Жауғаштының жалынды жылдары...

Жауғаштының жалынды жылдары...
09.12.2016
494
Әлеумет

Жауғаштының жалынды жылдары...

Жауғашты Балабатыров 1941 жылы 12 қыркүйекте Форт-Шевченко қаласының жанындағы ХІХ-партсъезд атындағы балықшылар аулында қарапайым балықшының отбасында дүниеге келген болатын. Оның өміріндегі балалық шағы жылтырары жоқ көңілсіз күндер еді...

Алайда баланың аты қай кезде де бала емес пе?! Шуылдаған бір топ бала өлі балықтың басын сымға шаншып алып, соны сүйретіп ойнайтын. Бұл бір топ баланың ішінде алаөкпе болып жүгіріп Жауғашты да жүретін. Әкесі Балабатыр балықшы болды, шешесі Түймеш балықшыларға тамақ пісіріп беретін аспаз еді. «Өзен жағалағанның өзегі талмас» демекші, балықшылар ауылы сол бір қиын заманда аса бір таршылық көре қоймады.
1959 жылы 10 жылдықты орташа бітірген Жауғашты аттестатпен бірге моторист-дизелист кәсібін бірге игеріп шығады. Ол кезде КОКП ОК Бірінші хатшысы Никита Хрущев болатын. Жоғарғы оқу орнына түсу үшін сенің міндетті түрде екі жылдық еңбек өтілің болуы шарт еді. Сондықтан Жауғашты да өзге замандастары секілді 2 жыл жұмыс жасайды да, 1961 жылы Алматы қаласындағы Қазақ политехникалық институтына оқуға түседі. (Бүгінгі күні Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті). Оқу орнын 1966 жылы желтоқсан айында бітіріп шыққан 52 жас Қазақстанның түкпір-түкпіріне тарыдай шашырап кете барады. 1967 жылы күш-жігері тасыған жас маман Өзен кенорнына келіп жұмысқа орналасады. Еңбек жолын қарапайым мұнай-газ өндіру операторы болып бастайды. Өндіріс деген бұрқ-сарқ қайнап жатқан қара қазан іспеттес. Мігір тауып отыру деген жоқ. Жазда да шауып жүргенің, қыста да қарды омбылап, кетіп бара жатасың, әлденеден құр қалғандай дедектеп. Ол жылдары орыс тілінің түкірігі жерге түспей тұрған кезі. Жауғашты ауылда өскендіктен орысшаға шорқақ болды. Әйтсе де, жұмысына тыңғылықты жас маман бірте-бірте қызмет баспалдағымен жоғары өрлей бастады. Өмір еңбексүйгіштерді, төзімділерді, білімділерді жақсы көреді емес пе?! Білімді де еңбекқор Жауғашты оператордан соң, шебер, ауысым бастығы, мұнай өндіру цехының бастығы, өндірістік қызмет көрсету базасының бастығы, орталық инженер-технология қызметі бастығының орынбасары, 1999 жылы «Жетібай» мұнай-газ барлау басқармасы бастығының орынбасары болып абыройлы еңбек етіп компания басшылығы тарапынан «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Бірнеше мәрте алғыс хаттар мен естелік төс белгілерге ие болды. «Ешқандай әлеуметтік мәселелері шешілмей, май қолдарын жуатын бір шөкім су таба алмай жүрген, арқасын күн жеген қара жауырын бейнетқор замандастарымның тірлігін ойласам, еріксіз басымды шайқаймын», – дейді ардагер аға. Ол мұнай саласындағы өзімен үзеңгілес болған, бір қазаннан дәм татқан азаматтарды ілтипатпен еске алды. «Мұнай саласының өсіп-өркендеу жолында небір білікті мамандар тер төккенін өскелең ұрпақ ұмытпауы тиіс. Олар: Жақсылық Жанғазиев, Мұрат Құрбанбаев, Құрақ Тілеуқұлов, Аманжан Өтесінов, Күшқуат Таласбаев...деп жалғаса береді. Аманкерей Орынбаев деген айта қаларлықтай жақсы адам болды. Жолдастыққа да жақсы еді. Әбекең бүкіл ғұмырын өндірістің өркендеу жолына сарп еткен асыл азамат еді-ау. Өмірден ерте кетті...».
Жауғашты аға өзінің тай-құлындай тебісіп бірге өскен балалық шағындағы достары Қуантқан Сатимов пен Сағынбай Мұқанов туралы жылы естеліктер айтып, жадырап қалды. Әңгіме арасында ардагер-мұнайшы күннен күнге пәтерақы төлемдерінің қымбаттап бара жатқанына қынжылысын білдірді. Азғантай зейнетақымен отырған зейнеткерлерге бұның қиын болып отырғанын жасырмады. Жазда компания тарапынан алған жолдамамен «Кендірлі» жағалауында демалып қайтқан ардагер-мұнайшы компания басшылығына ризашылығын білдірді. Ардагер аға қазіргі жастардың бойында қанағаттың кемшін түсіп жатқандығын айтады. 
Жарты ғасырлық тарихы бар Өзен кенорнының гүлденуі жолында Жауғашты Балабатыровтай азаматтардың сан жылдар бойы еткен жүйелі еңбегі, қажырлылығы, ізденіс нәтижесі жатыр. «Өткенсіз бүгін, бүгінсіз келешек бұлыңғыр». Жас ұрпақ үлгі тұтып, өнеге алар аға буынның бар екенін біліп өскені абзал.

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх