Модулдік оқу жаңа бастамаға жол ашады

Модулдік оқу жаңа бастамаға жол ашады
22.02.2017
376
Қызметкерлер

Модулдік оқу жаңа бастамаға жол ашады

«ӨзенМұнайСервис» ЖШС қызметкерлері «Ұңғыларды күрделі жөндеу» модулдік бағдарламасына қатысып, білімдерін шыңдауда. Модулдік оқыту технологиясының ерекшелігі көп. Бұл адамның өзіндік дамуына, ізденуіне ықпал етеді. Кәсіби тұрғыдан өсуіне септігі зор.

Оқу қорытындысы бойынша қатысушылар сынақ тапсырып, 6 ай бойы алған білімдерінің нәтижесін көрсетеді. Бизнес-тренер Абдулахат Исмаиловтың айтуынша, «Модуль дегеніміз – белгілі бір тақырып ішіндегі бөліктердің өзара топтастырылған жүйесі». Тренер оқуға қатысқан шеберлер өздерін тек жақсы қырынан көрсеткенін айрықша атап айтты.
Бұл бағдарламаны «ҚазМұнайГаз» БӨ» АҚ  «PITC» оқу орталығымен бірлесіп дайындаған болатын. Осы оқу бағдарламасының жүзеге асуына қаржы жағынан «Ембімұнайгаз» АҚ және «Урал Ойл энд Газ» ЖШС қолдау көрсетті. 
«ӨзенМұнайСервис» ЖШС қызметкерлері үш топқа бөлініп осы бағдарламаны игеруде. Алғашқы топта оқыған 19 шебер ақпанның 3-і күні арнайы сертификаттарын алып, бағдарламаны сәтті тәмамдады. Міне, енді 18 шеберден құрылған 2-топ та оқуды жақсы аяқтады. Ақпанның 10-ы күні «Модулдік оқыту технологиясы» бойынша оқу бағдарламасын тәмамдаған шеберлерге арнайы сертификаттар табысталды. 
Бағдарламаны тәмамдаған қатысушылар берілген тапсырмаларды слайд арқылы комиссия мүшелеріне таныстырып, тиісті бағаларын алды. Комиссия мүшелері қатарында «ӨМС» ЖШС бас директордың бірінші орынбасары О.Тарғынов және ҚҚжЕТБ бастығы Е.Казикулов болды. О.Тарғыновтың айтуынша, модулдік оқыту технологиясының тиімділігі бұл – қысқаша сызбалар арқылы түсіндірілуі, шеберлердің әрбір сабақта іс-әрекетін бағалау үшін диалогтық қарым-қатынас негізінде танымдық іс-әрекетін ұйымдастыруы, барлық тақырыптар бойынша өндіріске қатысты тест, сынақ жүргізу болып өткізілгендігінде болып отыр.
Сарапқа сала келе, ең үздік ой деп 1-орын №2 цех бастығы Қуаныш Манатовқа, 2-орын СКЖ шебері Арстан Кенжалиевке, 3-орын №3 цех бастығы Қуандық Тукеновке берілді. Бағдарламаға қатысқан «ӨзенМұнайСервис» ЖШС шеберлері өздерінің ризашылықтарын айта келе, болашақта осындай оқу курстары жиі болып тұрса екен деген тілектерін білдірді.

Қуаныш Манатов, №2 цех бастығы:

– Оқу бағдарламасына қатысып көп нәрсе үйрендім. Алдымен бізге сабақ берген мұғалімге рахметімді айтамын. Өте сауатты. Барынша жақсы білім беруге тырысты. Енді осы алған білімді алдағы уақыттарда  өндіріске қолданамыз деп нық сеніммен айта аламын. Осымен шектеліп қалмай, болашақта шетелмен тәжірибе алмассақ нұр үстіне нұр болар еді. Негізі әрбір жұмыстың ең басында білім тұрады демекші, бізге осындай білім алуға мүмкіндік берген «ҚазМұнайГаз» БӨ» АҚ мен «ӨзенМұнайСервис» ЖШС басшылығына рахмет айтамыз.

Арстан Кенжалиев, СКЖ цех шебері:

– Мен осы модулдік оқуды 6 ай бойы оқыдым. Алған әсерім керемет. Барлығына рахмет айтамыз, соңғы модулдегі қорытынды бойынша біздің шеберлер үй тапсырмаларын өте жақсы деңгейде орындап шықты, ең бастысы ізденіс талпыныс бар. Бұл орайда, осы оқуды ұйымдастырған басшыларға алғыс білдіреміз. Осындай алған біліміміздің арқасында мекеменің гүлденіп, өркендеуіне үлкен үлесімізді косамыз.

Қуандық Тукенов, №3 цех бастығы:

– Мен осы оқу барысында, өндіріске қатысты біраз тәжірибе жинадым, оқу өте қарқынды түрде өтті. 6 ай бойы, түрлі тақырыптарды тереңінен үйрендік, әр тақырып бойынша түрлі слайдшоумен әр сабақ сайын білімімізді кеңейтіп отырдық.

Даулет Нокеров, «ӨзенМұнайСервис» ЖШС Кадр бөлімінің жетекші маманы

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх