Біз неге байымаймыз?!

Біз неге байымаймыз?!
24.01.2017
381
Әлеумет

Біз неге байымаймыз?!

«Қаржылық сауаттылық»
Кез келген адам ештеңеден мұқтаждық көрмей, дәулетті өмір сүруді армандайды. Әрине, бар болған, бай болғанды ешкім де жек көрмейді...

Жекелеген кейбір салаларға қарағанда мұнайшылардың жақсы жалақы алатынын жасыруға болмайды. Әйтсе де, алған айлығы шайлығына жетпейтін отбасылар мұнайшылар арасында да кездесетіні жасырын емес.
Бір сәт ойланып, қаржы тапшылығының себебіне үңілейік. Мәселе біздің балалық санамызда жатқан сияқты. Совет кезеңінде тауар тапшылығын сезініп өскен көпшілігіміз бүгінде қызылды-жасылды дүниеге еліктеп өмір сүрудеміз. Маңдай тер, табан ақымен тапқан ақшамызды кейбіріміз ретсіз жұмсап жүргеніміз өкінішті. Ақша біреуге бақ, біреуге сор. Жастарға арман, кәріге жалған. Ақшаны біреу түсінде, біреу ісінде көреді.
«Маған бай болу қайда?», «Мәссаған, менде ондай ақша қайдан болсын?» деген теріс ойлардан тұратын мидағы кісенді шешіп тастаңыз. Істің ыңғайын біліп, жөнін тапса, байымайтын адам жоқ. Хакім Абай айтпақшы, «болмасаң да ұқсап бақ». Алайда, тек ақша үшін жұмыс жасайтын адам бақытты емес. Ондай адамның өмірінде де, жүрегінде де тыныштық жоқ. Психологтар ақшаның да көзі, құлағы бар екендігін айтады. Егер, Сіз ақшаның қадіріне жете алмасаңыз, әмияныңыздан шығып кете барады. «Мың ділдә бардың қалтасында, жоқтың аузында» деген нақыл бар. Дұрыс тірлік жасап ақша табу, жақсы жерде тұру, жақсы жерде білім алу, жақсы көлік міну – ол керек. Алайда, қайта-қайта үйді жөндеуден өткізу керек пе? Үйдің ішін жиһазға толтырып, бірнеше теледидар алу ше? Қит етсе, кредит алып, бір күн өмір сүретіндей шашылып-төгіліп той жасау керек пе? Мамандардың айтуынша, қомақты қаражат ұсақ-түйекке кететін көрінеді. Ақшаның қадірін білген адам оны бостан-босқа шашпайды. Қолға келген ақшаны сауатты басқара алмай, көңіл күйдің ауанымен оңды-солды ойланбастан шашып-төгіп алып, «келген ақша қайда кетіп жатыр. Ай сайын ақша алып отырмыз. Біз осы неге байымаймыз?» – деп ашуланғанша, мәселенің байыбына барып, ақшаға, қаражатқа деген көзқарасымыз бен қарым-қатынасымызды өзгертейік. Сол кезде қаржылық проблеманың да оң шешімін табатыны кәміл.  Әлемде атақты миллионерлер пікіріне құлақ түретін болсақ, олар әрбір адам орындай алатын қарапайым кеңестер ұсынады.

1. Дүкенге барған кезде міндетті түрде азық-түлік тізімі жазылған қағазбен бару шарт.

2. Үйге келетін кірістің 10 пайызын, уақыт өте келе 20 пайызын, тіпті 50 пайызын жинауға әдетке айналдырыңыз.

3. Есіңізде болсын, мұхиттың тамшыдан құралатыны тәрізді, теңге де тиыннан құралады.

4. Ауқатты өмір сүру үшін ойлау жүйеңізді өзгертіңіз.

5. Жан-жағыңызға позитив шашып жүріңіз.

6. Үнемі өзіңізді жетілдіруді қолға алыңыз. Түкке қажеті жоқ бағдарламалар көріп, мәнсіз журналдар оқуға уақыт жұмсамаңыз.

7. Өзіңізге ұнамаған жұмыстан бас тартыңыз.

8. Жетістікке жеткен жандарға жақын жүріңіз.

9. Жақсы жаққа қарай өзгеріңіз.

10. Музыка тыңдаңыз, кітап оқыңыз, саяхатқа шығыңыз.

11. Жұмысқа құлшыныспен кірісіңіз. Ұзақ жылғы мігірсіз талпыныс, құмырсқа бейнет өз нәтижесін бермей қоймайды. Табыс ешкімге оңайлықпен келмейді.

Сарша Сүгірәлі, «Өзенмұнайгаз» АҚ қызметкері

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх