Нарықтағы жағдайға қарамастан әлеуметтік қолдау әлсіреген емес

Нарықтағы жағдайға қарамастан әлеуметтік қолдау әлсіреген емес
22.02.2017
523
Қызметкерлер

Нарықтағы жағдайға қарамастан әлеуметтік қолдау әлсіреген емес

Байрамтаған Нұрбаев, «Өзенмұнайгаз» АҚ, №1 МГӨБ, №1 ҚҚСЦ, 3 «а» ШСС 5-дәрежелі ҚҚС операторы:

– Мен мұнай саласында 1983 жылдан бері табан аудармастан Қабат қысымын сақтау цехына қарасты Шоғырланған сораптар станциясында еңбек етіп келемін. Мұнда әрбір адам сөзімен емес, еңбегімен бағалы. «Ас – адамның арқауы» демекші, соңғы кезде асханадағы тамақ сапасының жақсаруы бізді қуантады. Мұнайшының дені сау, еңбекке құштарлығы артуы үшін дұрыс тамақтануы қажет. Асхананың құнарлы тамағына көңіліміз толады. Дұрыс тамақтанудың – денсаулық кепілі екендігі дәлелдеуді қажет етпейтін ақиқат.
Осыдан 30 жыл бұрынғы мұнайшылардың әлеуметтік жағдайын қазіргі жағдаймен салыстыруға мүлдем келмейді. Кейбір әріптестерімнің көңіл толмаушылығын естіп қалып жататынымыз да бар. «Көш жүре түзеледі» деген қазақта әдемі сөз бар. Біз әрқайсымыз өз міндетімізді адал атқарып, аянбай еңбек етуді үйренуіміз керек. Еңбек адамды құрыштай шыңдап, есейтеді. Адам әрқашанда еңбегімен абыройлы. 

Жанар Аманиязова, «Өзенмұнайгаз» АҚ, № 3 МГӨБ, № 1 МГӨЦ, 3 ТҚ мұнай-газ өндіру операторы:

– Мен мұнай-газ өндіру операторы болып 1999 жылдан бері еңбек етіп келемін.Әр адам төңірегіне өзі тұрған төбеден қарап, баға береді емес пе?! Бүгінде осыдан бірнеше жыл бұрын өзекті проблемаға айналған арнайы киім, жұмыскерлерге қажет құрал-жабдықтар тапшылығы, асханадағы тамақ мәзірінің сын көтермейтіндігі туралы мәселелер бірте-бірте күн тәртібінен түсе бастады.
Цех бастығы Бақберген Ұзақбаев, шеберлеріміз Қанат Хайтбаев, Жеткер Жабаевтар біздің жағдайымызды үнемі бақылауда ұстап отыр. Ұжымда еңбек тәртібі мен техника қауіпсіздігі де бір жүйеге түсірілген. Бізге 7 күндік жұмыс кестесі енгізілген болатын. Отбасында 4 бала тәрбиелеп отырған ана ретінде бұл әдістің өте тиімді екендігін баса айтқым келіп отыр.
Мұнай саласында қарапайым оператор болып жұмыс жасаған 18 жыл ішінде барлық игілік еңбекпен келетінін,бәрін маңдай тер төгіп, ақыл, күш-қайрат жұмсап табу қажет екендігін мықтап ойға түйдім. Қасымдағы әріптестерім Айбатыр Шуақбаев, Айтқали Тұржанов, Досан Оңалбеков, Есен Төлеевтердің де еңбектерінің зор екендігін айтқым келеді. Осындай өз ісінің майталмандарымен бірге жұмыс жасасаң жаның жадырап қалады. Түсінген адамға дүниенің рахаты – еңбек ете білуде!
Компаниямызда шипажайларға және балалар лагерлеріне арналған жолдамалар мәселесі де оң жолға қойылған. «Ақбөбекке» барған ұлым Дүйсенбай мен Алматы қаласына барып келген Балнұр атты балапаным алған әсерлерін әлі айтып тауыса алмай жүр...
«Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні» сүйікті компаниямызда еңбек ете жүріп, бақуатты өмір қызығын көріп жүрген жайымыз бар. Игіліктер лайым ұзағынан болғай!

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх