасын Дәуітов, Тыныштық Опиев, Сапар Денов, Дінасыл Қартбаев, Нұрмұхан Мағрупов, Қали Алданов, Демесін Арғынбаев, Нұрберген Көшкінбаев, Еділбай Қараев, Төреғали Қадыров, Нәсіпқали Әлмағамбетов, Қанатбай Тасболатов, Рзабек Нұрбеков, Бақтыбай Қожалов... деп жалғаса береді. Бұл жылдары Өзен кенорнында мұнай үшін толассыз күрес жүріп жатты. Сол кездегі өз отбасының жұмысын жауып қойып, өндірістің мыңдаған ұсақ-түйегін дамылсыз ойлайтын бейнеткеш әріптестерімді ойласам, бүгінде марқұм болып кеткен солардың еңбектері ерлікке пара-пар екенін мойындаймын. Сабаздар қарақожалақ буржуйка пештің жанында, үйлерінен алып келген бір бөтелге айраны мен жарты таба нанын жеп алып, шаршағандарын елең қылмастан жұмысқа жанын салатын».
Жігіттерді көрген қиындықтары құрыштай шыңдап, есейтті. Мұнай саласын өркендететін ұлттық кадр өсіп шықты.Бүгінде мұнай саласының еліміздің экономикасының күре тамыры екендігін ешкім де жоққа шығара қоймас. «Құдықтан су ішкен жан, құдықты кім қазғандығын ұмытпауы тиіс» деген нақыл бар. Жарты ғасырдан астам тарихы бар алып компанияның ұжымы Өзен мұнайын өндірген пионер аға буынның еңбегін ешқашан ұмытпақ емес.
Болатбай ақсақал 1962 жылы комсомолдың Х съезіне Маңғыстаудан делегат болып қатысқанын сағынышпен еске алды. Бұл съезге Теміртаудан қазақтың болашақ президенті Нұрсұлтан Назарбаев та келеді. Ол кезде жас Болатбайдың басына Қазақстан болашақта Тәуелсіздік алады-ау, ортаға шығып сөйлеп, дүйім жұртты аузына қаратып тұрған жігіт Елбасы болады-ау деген ой басына кіріп те шықпаған еді...
Биыл Тәуелсіздігіміздің 25 жылдық тойы қарсаңында ардагер-мұнайшы «Заман өзгерді, дүние оңалды. Дәулет келіп, бақ қонды. Алла Тағаланың осы нығметтерінің қадірін білуіміз керек», – деп ой толғайды. Болатбай ағаның ұл-қыздары керемет боп есейді, шетінен оқыған, көргенді. Байсалды, білімді азаматтарға айналды. Зейнеткер мұнайшы өткенге салауат айтып, алдыңғы күндердің тілеуін тілейді. Жақсы ағаның өмірі – жас ұрпақ үшін үлгіге толы ғұмыр деп ауыз толтырып айта аламыз.

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх