Модулдік оқыту – жаңа мүмкіндіктерге жол ашады

Модулдік оқыту – жаңа мүмкіндіктерге жол ашады
10.02.2017
461
Қызметкерлер

Модулдік оқыту – жаңа мүмкіндіктерге жол ашады

Бүгінгі уақыт заманауи техника және технологиялардың қарыштап өркендеп жатқан кезеңі. Сондықтан уақыт ағымымен бірге даму қызметкердің білімі мен біліктілігін ұдайы ұштап отыруды талап етеді. «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ қызметкерлердің кәсіби білімі мен біліктілігін шыңдауға үнемі қолдау көрсетіп келеді.

Осы орайда «ҚазМұнайГаз»БӨ»АҚ  «PITC» оқу орталығымен бірлесіп  «Ұңғыларды күрделі жөндеу» модулдік бағдарламасын дайындаған болатын. Өткен жылдың күзінен «ӨзенМұнайСервис» ЖШС қызметкерлеріне арналған модулдік оқыту бағдарламасы басталды. 
Биылғы жылдың ақпан айында «ӨзенМұнайСервис» ЖШС атқаратын жұмыстардың сапасын арттыру және өндірістік көрсеткіштерді жақсарту мақсатында қызметкерлерге арналған модулдік оқыту бағдарламасы өз жалғасын табуда. Аталған  бағдарлама аясында «ӨзенМұнайСервис» мекемесінің цех басшылары, олардың орынбасарлары, ұңғыларды күрделі жөндеу шеберлері модулдік оқу курсынан  өтуде. 
Жалпы алғанда, 17-19 адамнан үш топқа бөлінген, «Өзенмұнайсервис» ЖШС 53 жұмыскері оқу бағдарламасы барысында білімдерін шыңдауға мүмкіндік алады.  
6 модулден тұратын бағдарламаға тоқталсақ, бұл – ұңғымаларды күрделі жөндеу және құрылысын тәмамдау, жөндеу-оқшаулау жұмыстарының заманауи технологиялары, ойғыш-жарғыш жұмыстары және ҚКЖ кезінде ұңғымаларды гидродинамикалық зерттеу, өндіру процесінде және ұңғымаларды жөндеуде пакерлерді және пакерлік тұтастыруды қолдану, ұңғымалардың өнімділігін арттыру, ҰКЖ жабдықтары үшін техникалық қызмет көрсету. Техникалық диагностика, ҰКЖ бойынша жұмыстарды жоспарлау және ұйымдастыру, техникалық қауіпсіздік және қоршаған ортаны қорғау, қызметкерлерді басқару және өндірістік әдеп тақырыптарын қамтиды. Бұдан басқа, алғашқы модулде оқып жатқан әрбір жұмыскер негізгі жұмыста өзекті мәселелер бойынша жобамен жұмыс жүргізуді бастайды. Әрбір модуль барысында қатысушылар алған білімдері және оқытушылармен жұмыстар негізінде өздерінің жобаларын дайындап, жетілдіреді және соңғы модулде жобаларын қорғайды.  
Оқу дәрістерін өткізу үшін еліміздің жоғары оқу орындарының жетекші оқытушылары, бизнес-тренерлер мен консультанттары, сондай-ақ ұңғымаларды күрделі жөндеу бойынша жұмыстарда тәжірибе алмасу үшін «Шлюмберже», «Халлибуртон» әлемдік ірі компанияларының мамандары мен сарапшылары шақыртылды. Оқу барысында қатысушылар теориялық және тәжірибелік курстан өтуде. Тәжірибелік тағылымдама барысында қатысушылар өндірістің өзекті мәселелері бойынша әртүрлі топтық жобалық тапсырмаларды орындап, міндеттерді шешеді.
Оқудың соңғы күнінде қатысушылар сынақ тапсырып, 6 ай бойы алған білімдерінің нәтижесін көрсетті. 19 шебер әр тақырып бойынша өздері презентация жасап, слайд шоу арқылы комиссия мүшелеріне таныстырды. Нәтижесінде, 1-орынды СКЖ шебері Зейін Саят, 2-орынды СКЖ бұрғышының көмекшісі Орынбасар Сейдов, ал 3-орынды СКЖ шебері Нұрғали Сапыев иеленді. Оқу қорытындысы бойынша қатысушыларға ақпанның 3-і күні «PITC» оқу орталығынан білімін тереңдеткенін растайтын арнайы сертификаттар табысталды.
Ақпан айының соңына дейін қалған екі топ қатысушылары оқу бағдарламасын тәмамдайтын болады. 
Модулдік оқыту қызметкерлердің білімі мен біліктілігін нығайтып қана қоймай, олардың жобалармен айналысу арқылы өз мүмкіндіктері мен қабілеттерін ашуға мүмкіндіктер береді. 


 

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх