«Мерейлі отбасы» – мұнайшылар әулеті!

«Мерейлі отбасы» – мұнайшылар әулеті!
24.01.2017
488
Әлеумет

«Мерейлі отбасы» – мұнайшылар әулеті!

2014 жылдан бері тұрақты өтіп келе жатқан «Мерейлі отбасы» республикалық ұлттық сайысына Атырау облысынан екі жыл қатарынан мұнайшылар әулеттері қатысты. Олар: Жылыой ауданынан Бешімовтер және Доссор кентінен Қанатбаевтар отбасылары. «Мерейлі отбасы» сайысының мақсаты – отбасы құндылықтарын, яғни әулеттің үлкенін сыйлау, ата-ананы қадірлеу, аға буын салған сара жолды лайықты жалғастыру сынды дәстүрлерді ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу. Бұл орайда ұлын – ұяға, қызын – қияға қондырған өнегелі мұнайшылар отбасылары аудандық, облыстық сайыстардың жеңімпаздары атанып, республикалық сынға қатысып, жүлделі орындарды алып жүр.

Бесінші ұрпағы мұнайшы атанған Бешімовтер әулеті

Еліміздің мұнай-газ кеніштерінде бесінші ұрпағы еңбек етіп жатқан Бешімовтер отбасының тарихы өткен ғасырдың басынан басталады. 1926 жылы әулеттің атасы Бешім Қызылбасов қарт айдалада мал бағып жүрген жерінде жер астынан буырқанып шығып жатқан қара майды табады. Бешім қарт тапқан май әбден зерттеліп, «қара алтын» – мұнай екені анықталып, кейіннен бұл жер «Қосшағыл» мұнай кеніші деп аталады.  Ал, Бешім қарттың өзі мұнайшы болып жұмысқа орналасады. Қосшағыл, Төлес кен алаңдарының алғашқы ашушысы Бешім қарттың еңбек жолын бүгінде ұрпақтары абыроймен жалғастырып жүр. 
«Мерейлі отбасы» республикалық ұлттық байқауының жеңімпазы – жылыойлық Бешімовтер отбасының отағасы Наурызғали қарт саналы ғұмырының 59 жылын Ембі кен алаңдарының қалыптасып, дамуына арнаған. Жылыой, Мақат аудандарының «Құрметті азаматы», «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстан Республикасы «Мұнай-газ саласының еңбек сіңірген қызметкері» Наурызғали Бешімов әр отбасылық қуанышты сәттерді ұрпағына дұрыс тәрбие бере білумен ұштастырады. 
– Аудан, облыс, республикаға танымал болуымыз – ең алдымен, балаларымның еңбегі. Бала ұяда не көрсе, соны жалғастырады. Отбасы тату болса, бала да мейірімді болып өседі. Ал, отанның отбасынан басталары баршаға аян, – дейді Бешім қарттың немересі, бүгінде 83 жастағы 4 баланың әкесі, 10 немеренің атасы  Наурызғали қарт. 

Ортақ еңбек өтілдері 570 жылға жуық!

«Қара алтынның» қадірін сезініп, мұнайшылық кәсіпті ұрпағына мирас еткен өнегелі отбасының бірі – доссорлық Қанатбаевтар жанұясы. Өткен ғасырда Ембі өндірісінде алғаш рет айналмалы бұрғылау әдісін енгізген бұрғышы Үсен қарттан тараған мұнайшы ұрпақтың төрт буынының ортақ еңбек өтілі – 570 жылға тарта уақытты құрап отыр. Әулеттің бесінші ұрпағы Дәурен Бахытжанұлы да осы мамандықты таңдап, жоғары білім алуда. Арманы болашақта еңбек жолын атасының сара жолы қалған Ембі кен алаңдарынан бастау. «Мерейлі отбасы» республикалық сайысының лауреаты – Қанатбаевтар отбасының отағасы Жеңіс Ержанұлы 50 жылға жуық уақыт Ембі өндірісінде еңбек етті. Мақат, Доссор кенттерінің «Құрметті азаматы», «Құрмет» орденінің иегері, ардагер мұнайшы Жеңіс Қанатбаев ағамыз ұрпағы да осы саланы таңдады. Отбасындағы 6 бала ата салған сара жолды сәтімен сабақтауда. Мұнайлы өңірдің «алтын бесігі» – Доссор жерінде мұнайшылық кәсіппен бірге отбасылық бизнесті де қатар дамытып отырған Қанатбаевтар отбасын ауылдастары «меценаттар отбасы» деп атап кеткен. Отанасы – «Күміс алқа» иесі Маржан апай – «Аружан» мейрамханасын ашып, отбасылық жеке бизнесті дамытумен бірге Мақат ауданының қоғамдық-саяси өміріне белсене араласып, мұнайлы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып отырған бизнес өкілі. Әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларын, аудандағы интернат тәрбиеленушілерін, ДЦП ауруына шалдыққан сырқат балаларды үнемі қамқорлығына алып келеді.

 

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх