Өзенмұнайгаз мамандары Италияға оқуға аттанды

Өзенмұнайгаз мамандары Италияға оқуға аттанды
24.01.2017
568
Қызметкерлер

Өзенмұнайгаз мамандары Италияға оқуға аттанды

«Өзенмұнайгаз» акционерлік қоғамының әр саласында жемісті еңбек етіп жүрген 12 инженер маман іріктеліп алынып, өздерінің кәсіби біліктіліктерін жетілдіру мақсатында Италияға, Eni S.p.A. ірі мұнай-газ компаниясына алты айлық оқуға аттанды. Енді олар қоғам пен «Еni» компаниясы арасында жасақталған екіжақты келісімшарт аясында жарты жыл бойы геология, қауіпсіздік техникасы, экология, мұнай кенорнын игеру бойынша тәжірибе алмасудан өтеді.

Кадрларды дайындау жөніндегі жетекші инженер Гүлдария Жанаралованың айтуынша, бұл мамандарды осыдан бір ай бұрын халықаралық тіл болып есептелетін ағылшын тілі курсынан өткізіп, тест арқылы нәтижесін тексерген. «Мұндай жоба біздің компания тарихында тұңғыш рет жүзеге асырылып отыр. Тәжірибе алмасу тиімділігі дәлелденген жағдайда, бұл жоба болашақта да өз жалғасын табатын болады», – дейді ол.
Оқуға аттанып бара жатқан еңбекті қорғау инженері Максим Кушбаев пен аға геофизик Берік Бердіоңғаров өздерінің қуанышымен бөлісті. Осындай керемет мүмкіншілік тудырған компания басшылығына өздерінің риясыз алғысын білдірді. «Біз шетелден үйренген мол тәжірибемізді болашақта Өзен кенорны өндірісіне енгізе отырып, мұнай-газ саласының дамуына бар күш-жігерімізді салатын боламыз. Технократтық заманда халықаралық стандартқа сай білім жүйесін меңгеріп, заманауи жаңа технологияларды қолданбайтын болсақ, көшке ілесе алмайтын боламыз», – дейді олар. «Өзенмұнайгаз» АҚ бас директоры Дәулетжан Хасанов, «ҚазМұнайГаз» БӨ» АҚ Аппарат басшысы Бауыржан Асқаров, Еңбекақы төлеу және персоналды басқару жөніндегі басқарушы директор Ерболат Сәрсенов Италияға жол тартқан мамандарға ақ жол тілеп, шығарып салды.
Естеріңізге сала кетейік, өткен жылдың жазында «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ делегациясы Eni S.p.A компаниясының шақыруымен Италияның Милан қаласында сапармен болған еді. Компания бас директоры Құрманғазы Есқазиев бастап барған ҚМГ БӨ делегациясы сапар барысында Eni S.p.A. президенті Клаудио Дескальцимен және Eni S.p.A. аға вице-президенті – барлау және өндіру бойынша бас директор Антонио Велламен кездесулер өткізіліп, әріптестер барлау және өндіру жаңа технологиясы саласында ҚМГ БӨ және Eni S.p.A. екі жақты өзара тиімді ынтымақтастығының келешегі туралы талқылаған болатын. Әріптестік қарым-қатынас жалғасын тауып, былтырғы жылдың күзінде Eni S.p.A. ірі итальяндық мұнай-газ компаниясының мамандары «Қазгермұнай» БК» ЖШС, «Қаражанбасмұнай» АҚ, «Өзенмұнайгаз» АҚ және «Ембімұнайгаз» АҚ-да жұмыс сапарымен болып, өндіріс тынысымен танысқан еді. 
Осы сапарларында итальяндық мамандар Өзен ірі кенішіндегі блоктық шоғырланған сораптар станциясының, мұнай өндіру скважиналарының, топтық қондырғы жұмысымен де танысып, қызықтырған сұрақтарына жауап алған болатын.
Eni көмірсутегін барлау және өндіру, газ және электр энергетикасы, мұнай өңдеу және сату негізгі үш бағытта қызметін жүргізіп отырған ірі халықаралық компания. Eni S.p.A – вертикальді ықпалдастырылған  мұнайгаз компаниясы зерттеу және игеруді қоса алғанда, мұнайды өндіру, тасымалдау, қайта өңдеу, базалық май және қоспа өндірісі, блендинг және тауарлық  майды бөлшектеп өлшеу толық циклі бойынша жұмыс істейтін аз компаниялардың бірі. Осындай ірі компанияда Өзен мұнайшыларының жарты жыл бойына оқуда болып, тағылым жинауы –  қойнауы құтты, қасиетті Маңғыстау мұнайын игеруде жарқын үлесін қосары анық. Мұнайшы азаматтарға сәтті сапар тілейміз!

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх