Жаңа жыл құтты болсын!

Жаңа жыл құтты болсын!
27.12.2016
2813
Қызметкерлер

Жаңа жыл құтты болсын!

Айгүл Ермағамбетова, «Жылыоймұнайгаз» МГӨБ, теміржонушы:

– Жаңа жыл өткен жылдың қорытындысын жасап, атқарылған істі саралайтын кезең екендігі белгілі. Халқымызда “Өткен жылға өкпе жоқ, келер жылдан үміт көп” деген даналық сөз бар. Ия, 2016 жылдың да өзіндік қиындықтары мен жақсылықтары болды. Біз қашанда өткенге салауат айтып, болашақтан жақсылық күткен халықпыз. Келер жыл толағай табыстар әкеліп, халқымыз игілікке, мемлекетіміз молшылыққа, әр шаңырақ береке-бақыт пен шаттыққа кенеле берсін! Мұнайымыз көп болып, халық ырыздығы кемімесін. Дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін. Жаңа жылдарыңызбен, қадірменді мұнайшылар!

Ғалымжан Оспанов, «Өзенмұнайгаз» АҚ, Нормалау және еңбекақы төлеу департаментінің директоры:

– Құрметті әріптестер! Сіздерді табалдырығымыздан аттағалы тұрған 2017 Жаңа жылыңызбен шын жүректен құттықтаймын. Адам баласы жаңа жылмен бірге ізгі жаңалықтардың келуін күтеді. Халық арасында «Ескі жылдың қайғы-мұңын, өкпе-назын сол жылға тастап, өмірімізге енгелі келе жатқан Жаңа жылды көтеріңкі көңіл-күймен, таза, тың ойлармен қарсы алу керек. Әрбір Жаңа жылдың өзінің дайындап отырған қуанышы, бақыты, сыйы болады» – деген сөз бар. Ендеше, біз де болмашы өкпе-назымызды, өкініш-мұнымызды қиындық сезінген сәттерімізді ескі жылға қалдырып, Жаңа жыл табалдырығын махаббатпен, мейіріммен аттап, бізді алда тек қана қуаныш пен бақыт күтіп тұрғанына сенейік. Жаңа жыл барлық істеріміз бен бастамаларымызға ақ жол ашып, мол табыстар ала келсін!

Гауһар Төлегенова, «Өзенмұнайгаз» АҚ, № 2 МГӨБ, № 6 ШСС машинисі:

– Біз қарапайым мұнайшылар жыл өткен сайын басшылық тарапынан өзімізге деген жылы ілтипат пен қамқорлықты ұдайы сезінудеміз. Уақыт өткен сайын компаниямыздағы өндірістік мәселелердің оңынан шешіліп, әлеуметтік жағдайымыздың жақсарған үстіне жақсара түсуі бізді қатты қуантады. Мен барша «Өзенмұнайгаз» АҚ ұжымын Жаңа жыл мерекесімен шын жүректен құттықтай отырып, баянды бақыт пен жарасымды ғұмыр тілеймін. ХХІ ғасыр Қазақ елінің ғасыры болғай. Еліміз аман, жұртымыз тыныш, мұнайымыз көп болсын. Жылдан жылға мол табысқа кенеле берейік! 

Әскер Киізбасаров, «Доссормұнайгаз» МГӨБ, Ш.Мақат кенорны мұнай өндіру операторы:

– Жаңа жыл бәрімізге құтты болсын, құрметті мұнайшылар! Бақ-береке, мол ырыс-дәулет әкелсін, барлық асыл армандарыңыз орындалсын! Жаңа жыл тың шығармашылық ойлар, биік кәсіби жетістіктер, өзгерістер, жарқын кездесулер мен қуанышты оқиғалар, тамаша бастамалар мен оң шешімдер жылы болсын. Әр шаңыраққа бейбіт өмір, тыныштық және мол жақсылықтар әкелсін. Жаңа жылға таза ниетпен, болашаққа деген мол сеніммен, нық қадаммен аттайық.

Алтын Қорғанбаева, «Өзенмұнайгаз» АҚ, № 1 МГӨБ, № 1 ҚҚСЦ басқару пультінің операторы:

– Ардақты мұнайшылар! Сіздерді Жаңа 2017 жылмен құттықтаймын. Мықты денсаулық, адал еңбек, отбасы амандығын тілеймін.Әрқайсыңыздың атқарып жүрген қызығы мен шыжығы аралас мамандықтарыңыздың ыстығына күйіп, суығына тоңып, жылдар бойы абыройлы қызмет атқаруларыңыз – кәсібіңізге деген адалдық пен шынайы сүйіспеншілігіңіздің куәсі. Сіздердің Өзен кенішінің өркендеуіне қосып жүрген үлестеріңіз шексіз! Болашақта атқарар игілікті істе қанаттарыңыз талмасын, қажыр-қайраттарыңыз қашанда арта бергей.

Ақманаш Аманиязова, «Қайнармұнайгаз» МГӨБ, Б.Жоламанов кенорны геологы:

– Сіздерді келе жатқан жаңа 2017 жылмен құттықтаймын. Келер жыл Сіздерге қуаныш, жаңа ұмытылмас әсерлер мен үкілі үміттер сыйласын, ұшқыр арман-мақсаттарыңыз орындалатын жарқын әрі табысты жыл болуын тілеймін! Барлық бастамалар сәтті орындалып, биік кәсіптік белестер мен асқар асуларға жетелесін! Биыл халқымыз Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығын үлкен қуанышпен атап өтті. Бұл біздің қастерлі мерекеміз, бабалар армандаған асыл күн. Тәуелсіздігіміз баянды болғай. Алдағы жыл әр адамның абыройы артуына мол мүмкіндіктер туғызып, өмірімізді мәнді оқиғаларға, татулық пен жасампаздыққа толтырғай! Жаңа жыл құтты болсын! 

Құраш Махупов, «Жайықмұнайгаз» МГӨБ, С.Б. Қамысты кенорны мұнай өндіру операторы:

– Жаңа жыл барлығыңызға тек қана  жаңа қуаныш, жаңа бақыт, жаңа табыс алып келсін! Ортамыз ойсырамай, Алла тағала жылдан жылға аман-есен жеткізе берсін!  Бәріңізге мықты денсаулық, берекелі байлық тілеп, жаңа бастаған істеріңіз оңынан шешіліп, соның жетістігіне қуанып жүре беріңіздер демекпін! Жаңа жыл Сіздер үшін зор табысқа қол жететін, ой-мақсаттар жүзеге асатын, арман-үміттер ақталатын жыл болсын. Сіздерге зор денсаулық, молшылық пен бақыт тілеймін. Тәуелсіз еліміз өркендей берсін!

Бердібек Есенжанов, «Өзенмұнайгаз» АҚ, жетекші аналитик:

– Уақыт деген сынаптай сырғып өтіп жатыр. Міне 2016 жылды артқа тастап, 2017 жылға қарай аяқ басқалы тұрмыз. Биыл Қазақ елі үшін жаман жыл болған жоқ. Бабалар ғасырлар бойы армандап өткен Тәуелсіздігіміздің 25 жылдық мерейтойын тойладық. Мен ел экономикасының локомотиві – мұнай-газ саласында бірнеше жылдан бері аянбай еңбек етіп жүрген әріптестерімді Жаңа жыл мерекесімен шын жүректен құттықтай отырып, дендеріне саулық, отбастарына береке-бірлік, жұмыстарына шығармашылық табыс тілеймін. Биіктерді бірге бағындырып, жетістіктерге бірге жете берейік! 

Жанболат Қыдырғалиев, «Өзенмұнайгаз» АҚ, ТТБ Кәсіподақ төрағасы:

– Қоштасқалы тұрған мешін жылына ешқандай өкпеміз жоқ. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойын лайықты қарсы алдық деп айта аламыз. Әрине, жеткен жетістіктеріміз Елбасы жүргізген сарабдал саясаттың нәтижесі. Есігімізден енгелі тұрған тауық жылына «Қош келдіңіз, төрлетіңіз!» – дей отырып, «Өзенмұнайгаз» АҚ қызметкерлерін Жаңа жыл мерекесімен құттықтаймын. Компания өркендеп, дами берсін!

Рахман Исмағанбетов, «Өзенмұнайгаз» АҚ зейнеткері:

– Мен «Өзенмұнайгаз» АҚ бірнеше жылдар бойы үздіксіз қызмет жасап, компанияның өркендеуіне өз үлесімді қосқанымды мақтан етемін. Осы жылдар ішінде бірге жұмыстас болған әріптестерімді, бүгінгі жас мамандарды Жаңа жыл мерекелерімен құттықтай отырып, мемлекет үшін атқарып жүрген еңбектеріңіз жемісті болсын деген тілегімді айтамын. Бүкіл саналы ғұмырымызды арнаған компаниямыз біздер, зейнеткер аға буын үшін аса қымбат. Біз компания басшылығы тарапынан көрсетіліп жатқан құрмет пен ілтипатқа өте ризамыз. Алла разы болсын! Жаңа жылда мұнай өнімділігін арттырып, жоғарғы көрсеткіштерге қол жеткізе беріңіздер! Ел игілігіне қызмет етіп тұрған компаниямыздың мерейі асып, несібесі таса берсін!
 

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх