«Тәуелсіздік – ел тірегі» атты байқау жоғары деңгейде өтті

«Тәуелсіздік – ел тірегі» атты байқау жоғары деңгейде өтті
09.12.2016
376
Қызметкерлер

«Тәуелсіздік – ел тірегі» атты байқау жоғары деңгейде өтті

Қазақ елі Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай «Өзенмұнайгаз» АҚ №3 Мұнай-газ өндіру басқармасында цехаралық байқау болып өтті. Байқауға қатысқан басқарма цех қызметкерлері рухты көтеретін патриоттық әндерді шырқаудан, елім, жерім деп жалындаған отты жүрек жыр иелері Мұқағали, Сабыр сынды ақиық ақындардың өлеңдерін мәнерлеп оқудан, Желтоқсан көтерілісі тақырыбындағы көрініс қоюдан жарысып, өзара бақ сынасты.

Ауқымда шараға «Өзенмұнайгаз» АҚ Кәсіподақ комитетінің төрағасы Наурыз Сақтағанов, Жұртшылықпен байланыс департаменті директоры Әділ Сүйебай, Әлеуметтік-әкімшілік бөлімінің бастығы Амандық Әбиев, кәсіподақ заңгері Назар Әбішаев, №1 Скважиналарға қызмет көрсету басқармасы кәсіподақ төрағасы Тұралхан Болысовтар қазылық жасады. Аппарат басқармасы жұмыскері Райхан Қалиева мен Зерттеу жұмыстар цехының инженері Аққаймақ Ожбанова, №1 Мұнай-газ өндіру операторы Индира Есімовалардың мәнерлеп оқыған жасын жырлары көпшілік көңілінен шықты.
Ал өзінің баритон даусымен Қадыр Мырза Әлінің сөзіне жазылған Ескендір Хасанғалиевтің әні «Атамекенді» шырқаған №13 МГӨЦ, №74 топтық қондырғының мұнай-газ өндіру операторы Тәкен Молдахановқа бүкіл зал қосылып бірге шырқады. Қазақ елінің айбынды әнұранымен ашылған байқау мазмұнды әрі мәнді өтті. Мұнайшыларымыздың жүрек тебірентерлік қойылымдары көрермендер қошеметіне ие болды. Көріністер қазақ жер иесі – қазақ қана, жанашыры да сол екендігін ұғындырғандай болды. Көріністерде еркіндікті аңсап, алаңға шыққан Қайрат Рысқұлбековтің тергеуде болып, азап шеккені, анасының ботасынан айырылған аруанадай боздағаны көрермендер көзіне жас келтіріп, жүрегін ауыртты. Аппарат басқармасы жұмыскерлері ұсынған «АЛЖИР» тозағындағы жандарға, өзі ашқұрсақ жүрсе де, жарты нанымен бөліскен қазақтың даласындай дархан мінезін сомдағаны өте шынайы шықты.
Байқауға қатысқан 8 цехтың ішінде «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» шыққан, №13 Мұнай-газ өндіру цехы бас жүлдеге, Аппарат басқармасы І орынға, Скважиналарды жер асты жөндеу цехы ІІ орынға, №5 Мұнай-газ өндіру цехы ІІІ орынға ие болды. Жеңімпаздар диплом және ақшалай сыйлықпен марапатталды.
Шараның жоғары деңгейде өтуіне №3 Мұнай-газ өндіру басқармасы Әлеуметтік-әкімшілік қамту бөлімінің бастығы Шалқар Нұрлыбаева мен Кәсіподақ төрағасы Валерий Қаржаубаевтың еңбегінің зор екендіктерін атап өткен жөн. Сонымен қатар, 25 жылдық еңбек өтілі бар бір топ азамат басқарма директоры Жеңіс Сүлейменовтің алғыс хаты және бағалы сыйлықтарымен марапатталды.

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх