Қазақ хандығы тарихынан сыр шертеді

Қазақ хандығы тарихынан сыр шертеді
24.01.2017
451
Әлеумет

Қазақ хандығы тарихынан сыр шертеді

Жаңаөзен қаласындағы «Жалын» кинотеатрына барып, отбасымызмен Рүстем Әбдіраштың «Алмас қылыш» фильмін тамашаладық. Фильм Қазақ хандығының құрылуы хақында екен.

Күні бүгінге дейін «қазақта басқа басқа шешен де, батыр да, би де жетеді. Ақын мен палуан өз алдына. Тек осыларды сан қырынан, ұлтын сүйсіндіретін кинолар түсіретін режиссерлер керек-ау» – деп армандап жүруші едік.
Аталған фильм осы сұранысымызға жауап берген, ондыққа дәл тиген фильм болды. Фильмде Алаштың асқақ рухы атойлап тұр. Елі мен жерін қасық қаны қалғанша қорғаған қайран бабаларды көргенде, еріксіз көзімізге жас алдық. Кинодағы бабалар бойынан қазақы ұлы қасиеттер – тектілік пен ірілікті көріп тәнті болдық. Олар бізге тағы бір рет адам баласының ең қымбаты Отаны, елі мен жері, адам болып өтудің сыры да осында екендігін ұғындырып өтті.
Мұндағы Керей де, Жәнібек те, Қобыланды да, Қазтуған да...әрқайсысы бір төбе, дара тұлға. Қазақ жігіттерінің әрқайсысы «сен тұр, мен атайын» шетінен жау түсіргіш, мықты.
Фильмді тамашалап отырған жас ұрпақ ата-бабаларының ерлік пен ірілік сыналатын жерде намысты қолдан бермегенінің куәсі болды. Айбынды ата-бабаларының езіліп еңіреген, көз жасы көл болып аққан, күңіреніп күйзелген елінің еркіндігі үшін «жан пида!» деп атқа қонғанын көрді. Ен жайылып, еркін өскен ер түрік ұрпағының озбыр өктемдердің қазақ елін құл етіп бодандықта ұстауына төзе алмағанын көрді. Жонынан таспа тілсе, қыңқ етпейтін батырлық пен қайсарлықты көрді. «Тізерлеп жүріп күнелткенше, тіке жүріп өлгенді артық санайтын» қазақтық асқақ рухты көрді. 
Керемет фильмнен «әр қазақ баласы үшін Отанын сүюден артық мұрат та, мақсат та жоқ екендігін» түйсініп қайттық. Сан ғасыр бойы отарлану зардабын тартқан ел рухын көтеретін осындай фильмдер көбейе түссе, нұр үстіне нұр болар еді!

Бибігүл Бөбекбай

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх