Рахмет Өтесінов – аңыз адам

Рахмет Өтесінов – аңыз адам
24.01.2017
473
Әлеумет

Рахмет Өтесінов – аңыз адам

«Алғашқылар»

Биікте тұрғанды кім жек көрсін, ал биік тұру кез келгеннің қолынан келе бермейді. Біз сөз қозғағалы тұрған Рахмет Өтесінов осындай адамдар сойынан. Ол 1927 жылы 15 қаңтарда Атырау облысы, Қызылқоға ауданы, Қарабау аулында дүние есігін ашқан болатын. Мұнай саласында ерекше қолтаңбасы қалған атақты мұнайшы, ардақты азаматтың туғанына биылғы жылы 90 жыл толды. 

 

Рахмет Өтесінов 1951 жылы Мәскеудегі И.М.Губкин атындағы институтты бітіріп, еңбек жолын жұмысшы болудан бастады. Басында ақыл, көкірегінде сәуле, көзінде нұр, жүрегінде парасат лапылдап тұрған білікті жас маман 1951-1959 жылдары Мақат кәсіпшілігінде мұнай және газ өндіру цехының бастығы, Комсомол, Қошқар мұнай кәсіпшілігі басқармаларында бас инженер болып жұмыс атқарды.
1959-1964 жылдары Жылой аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, кейін Гурьев облыстық партия комитетінің бөлім меңгерушісі, Батыс Қазақстан өлкелік партия комитетінің өнеркәсіп бөлімінің меңгерушісі, Қандыағаш өнеркәсіптік аймақтық партия комитетінің хатшысы және «Маңғышлақмұнайгаз барлау» тресі партия комитеті хатшысы қызметтерін атқарды.
Жүрегіне үкілі үміт қадаған жалынды жас 1963 жылы киелі Маңғыстауға арнайы жолдамамен келеді. «Жас келсе іске» демекші, жұмыста ол өзіне өзі сенімді еді... Білекті сыбанып, Өзен, Жетібай кенорындарын игерудегі дайындық жұмыстарына белсене қатысты. 1964-1970 жылдары Рахмет Өтесіновке Өзен мұнай кәсіпшілігін басқару бақыты бұйырды. 
Абзал азаматтың тікелей басшылығымен вахталық қалашықтың алғашқы жобасы жасалып, соңынан сол жерде Жаңаөзен қаласының іргетасы қаланды. «Көптің қолы біріксе – көкке жетеді» демекші, жаңадан ашылған Өзен кенорны Рахмет Өтесінұлы бастаған Ғазиз Әбдіразақов, Тынышбай Опиев сияқты мұнайшылар қауымының табан ақы, маңдай терінің арқасында аяққа тұрды. Аға ұрпақ бар күш-жігері, білімі мен тәжірибесін ұлы мақсат «қара алтын» өндіріп, ел экономикасын өркендетуге арнады. 
Рахмет Өтесінов бұрқ-сарқ қазандай қайнап жатқан өндірістегі қауырт жұмысты бір ретпен, жүйеге, тәртіпке қойып жасады. Геологиялық барлау жұмыстарын бір ізділікке түсірді, алып кенорынның «қара алтынын» игеруді, оны тасымалдауды оң жолға қойды. Мұнайшы қауымның сан түрлі әлеуметтік мәселелерінің оң шешімін табуына барынша ықпал жасады. 
«Таудай тілегі бардың, тастай жүрегі бар» демекші, өзіне де, өзгеге де талапшыл басшының ұжым арасындағы беделі уақыт өткен сайын асқақтай берді. Ардақты азамат Өзеннің берекесін кіргізіп, абыройын асқақтатты.
Уақыт безбен. Бір жағына сүйінішін, бір жағына күйінішін тиеп алып отырады емес пе?! Жарық дүниеде тірі пенденің басына не кеп, не кетпейді. 
1969 жылы қайран азамат жол апатына ұшырап, арбаға таңылып қалды. Өз бағасын білетін байсалды, орта көрген жан емес пе? Табиғаты таза, ардақты азамат тағдырына налып, күйіп-піспеді. Жігері мұқалып, қарекетсіз отырып қалмады. Дүбірлі дүниенің дүрмегіне үн қосқан Өзен кенорнынан шығып жатқан парафинді мұнайды өндіру, ілеспе газды тиімді пайдалану тақырыбында ғылыми негізде көптеген мақала жазды. Оның мұнай құбырларын жылыту туралы ұсынысы өндіріске тың серпін, ерекше екпін бергенін ешкім де жоққа шығармақ емес. 
Сегіз қырлы, бір сырлы азамат қайрат-жігерін бойындағы шар болаттай рух-қайрағына жанып, өзі жүріп өткен қызығы мен шыжығы қатар өрілген өмір жолын шығармаларына арқау етті. Қарапайым мұнайшының тыныс-тіршілігі баяндалған «Айтылмаған ән», «Алыстағы алау», «Алыптың ашылуы», «Кең Жылой», «Жолдар мен жолдастар», «Соңғы аялдама» т.б. шығармалары бірінен соң бірі қалың оқырманға жол тартып жатты. «Сүйер ұлың болса, сен сүй, сүйсінерге жарар ол», – деп хакім Абай айтпақшы, өзендіктер Рахмет Өтесіновті жас ұрпақ жадына сіңіру мақсатында Жаңаөзенде салынған ғажайып спорт кешеніне есімін берді. Сондай-ақ, қаладағы көше аты да ардақты мұнайшының атымен аталды. Бұл қала тұрғындарының Өзенді сүйген арда азаматқа көрсеткен ілтипаты еді. 
Қазақта «жақсы әйел жаман еркекті сұлтан етеді, жаман әйел жақсы еркекті ұлтан етеді» деген нақыл бар. Рахмет Өтесінов еңсесінің түспеуіне жан жары Сақыш Қарабалинаның еңбегінің зор екендігін айтпай кетуге болмайды. 
Өмірді жалғайтын ұрпақ та, адамзаттың ақыл-парасаты да әйелдің сұлулығынан, оның жүрегіндегі ізгілік пен мейірімділіктен нәр алады. Ер азаматын қадірлеген Сақыш апа қазақ әйелінің – азаматын сыйлаудағы үлкен үлгісін көрсетті. Үмбетей жыраудың Абылай ханға Бөгенбай батырдың қазасын естіртіп: «Сексеннен аса бергенде, Қайырылмас қаза келгенде, Батырың өлді – Бөгенбай» – деп айтатыны бар еді. Сол айтпақшы, жанына сая бола білген жарына ризашылықпен мәнді де сәнді өмір сүрген азамат.
Рахмет Өтесінов 2011 жылдың қаңтарында 84 жасқа қараған шағында дүниеден өтті. Қартая білу де өнер. Қазына боп қартаю бар, қазымыр боп қартаю бар. Рахмет Өтесінов қазына боп қартайды. Ол жары мен балаларының сүйіспеншілігі арқасында небір белестерді бағындырып, асқар асулардан өтті.
Қазақ мұнайы тарихында аты аңызға айналған Рахмет Өтесінов өңіріне «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі», «Құрмет» ордендері тағылды. Жоғарғы Кеңестің Құрмет грамоталарымен марапатталды. Жылыой ауданы мен Жаңаөзен қаласының Құрметті азаматы атағын иеленді. Қазақстан Жазушылар одағының мүшелігіне қабылданды. Бүкіл ғұмырын Өзен кенорнының дамуына сарп еткен Рахмет Өтесінов туралы айтар әңгіме көп! «Сынақ» фильмінің бас кейіпкері болған ол ұрпағына үлгі, ұланына ұлағат болған біртуар азамат ретінде танылды. Кейінгі буын Рахмет Өтесіновтей абыз ақсақалмен мақтанады. Оның есімі ұмытылмақ емес! Ұлы Абайдың «өлді деуге бола ма, айтыңдаршы, өлмейтұғын соңына із қалдырған» деген сөзі Рахмет Өтесінов сияқты адамдарға айтылғандай-ау, сірә!

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх