Ғибратты ғұмыр иесі

Ғибратты ғұмыр иесі
09.12.2016
392
Әлеумет

Ғибратты ғұмыр иесі

Өзен кенорны алғашқы игерушілердің бірі Сәбит Әбенов 1939 жылы Атырау облысы, Махамбет ауданы, Мыңтөбе ауылсоветінде қарапайым шаруаның отбасында дүниеге келген болатын. Әкесі марқұм Сәбиттің мүлдем есінде жоқ. Бұл қалт-құлт етіп жар жағалап, інісі тоңқаңдай бастағанда ел азаматтарымен бірге әкесі қан майданға аттанып кете барады. Ол бір ер етігімен су кешіп, ат ауыздығымен су ішкен зұлмат кез-тұғын. Анасының әкесін күте-күте көзі талды. Соғыстан соң да, елегізіп есікке қарап отырушы еді. Алайда, әке сол кеткеннен мол кетті. Ақкенже шешей екі баласын қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқытпай өсірді. Өзі фермада сауыншы болып жұмыс істеді. Таңның атысы мен күннің батысы үй көрмей, жоқтықтың тақсыретін тартып жүрген анасына қатты жаны ашыған Сәбит 9-кластан соң, мектепті тастап, ферма жұмысына орналасып, анасының жанына жалау болды. Мектеп ауылдан 9 шақырым жерде орналасқан болатын. Ол кезде қазіргідей шұбырып жатқан көлік атымен жоқ. Қысы-жазы қомшасын арқалап, жұпыны киінген бала мектепке қарай жаяу кетіп бара жатар еді...Обалы қанеки, директор шақырып алып, қазіргі заманда білімсіз күнің қараң болады ғой, деп шырылдап, жанашырлық танытты. Алайда, жасөспірім Сәбит «екі қолым аман болса, аш қалмаспын» деп мектепке бармай қояды. Ферма деген жұмысы өлсең таусылмайтын, қазандай бұрқ-сарқ қайнап жататын жер екен. Сәбит пішен шабады, шапқан пішенін түйеге артады. Құдық қазады. Өз алдына 60 баспақ алып, бақташы болады. Алғашқы 40 сом жалақы қолына тигенде жүрегі жарылып қуанғаны әлі есінде. Шытырлаған су жаңа ақшаны төкпей-шашпай анасының алақанына салғанда, қайран жан қуаныштан жылап еді-ау!
Ресейдің Саратов қаласында әскерге кеткен ол құрылыс батальонында аттай 3 жыл қызмет етті. Әскердегі қиындық Сәбитттің жігерін сындыра алмады. Қайта жас жігіт қиындықтарға мойымай, шыңдалып шықты. Әскерден соң, 1962 жылы Донецк қаласындағы «Петров машина жасау зауытында» қалыпшы болып орналасып, онда табан аудармастан 8 жыл жұмыс жасады. «Бас екеу болмай, мал екеу болмайды» демекші,1963 жылы Сәбит отау көтереді. 70-жылдары жас отбасы Маңғыстауға тартып кетеді. Өзен кенорнын игерудегі еңбек жолын ол 45 топтық қондырғыда қарапайым оператор болып бастайды. «Ол кезде әрбір адам ниетіне, ақыл-парасатына, пайдалылығына, өнегелі ісіне қарай бағаланатын еді», – деп еске алады алыста қалған жылдарын Сәбит ақсақал.
«Мені жұмысты аса жауапкершілікпен атқарғаным үшін басшылық 45-топтық қондырғыға шебер етіп тағайындаған болатын. Мен қарамағымдағы адамдардан жұмысты қатаң талап ететін едім. Көптеген қызметкерлер менің үстімнен шағым айтып, басқа топтық қондырғыларға ауыстыруын сұрап өтініш жазған жайттар да кездесті. Өйткені, әріптестеріме жұмыс уақытында шай ішуге тыйым салған болатынмын», – деп күлімсірейді ардагер-мұнайшы.
Расында да, қай жердің жұмысы ақсап жатса, басшылық сол жерге міндетті түрде Сәбит Әбеновті жіберетін еді. Олар Сәбит барған жерінде білекті сыбанып жіберіп, жұмысты өрге сүйрейтініне кәміл сенетін. Өз орнын білетін, өз кәсібінің шебері, өзгенің дүниесіне тұмсығын сұқпайтын Сәбит ұжым арасында өте сыйлы болды. Жұмысқа берілгендігі сонша, ол тіпті өзіне тиісті демалыс күндері де жұмыс орнынан табылатын. Ол кезде мұнай құбырлары ескі, әлсін-әлсін жарылып, май далаға ағып жатады. Ал, Сәбит Әбенов барған топтық қондырғы міндетті түрде жоспарды орындап шығатын еді. Оның жұмысқа деген жауапкершілігі басшылық тарапынан ескерілмей қалған жоқ. 1981 жылы Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанған оны мұнайшылар күні мерекесі қарсаңында Мәскеуге шақырып, кез келгеннің тақымына бітпеген оттай қызыл москвичті мінгізіп жібереді.    
«Пендешілікті қойсайшы, әлгі көлікті сатып, үйге жиһаз алдық. Қалған ақшасына бір ұлымды үйлендіріп, бір қызымды ұзаттым. Әлгі Москвичтің пұлы біраз шаруаға жарады. Соған қарағанда ол кездегі рубль құнды болған сияқты», – дейді ақсақал ағынан жарылып. Сондай-ақ, жұмыскер азаматтың өңіріне «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» ордендері мен «Еңбек ардагері» медалі тағылды. 1994 жылдан бері зейнет демалысындағы ақсақал «Құдай ісіне тосқауыл жоқ қой. Осыдан бір жыл бұрын кемпірім қайтыс болды. Адамға қартайғанда жақсы сөз айтып жаныңды жадыратып, шүйіркелесіп отыратын қара керек екен», – деп сырын да шертіп өтті.
Ардагер мағыналы өткен өз өміріне риза, ақша немесе атаққа бола жұмыс жасаған жоқ. Ол еңбектен ғана ләззат, қанағат алатын адамдар қатарына жататын. Бүгінде ұлықты ұлдары мен қылықты қыздарынан немере, шөбере, жиен, жиеншар сүйіп отырған Сәбит ақсақал Алла тағалаға мың да бір шүкіршілік айтады. Бұл дүниеде еншісіне тиген несібесін місе тұтқан ардагер-мұнайшы келешекте пайдасы тиетін игі еңбекке үлес қосқанын мақтаныш етеді.

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх