Сіз кітап оқып жүрсіз бе?

Сіз кітап оқып жүрсіз бе?
24.01.2017
682
Әлеумет

Сіз кітап оқып жүрсіз бе?

«Оқымасаң, тоқырайсың»
«Көркем әдебиеттен алыстаған ел қатыгездене бастайды. Бір-біріне суық тарта бастайды». 
Лао-Цзы (қытай оқымыстысы)

Айзада Қадырова, «Өзенмұнайгаз» АҚ, Құқықтық қамтамасыз ету департаментінің II категориялы заң кеңесшісі, Жас мамандар кеңесінің мүшесі:

– Менің кітаптар әлеміне деген ғажайып саяхатым «Оз мемлекетінің таңғажайып сиқыршысы» деген шығармадан басталды. Аталған кітап кейіпкері Дорати атты кішкентай қыздың шытырман оқиғасы, менің балалық қиялыма қанат бітірді. Содан бері, кітап менің сенімді досыма айналды. 6-7 класқа барған соң әкемнің қазақ, орыс, шетел әдебиетінен тұратын жеке кітапханасына шөлдеп келіп, бұлаққа бас қойған жолаушыдай бас салдым. Пушкиннің «Онегині», Толстойдың «Соғыс және бейбітшілігі», «Анна Каренинасы», Тургеневтің «Әке мен балалары», Әуезовтің «Абай жолы», Маргарет Митчелдің «Желмен ғайып болғандар» романындағы қылықты да сұлу Маргарет Митчелі, Ги де Мопассанның шағын психологиялық әңгімелері  менің жүрек көзімді аша отырып, сол көзбен мына әлемге қарауға үйретті. Лев Толстойдың «Жақсы кітап – ақылды адамның әңгімесімен бірдей» деген нақылының дәл екендігіне көзім жетті. «Ағаштар көп, бірақ барлығы жеміс бермейді. Жемістер көп, бірақ барлығы дәмді бола бермейді. Ілімдер көп, бірақ барлығы пайдалы бола бермейді» дейді Иса пайғамбар. Мен өзімді толғандырып жүрген небір мазасыз сауалдарыма жауапты қасиетті құран хадистерінен таптым. Бүгінде Алла Тағаланың қалауымен дүниеге келген балапаныма ұйықтар кезде ертегілер оқып беріп жүрмін. «Қазір кітаптың заманы емес» – деген кейбір әріптестерімнің пікіріне үзілді-кесілді келіспеймін. Негізгі күш ақшада, дүниеде емес, білімде, кітапта екенін түсінетін кез келді. 

Ахмет Қожанепесов, «Өзенмұнайгаз» АҚ бас есепшісі:

– Мен көркем әдебиетті кішкентайымнан жақсы көрдім. Теміржол вокзалының жанында кітапхана болатын. Мен 3-кластан бастап сол кітапхананың тұрақты оқырманына айналдым. Мектепті бітірген кезде кітапханадағы кітаптарды да оқып бітірдім. Орыс мектебінде жүргендіктен, көбінесе орыс әдебиетін оқыдым. Толстойдың «Соғыс пен бейбітшілігін», Грибоедовтің, Пушкиннің шығармаларын бір адамдай-ақ білемін. Мен көбінесе тарихи кітаптарды оқығанды жақсы көремін. Күні бүгінге дейін еңбек демалысына барғанда да 2-3 кітап сатып алып, жастана жатып оқимын. Біздің жас кезімізде мерекелерде, туған күндерде кітап сыйлау үрдісі болатын... Кітап – жан азығы. «Кітап оқу терапиясы» тұрғындардың табысы, мамандығы, отбасы жағдайы және өмірге деген құлшынысынан тәуелсіз және кез келген адамға пайдалы. Кітап оқу – күйзеліс пен күнделікті күйбең тіршіліктен де арылудың ең тиімді тәсілі екені мәлім. Кітап оқитын адам ақыл-парасат, таным, білім, елмен қарым-қатынас, тіл байлығы, сыпайылығы мен мәдениеті секілді бірсыпыра қасиеттерімен ерекшеленіп тұратыны заңды. «Оқымасаң, тоқырайсың» – деген қағида дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома.

Мереке Құлбеков, «Өзенмұнайгаз» АҚ, № 2 МГӨБ бас инженері:

– Менің алғашқы оқыған кітабым Бердібек Соқпақбаевтің «Менің атым – Қожасы» болатын. Бас көтерместен оқып шықтым. Фильмі қандай керемет десеңші. Оқушы кезімде бос уақытымда күйтабақтардан батырлар жырларын тыңдайтынмын. Қазіргі кезде көптеген балаларымыздың есіл уақыттарын интернетке рәсуа етіп жүргенін жақсы білеміз. Өкінішті-ақ! Адам үнемі кітап оқып, өзін өзі рухани жетілдіріп отырмаса, қара жұмыс пен қалжыраудан рухани жұтаңдап кетеді. Жаның жабырқап жүрген кезде, кітап бізді паналатып жылытқанымен қоймай, бізге мейір береді. Мен мектепте жүргенде Оқушылар шығармашылық үйіндегі «журналист дайындау» үйірмесінің белсенді мүшесі болдым. Мектептегі мәдени шараларға белсене қатысатынмын. Тіпті екі жыл қатарынан Аяз Ата да болдым. Бірақ кейінірек бокс үйірмесіне кетіп, спортпен айналысып кеттім. Қазақта «Ақылмен арыстан ұстауға болады, күшіңмен тышқан да ұстай алмайсың» деген нақыл бар. Ақылды болу үшін адам кітап оқуы тиіс. Көркем әдебиет – пендені қателіктерден сақтандырады. Мейірімге жетелейді.

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх