Атырау кубогы – ембіліктердің еншісінде!

Атырау кубогы – ембіліктердің еншісінде!
24.11.2016
352
Қызметкерлер

Атырау кубогы – ембіліктердің еншісінде!

«Ембімұнайгаз» АҚ футбол командасы жуырда тағы бір кубоктың иегері атанды. Атырау қаласы әуесқой футбол лигасында ойын көрсеткен команда мықты деген футбол командаларымен сайысқа түсіп, бәрін де тұқыртып келді.

7 ойынның алтауында жеңіске жетіп, соңғы ойын «Атырау мұнай өңдеу зауыты» командасымен өткен еді. Қарсыласы осал емес, талай спорттық додаларда шеберлігімен көзге түсіп жүрген команда болатын. Бірақ ембіліктердің бұл жолы да жұлдызы оңынан туып, 9-4 есебімен АМӨЗ командасын ойсырата ұтты. Міне, жеңіс деп осыны айт! Сөйтіп, ембілік мұнайшы командасы ЛФЛ Атырау кубогын ұтып алды. 
Айта кетелік, «Ембімұнайгаз» АҚ-ның спортқа жаны құмар қызметкерлерінен құралған шағын футбол командасы Атырау қаласының ашық біріншіліктерінде 2012 жылдан бері өнер көрсетіп келеді. Осы жылдар аралығында команда әртүрлі үлкен додаларға қатысып, жүлделі орындарды бірнеше рет жеңіп алды. Атап айтар болсақ, 2012-2013 жылғы Атырау қалалық дене-шынықтыру және спорт бөлімі және Атырау облыстық футбол федерациясының ұйымдастыруымен өткізілетін шағын футболдан Атырау қалалық IV-ші ашық біріншілігінде «Ембімұнайгаз» АҚ командасы жүлделі 2 орынды иемденіп, жоғарғы лигаға жолдама ұтып алса, 2013-2014 жылғы қалалық чемпионатта жүлделі 3-ші орынды жеңіп алды. 2014 жылы команда жыл сайын өткізілетін «Олимп» турнирінде Ақтөбе, Орал, Ақтау, Атырау қалаларының футбол командаларын айқын басымдықпен ұтып, Бас жүлдені қанжығасына байлады. Сонымен қатар, ембілік футболшылар Қызылорда қаласында өткен 3-ші «ҚазМұнайГаз» БӨ» АҚ кәсіпорындары арасындағы спартакиадада басқа командалардан басым түсіп, 1-орынды жеңіп алды. 2015 жылы халықаралық «Олимп» кубогының күміс жүлдегері, 2016 жылы Атырау қаласы кубогының иегері атанды. Команда құрамы Қоғам басқармаларына қарасты цехтардың қызметкерлерінен құралған.  «Ембімұнайгаз» АҚ футбол командасы биыл Алматы қаласында солтүстік Азия елдері арасында өткізілген «Kafusa» турнирінде 3-ші орынды иеленіп, қола жүлдегер атанды. Мұнайшылар жақсы өнер көрсетіп, үлкен тәжірибе жинақтады. Футболшылар осындай мүмкіндік берген «Ембімұнайгаз» АҚ басшылығына алғысын білдіреді.
 

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх