Робототехника – заманауи ғылым

Робототехника – заманауи ғылым
24.01.2017
386
Жастар

Робототехника – заманауи ғылым

«Өзенмұнайгаз» АҚ кәсіподағының қаржылай қолдауымен «Өзенмұнайгаз» АҚ Жас мамандар кеңесі мен «Тимур Академиясы» онлайн-офлайн оқыту орталығымен бірлесіп, «Робототехника – заманауи ғылым» атты ғылыми-тәжірибелік көрмені өткізді.

Аталған көрмеге Жас мамандардың өз күштерімен дайындаған бірнеше «ақылды» бұйымдары қойылды. Нақтырақ айтатын болсақ, Жарылғап Өтешовтың ойлап тапқан «ақылды қоқыс жәшігін» өзенмұнайгаздықтардың көбісі өз үйлерінде көргісі келетіндіктерін жасырмады. Аталған жәшік адам жақындағанда автоматты түрде қақпағын ашады. Сондай-ақ, Бауыржан Бәйімбетовтің «Бақшаны автоматты суару жүйесі», Көбеген Жексенбаев пен Қанат Ақбаевтің «Жүк көтергіш манипулятор» сынды жобалары көпшілік назарын аудартты. Көрмеде Мұрат Ақынның «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ тарапынан «Үздік инновациялық жобалар» байқауында жүлделі ІІ орын алған «Тербелмелі қондырғы» жобасы оң бағасын алды.
Өзінің жобасы туралы Мұрат Ақын былай деп сөз өрбітті: «Тербелмелі қондырғы» жобасы сонау 2009-2010 жылдары №1 МГӨБ, №8 МГӨЦ, №8 ТҚ-да оператор қызметін атқарып жүрген кезде туындаған жоба.Тербелмелі қондырғыларды бақылауға берілетін уақыттың тығыздығына байланысты скважиналардағы кейбір ақаулар байқалмай қалады. Соның кесірінен келесі күні таңертең бақылауға келгенде тербелмелі қондырғы құлап немесе бұзылып жатады. Осы олқылықтарды жою мақсатында, радиоактивті құрылғы ойлап таптым. Бұл құрылғы тербелмелі станоктың «палецтері» істен шыққанда автоматты хабарлап және апатты болдырмай өзі ажыратады. Бұл жобамен бірнеше сайыстарға қатыстым, әр сайыс сайын толықтырулар мен өзгерістер енгізіп, міне күні кеше «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Жас мұнайшылар арасында өткен, «Үздік инновациялық жобалар» сайысында жүлделі екінші орынға ие болдым. Жобаның өміршеңдігіне келер болсам, бұл барлық мұнай игеруші кәсіпорындардың барлық тербелмелі қондырғыларына арналған, тіпті осы жобамен «КазЭнерджи» қауымдастығының форумына қатысқанымда, шараға қатысушылар арасында «ҚазақМыс», т.б. тау кеніштерін игеруші кәсіпорындарда, қопарғышқа (дробилка) да пайдалануға болады екен деген ұсыныстар түсіп жатты. Жобаның өндірістегі тиімділігін дәлелдеу уақыт еншісінде. Бүгінгі күні «Өзенмұнайгаз» АҚ Инновациялық қызметтің жетекшісі Жұмабек Қосановтың тікелей қолдауымен ғылыми институттармен бірге жұмыс жасап, өндіріске енгізуге жұмыстанып жатырған жайымыз бар».
Болашақта өндірісімізге, ел экономикасына пайда келтіретін жас мамандар шоғыры ұлғайып, қанатын кеңге жайса, нұр үстіне нұр болар еді!

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх