«25 жылдағы 25 қадам» тақырыбында Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай «Ембімұнайгаз» АҚ дөңгелек үстел отырысы өтті

«25 жылдағы 25 қадам» тақырыбында Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай «Ембімұнайгаз» АҚ дөңгелек үстел отырысы өтті
27.12.2016
513
Қызметкерлер

«25 жылдағы 25 қадам» тақырыбында Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай «Ембімұнайгаз» АҚ дөңгелек үстел отырысы өтті

Ембі өндірісінің кешегі тарихы мен бүгінгі тынысын саралаған дөңгелек үстел отырысына ардагер-мұнайшылар мен «Жас мамандар» кеңесінің белсенді мүшелері, Компания басшылығы қатысты. Ардагер-мұнайшылар ғасырдан астам өнім өндіріп келе жатқан Ембі өндірісіндегі экономика мен әлеуметтік саладағы қиындықтарды еске алса, жас мамандар өз кезектерінде компаниядағы жақсы жаңалықтар мен өзгерістерді баяндады. 

Құрмет Төлеуішов, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, 3-дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденінің иегері:
– 45 жылға жуық уақыт «Жайықмұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасында мұнай өндіру операторы болып еңбек еттім. Ол кезде қазіргідей әлеуметтік нысандар салына қоймаған, біз темір вагондарда тұрдық. Қыста вагонды қолдан жасалған темір пеш арқылы жылытамыз. Пеш ауаны қатты қыздырып жібермесін деп қасына қар толы шелек қоятынбыз. Ал, таңертең бетіміз ісініп, басымыз мең-зең болып оянамыз. Тамақты да өзіміз пісіріп, вагонды да жинаймыз. Негізгі жұмысымызға да үлгеріп,таңмен жарыса өндіріске кетеміз.

Абділмәжит Сайфеденов, «Жайықмұнайгаз» МГӨБ операторы:
– Соңғы 10 жыл ішінде қолға алынған жақсы жұмыстың бірі – жаңадан өндіріс ішілік жолдар салынып, ескілері күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Өзім еңбек ететін басқармаға қарасты Аққыстау селосы мен С.Балғымбаев кен алаңы арасындағы тас жол, С.Балғымбаев – Оңтүстік Батыс Қамысты аралық жолдар пайдалануға берілсе, Оңтүстік Батыс Қамысты – Оңтүстік Шығыс Новобогат, Оңтүстік Батыс Қамысты-Оңтүстік Шығыс Қамысты жолдары іске қосылуға дайын тұр. Осы жолдармен күндіз-түні жұмысқа қатынап, еңбек ететін мұнайшылар үшін бұл үлкен табыс. 

Бағдат Тұрғанбаев, «Доссормұнайгаз» МГӨБ слесарь-жөндеушісі: 
– Экологиялық талаптарды сақтауға үлкен мән беріліп келеді. Біздің басқармаға қарасты Шығыс Мақат кен алаңында ілеспе газды пайдалану қондырғысы іске қосылды. Газ ауаға жағылмай құбыр арқылы өндірістің ішкі қажеттіліктеріне жұмсалып, Қызылқоға, Мақат аудандары тұрғындарының сұранысына орай жіберіледі. Мұндай қондырғы Исатай ауданында (Жайықмұнайгаз) да іске қосылып, Компания аудан халқын арзан көгілдір отынмен қамтып отыр. Прорва кен алаңында жылына 150 млн. текше метр газды өңдейтін зауыт құрылысы аяқтала келді. Бұл жобалар экологиялық талаптарды сақтаумен қатар, өнім өндіру көлемін арттыруға да жол ашады. 

Мақаш Рахметов, КСРО Құрметті мұнайшысы, ҚР Жер қойнауының Құрметті барлаушысы, ҚР Мұнай-газ саласының еңбек сіңірген қызметкері, ҚР Ұлттық академиясының академигі: 
– 1984 жылы Англияда іссапарда болдым. Ағылшындық мұнай компаниясы қызметкерінің әрқайсысының кабинетінде дербес компьютер бар екенін, олардың компьютерде еркін жұмыс істеп отырғанын көріп, қызықтым да қызғана қарадым. Ол кезде біз барлық геологиялық сызбаларды қолмен орындайтынбыз.  Сол кезде біздің балаларымыз да осындай техникада жұмыс істесе деп армандаған едім.   

Тұрар Жайлашев, «Қайнармұнайгаз» МГӨБ операторы: 
– Бүгінде Ембінің барлық кен алаңы әлеуметтік нысандармен толықтай қамтылды. Мұнда мұнайшыларға алаңсыз еңбек етулеріне барлық жағдай қарастырылған. Екі орынды жатын бөлмелерде теледидар, тоңазытқыш бар, асханаларда 3 мезгіл тегін берілетін тамақ мәзірі үнемі жаңартылады. Барлық басқармада дене шынықтыру-сауықтыру орталықтары жұмыс істейді.

Дастан Баташев, «Жылыоймұнайгаз» МГӨБ операторы: 
– «Ембімұнайгаз» АҚ жас мамандарға үлкен жол ашатын Дуальдық оқу бағдарламасын іске қосты. Пилоттық жоба  іске қосылған 2 жыл ішінде 40-қа жуық студент теориялық білімдерін тәжірибемен ұштастыруға мүмкіндік алды. «Жылыоймұнайгаз», «Жайықмұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармаларында тәжірибеден өтіп, өндірістің қыр-сырымен таныстық. Бағдарламаға сай оқу мерзімін аяқтаған жастар дипломмен бірге «Ұңғымаларды зерттеу операторы» мамандығы бойынша еңбек кітапшасына ие болды. Нәтижесінде, тест арқылы емтихан тапсырып, үздік деп танылған 5 студент жұмысқа қабылданды. Мен – сол жаңадан жұмысқа алынған жас маманның бірімін. Компания тарапынан осындай үлкен қолдау көргеніме бек ризамын. 

«25 жылдағы 25 қадам» атты дөңгелек үстел шарасында «Ембімұнайгаз» АҚ бас директорының жаңа жобалар және технологиялар жөніндегі орынбасары Ануар Жақсыбеков жиналғандарды компанияның өндіріс бағытындағы бүгінгі табысы мен алға қойған жоспарлары жөнінде таныстырып өтті.

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх