Мұнай өндіруде мүдірген жоқпыз...

Мұнай өндіруде мүдірген жоқпыз...
09.12.2016
345
Әлеумет

Мұнай өндіруде мүдірген жоқпыз...

Зинолла Бозтаев, еңбек ардагері, Құлсары қаласы

Бейнетті балалық шақ
Еліміз тәуелсіздік алғаннан бері аталарымыздың есімдерін қастерлеу, аруақтарын қадірлеу, тарихымызды ұлықтау, өткенімізді түгендеу әрбір қазақ бірге қуанып отыратын ортақ мақтанышқа айналды. Еш уақытта бірлікті, халқымыздың ынтымағын естен шығаруға болмайды. Мұны бізге бабаларымыз да өсиет етіп қалдырған. Мен де өз өмір жолымды жастарға өнеге болар деген ниетпен жаздым.
Әкем Бозтай 1908 жылы туған екен. Тұрмыстың, өмірдің қиындығына душар болды ма, 1932 жылдың қаңтар айында өмірден өтіпті. Анамның айтуы бойынша, ол кезде әкем 24 жаста болған, ал мен үш жасар сәби екенмін. Ата-бабаның бұрынғы әдет-ғұрпы бойынша, ауылдың сол кездегі ақсақалдары менің анама «өміріңді босқа өткізбе, тұрмыс құр» деген уәж айтқан екен. Содан 1934 жылы шешем 23 жасында әкемнің немере інісі Жабах ағама әмеңгерлікпен тұрмысқа шыққан (одан 9 құрсақ көтерді). Сөйтіп жүргенде мен де мектеп жасына да жетіп қалыппын. Енді оқу керек. Сонымен, 1936 жылы 7 жасымда Қосшағылдағы бастауыш мектепке барып, үшінші сыныпқа дейін оқып, төртінші сыныпты Құлсарыдағы мектепте жалғастырдым. Ұмытпасам, 1945 жылдың ақпан айында 9-сыныпта оқып жүргенімде, директорымыз марқұм Чукеев Биязбай біздерді шақырып алып: «Қазір мектепте мұғалімдер жетіспей жатыр, Гурьевте педучилищенің жанында мұғалімдікке оқытатын 6 айлық курс бар, соны оқып алыңдар» деп үгіттеді. Гурьевтің жеке меншік үйінде тегін тұрасыңдар, оқыған күндеріңе айына 150 сом стипендия, күніне 500 грамм нан беріледі деген қосымша мәліметті де айтты. Сыныпта тоғыз ер бала, қалғаны қыздар болды. Ұсынысқа келісіп, бес бала оқуға аттандық. Олар С.Сұлтанов, Х.Қаменов, Х.Нұрғалиев, А.Махмутов және мен. Гурьевтегі педучилище жанындағы алты айлық оқуды бітірген соң, Жылой аудандық халыққа білім беру бөліміне келдік және тағы бір ай мектепте оқыдық. 
Алланың біздерге берген көмегі болар, сол 1945 жылдың мамыр айында сұрапыл соғыс та аяқталды. Ресейден, Украинадан эвакуациямен келгендер еліне қайтып жатты. Сөйтіп, 1945 жылдың қазан айында олардан босаған жұмыс орындарына барлығымыз да кеңсе жұмысына орналастық. 1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталғанда біздер бесінші сыныпта оқитынбыз. Сонда бала болып асық, доп ойнап не сырғанақ теуіп көрген емеспіз. Бірақ, сабақтан қалмайтын едік. Сабақ оқымаған көптеген балалар 12-15 жастарында жұмысқа орналасып, еңбекке араласып кетті. Қайнаған соғыс, тамақ пен киім жетіспейді. Жасөспірімдерге, біздерге күніне 400 грамм нан береді, басқа ештеңе жоқ. Ол сұмдық күндерді ұмытуға еш құқымыз жоқ. Құлсарыда аралас тек қана бір мектеп болды. Онда қазақ, орыс, украин, беларус, шешен, ингуш, еврей балалары көп оқыды. Төбелес, ұрыс-керіс, пышақтасу, зәбір көрсету болған жоқ. Күні-түні кезекпен мектепті күзетіп тұрамыз. Түнде мектепте жарық жағуға соғыс уақыты деп рұқсат етілмеді. 
1941-1945 жылдардағы көрген қорлығымыз бен бейнетімізді адам баласының басына бермесін. Үстімізде киім жоқ, аяқ киім тағы жоқ. Әйтеуір, өзім қарашаның ортасына дейін мектепке жалаң аяқ барғанымды жақсы білемін. Мектеп пен үшінші ауылдағы үйіміздің арасы 1,5 шақырымдай жер. Тоңбау үшін мектепке дейін жүгіріп барамыз. Тек қана мен емес, сол кезде оқып жүрген балалардың барлығының да жағдайы осындай еді. Табанымыздан суық та өтті. Ол күнді ешқашан да ұмыта алмаймыз. Сыртқы киім мен ішкі киімді ауыстыра алмаймыз. Монша жоқ, отын мезгілінде берілмегендіктен үйлеріміз де суық болды. Терезелерді шүберектермен бітеп қоятынбыз. Тоқ тағы жоқ. Ызылдаған жел, терезе жалаң қабат, қыс өте суық, аяздан бүрсеңдеп жүреміз. Бірде Доссордан келген біреу үй жағалап жүріп, жұмысшы бәтеңкесін сатып жүр екен. Шешем үйдегі тарыдан алып, 20 консерв қара тарыға 44-45 размерлі бәтеңкені сатып алып, соны аяғыма кигенім есімде. Сондағы қуанғаным сонша, өлген әкем тірілгендей шаттандым. Аяғыма үлкен болғандықтан басына шүберек тығып, өзіме шақ қылып алдым. Сол бәтеңкені тек қыс мезгілдерінде төрт жыл кидім. Жазда жалаң аяқ жүреміз, аяқ киім керек емес. 
Сол кезде жергілікті атқару кеңесінің шешімімен егін салып, тары егу үшін халыққа жер бөлінеді. Ұмытпасам, әрбір отбасыға 0,5 сотықтан келеді. Суды қолмен атпа атып, тарыны суарамыз. Су жетіспей жатады. Тарыны атпамен суару үшін таңғы сағат 5-те тұрып, түнгі 12-ге дейін суарамыз. Жазда аптап ыстықта шаршап кетесің, оның үстіне әліміз келмейді, шешеміз екеуіміз ғана кезектесіп суарамыз. Әл жинайтындай тойып жейтін тамақ та жоқ. Күніне берілетін 400 грамм нанды үш бөліп жейміз. Жабах ағай болса жұмыста. Соғыс мезгілінде жұмыс кестесі 12 сағат болды. Түстік уақытқа бір сағат бөлінгендіктен, ағам біржола кешке келетін. Оның нандық нормасы 800 грамм болды. Оның жартысын жұмыста өзі жесе, жартысын кешкісін үйге әкеледі. Анамызға – 300, ініме – 400, қарындасыма – 400, маған – 400 грамм, барлығы 1500 грамм нан бәріміздің тойып жеуімізге жетпейтін. Бағымымызда екі ешкі болды. Бізбен қатар 100-ге жуық отбасы тары екті. Бәріміздің де көрген азабымыз да, қиыншылықтарымыз да бірдей. Ешбір айырмашылық жоқ. Үш ай, яғни 90 күнде тары піседі. Тамыз айының басында қолымызға орақ алып, тарыны орамыз. Құдайдың бергені болар, анам екеуіміз 40-45 пұт тары жинап алдық. Бір қапқа 5 пұт тары кетеді деп есептесек, үйде 9 қап шикі тары болды деген сөз.  Сол тоғыз қап тарыны келесі жылға дейін жеткіземіз. Оған қосымша әрқайсымызға берілетін нанымыз бар. Аш та емеспіз, тоқ та емеспіз, барымызды үнемдеп, соғыстың бес жылын осылай өткіздік. Міне, біздің заманымыз осындай болды. Бұл тек менің көргенім. Басқалардың да жағдайлары бұдан төмен болмаса, артық болмады. Менің және бауырларымның балалық шағымыз осындай өмір үшін арпалыспен өтті. Еңбекке ерте араласқандықтан ерте есейіп, көп нәрсені ойға түйдік. Әке мен шешенің қадірін білдік. Олардың сөзін қайырған жоқпыз. Мейірімділік, қайырымдылық, кішіпейілділік, адамгершілік, парасаттылық пен төзімділіктің төрінен орын алдық. Аллаға шүкір, азамат болып, өз отбасымызды құрдық. 

Қиыншылықпен өскен өндіріс
Жылдар жылжып өте берді. Енді еңбекке араласып, жұмыс жасауға да тура келді. Менің еңбек жолым 1945 жылдың қазан айында Құлсары мұнай-газ өндіру кәсіпшілігінде басталды. Әуелі еңбек және жалақы бөлімінде инспектор, кейін хронометражист болып жұмыс жасадым. 1947 жылы осы кәсіпшіліктің автогараж цехында нормалаушы болып ауысып, барлық жұмысшылар мен жүргізушілердің еңбегін есептеп, жалақысын анықтап отырдым. Ол жылдары Құлсары мұнай өндіру басқармасында басшылық жұмыста қызмет ететін қазақтар емес, басқа ұлттың өкілдері болатын. Орыс, еврей, украин, беларус, татар, әзірбайжан, шешен, ингуш, болгар ұлттарынан болған. Мұнайшыларды өндірістегі жұмыс орнына мезгілінде жеткізу үшін автотранспорттың алатын орны ерекше. Солай бола тұра, жұмысшыларды өндіріске жеткізу қиынның қиыны болатын. Ол кезде транспорт жетпейді, жиі бұзылады, ауыстыратын бөлшектер жетіспейтін. Сол кездегі басшылар осындай кемшіліктің болмағанын қалайтын, бірақ, қысқа жіп күрмеуге келмейтін. Осыдан кейін жұмысшылар жұмыс орнына екі күннің бірінде жаяу барып жүретін. Әсіресе, қыс мезгілінде өте қиын еді. Мұнайшылардың көпшілігі 5-6 шақырым жерде, алыста тұратын. Ол мезгілде түскі тамаққа келу деген мұнайшылардың ойы түгілі, түсіне де кірмейтін. Мұнайшыларды өндіріс орнында, асханада ыстық тамақпен қамту деген түбірімен жоқ зат еді. 1950 жылға дейін өндірістегі кеңселер, шеберлер мен жұмысшылардың демалатын орындары жертөле болатын, едені көк цемент, жылыту үшін қара мазут жағатын еді. Түскі тамаққа бармай, сол жертөледе отырып мұнайшылар жылынып, су болған киімдерін отқа кептіретін.
Өндірісте мәдениет жағы атымен болмайтын, слесарьлардың жұмыс істеп тұратын верстактарына киім іліп қойып, лас киімдерді кептіретін. Қолдың кірін жуатын сабын, орамал болмайтын-ды. Ал, душ, салқын су, тазаланатын орын атымен жоқ еді. Бір ғажабы, жұмыс кестесі, оның регламенттері бұзылмайтын, жұмыс орнына мұнайшылар жаяу болса да, мезгілінде баратын еді. Кей жылдары қыстың қатты болуына байланысты, электр тоғынан кідіріс көп болып, техникалық материалдар жетіспейтін. Соның салдарынан мемлекеттік жоспар орындалмай, мұнайшылар ай сайын алатын сыйлықтарын ала алмайтын. Осындай жағдай болмау үшін мұнай өндіру цехының барлық басшылары қоғамдық ұйыммен келісе отырып, 10 немесе 15 күн күні-түні өндірісте болып, қона жатып, үйіне бармай жұмыс істейтін. Мұнай өндіру жоспарын солай орындайтын. Мезгілдің талабы бойынша барлық цех, бригада, участок жұмысшылары жұмысты нормалау жүйесімен табыс табатын. Осының арқасында жұмысқа дәлелсіз шықпай қалу, өндірістік технологияның тәртібін бұзушылар болмайтын. Жоспар ай сайын артығымен орындалып тұрды.
1947 жылдың аяғына дейін мұнайшылар тек нанның өзін қатаң түрдегі нормамен алып келді. Бұрғылау бригадасында жұмыс істейтіндерге күніне 1,2 килограмм нан берілді. Цех өндірісінде тек ауыр жұмыстағыларға күніне 1 килограмм, басқасына 800 грамм нан берілді, басқа тамақтың түрі еш уақытта болған емес. Осындай қиын жағдайда мұнайшылар еңбек етті. 1960 жылға дейін мұнайшылардың әлеуметтік жағдайларын әнебір жақсы деп айтуға болмайтын. Көптеген мұнайшылардың үйінде газ, жарық, жаңа типте салынған баспана болған емес. Ауырғанда емделу үшін шипажайға, балалар лагеріне жолдама деген болған жоқ.
Сол кездегі техника, технология қазіргідей емес, мардымсыз, жұмыс үлкен қиыншылықпен, адамның қара күшімен, тұрақтылығымен істелетін. Осындай жұмысты көріп тұрғанда жаның қиналып, тәубеге келетінбіз. Бұрғылаудың басында, ұңғымалардың қасында ық жоқ, 30-40 градус суықта тұрып, сары аязда жұмыс жасау екінің бірінің қолынан келе бермейтін құбылыс болатын. Оған қоса дұрыс тамақ та жоқ, маман киімі, жылы киімдер мезгілінде берілмейтін, себебі: қоймада болмайтын. Жоғарғы орындағылар бұл жағдайды білсе де, қолдарынан еш шара келмейтін. Бұл әрі соғыс мезгілі және оның зардабы он жылға дейін созылды. Біздің жергілікті мұнайшылар өздерінің жеке меншігіндегі малдың терісінен тон, тері шалбар, қолғап, бас киім тігіп, сонымен жұмыс атқаратын. 

Еңбекпен ер көгерер
1948-1951 жылдар аралығында мұнай өндіру цехына ауысып, онда да нормалаушы, басқарманың жалақы және еңбек бөлімінің бастығы қызметтерін атқардым. Сол кезде менің тек орта білімім ғана бар еді. 1951 жылдың қыркүйек айында Гурьев мұнай техникумына оқуға түсіп, оны 1955 жылы ойдағыдай бітіріп шықтым. Техник-геолог мамандығын алып, қайтадан Құлсары мұнай өндіру басқармасына геолог болып жұмысқа кірістім. Содан кейін кәсіпшілік әкімшілігі Мәскеу қаласындағы 6 айлық курсқа оқуға жіберді. Бірлестіктің бұйрығымен «Казахстаннефть» бірлестігі Құлсары мұнай-газ өндіру басқармасының кадр, еңбек және жалақы бөлімінің бастығы қызметіне тағайындалдым. Сол жұмысты 1967 жылға дейін атқардым. 1967-1969 жылдары кәсіпшіліктің кәсіподақ комитетінің төрағасы болып жасадым. 1969-1981 жылдар арасында Жылой аудандық партия комитетінің шешімімен Гурьев облыстық партия комитетінің қолдауымен Оңтүстік мұнай-газ барлау экспедициясына партия комитетінің хатшысы болып сайланған едім. Айта кету керек, экспедицияның қарауында 250 автомашинасы бар АТК, тұрғын-үй құрылысымен айналысатын СМУ, мұнайшыларды ыстық тамақпен қамтамасыз ететін ОРС бөлімшелері болды. Сондай-ақ, бұрғышыларды жұмысқа таситын жалдамалы 1 тікұшақ, 2 АН-2 ұшағы, бірнеше «Урал» автокөлігі қызмет етті. Экспедицияда жұмыс өте ауыр еді. Ұжымда 30-40 жыл жұмыс істеген бұрғышылар көптеп саналады. 
Осы экспедицияда 1981 жылы бөлім бастығы болып, 1991 жылы зейнеткерлікке шықтым. Зейнеткерлікте жүріп, 1999 жылға дейін «Теңізмұнайгаз» бірлестігінің ПРЭТ деген тресінде экономикалық топтың басшысы қызметін атқардым. Кезінде 1963 жылы өндірістен қол үзбей жүріп, Мәскеудің И.М.Губкин атындағы мұнай-газ, химия институтын бітіріп, инженер-экономист мамандығын алған едім. Еңбек жолым мен оқуымды бірге есептегенде барлығы 53 жылдан астам жұмыс жасаған екенмін. Өзіме тапсырылған жұмысты абыроймен атқаруға тырыстым. Шаруашылық және қоғамдық жұмыстарды атқарып жүргенде ешқашан сөгіс, қатаң жаза алған емеспін. Осы жылдар ішінде Құлсары мұнай-газ өндіру басқармасының басшылары С.И.Опутин, С.Юсупов, Е.Тауманов, Ж.Досмұхамбетов, И.Качарава, Х.Ғабдуллин, И.Абенов, Ш.Оразалиев, партия ұйымының хатшысы В.Н.Егоров, Е.Қанатбаев, А.Қауқаев, Х.Исақов, Е.Рожнов, Б.Бажбенов, Б.Айтжанов сияқты жолдастармен бірге жұмыстас болдым. Өндірістің орта буындағы командирлері Халифа Аухатов, Жаулыбай Алдахов, Қонысбай Тәшенов, Якуда Қаржаубаев, Ақтан Сандыбаев, Тұрғали Ондапбергенов, Досқали Алдақов. Адай Нұршалов, Сұлтан Сүйесінов және т.б. бірге сыйлас болдық. Социалистік Еңбек Ері Смағұл Жалғасбаев, Ұлықпан Әбдірахманов, Зинел Балкенжиев, Төреғали Қадыров, Салық Рысқалиевтармен жұмыстас болғанымды әркез мақтаныш етемін. Жоғарыда аты аталған азаматтардың асыл сөздерін естіп, ұстамды мінездерін көріп өстік. Соған марқайып жүрдік. 
Қазіргі Жылыой мұнай-газ өндіру басқармасының өндірістік мәдениеті, қауіпсіздік техникасы, экология, қоршаған ортаны қорғау, әлеуметтік тұрмыс, алдыңғы қатардағы жаңа технологияны меңгеруде, тағысын тағы, сол сияқты өндірістің басқару жүйелерін жеңілдетіп, мемлекеттік жоспарды артығымен орындап, геологиялық-техникалық-экономикалық шараларды іске асыру нәтижесінде алдыңғы қатардағы кәсіпшіліктің санатында келе жатыр. Вахталық жүйемен жұмыс жасайтын мұнайшылардың тұратын әсем жатақханасы, асханасы, ыстық-салқын моншасы, кітапханасы, теледидарлары көзді қызықтырады, өте таза, санитарлық режимге сай. Оны мына біздер – ардагерлер, кәсіпшіліктің басшылары, қоғамдық ұйымдардың қолдауымен өндіріске бірнеше рет барып, Қисымбай, Ақінген, Тереңөзекте, Қосшағыл, Құлсары кеніштерінде, қосалқы цехтарда болып, көріп жүрміз. Жұмысшыларды жұмысқа автобуспен тасу әдетке айналған, жұмыс сағаты тиімді пайдаланып келеді. Осының бәрі Тәуелсіздік таңы жарқыраған елімізде бүгінгі мұнайшыларға жасалған үлкен қамқорлық екенін түсінген дұрыс. 

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх